Тәркіленген маскалар медициналық ұйымдарға берілді
Тәркіленген маскалар медициналық ұйымдарға берілді
252
оқылды
Алматыда медициналық бетперделер мен антисептикалық құралдардың алаяқтық жолмен саудаға түсуін, сондай-ақ сату кезінде бағаны негізсіз көтеру фактілерін анықтау үшін рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Нәтижесінде Алматыда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы үшін тиісті құжаты жоқ азаматтар медициналық бетперделерді үстеме бағамен сатқан кезде қолға түсті. Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның хаттамасы негізінде тәркіленген медициналық бетперделердің барлығы дереу қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасына берілді. Тәркіленген 3 миллион медициналық маска санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтілген режимде жүзеге асырып жатқан қаладағы барлық медициналық ұйымдарға бөлініп беріледі. 2 миллионнан астам медициналық бетперделер қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының медициналық қызметкерлеріне берілді. Бүгінде олар провизорлық стационарлар мен изоляторларда, сондай-ақ үй стационарындағы адамдарға медициналық бақылау жүргізуде. Қалған жеке қорғану құралдары эпидемиологтарға, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, Ішкі істер, ТЖ, Ұлттық гвардия және тағы басқа департаменттердің қызметкерлеріне үлестірілді. Бетперделер Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлімінің қызметкерлеріне де таратылды. Өйткені олар тәулік бойы 1308 нөмірі бойынша тұрғындарға барлық мәселелер жөнінде, соның ішінде коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы әрекет бойынша кеңес беруде. Рейдтік іс-шаралар кезінде 16 тонна спирт те тәркіленді. Стерильдеу кезінде дезинфекциялау құралы ретінде пайдалануға жарамды бұл спирт медициналық ұйымдарға бөлінді.

Гүлнар ТӘЖІ