Алматыға кірмекші болған 4 азамат қамауға алынды
Алматыға кірмекші болған 4 азамат қамауға алынды
© Сурет интернеттен алынды
302
оқылды
Алматының карантинге жабылып, айналасынан енетін үлкенді-кішілі жолдардың барлығына тосқауыл-бекеттер орналасқанына да бірнеше күн болды. Азаматтардың қаладан шығуы мен енуіне берілген 72 сағаттық  уақыттан кейін де қалаға  түрлі жолдарды пайдаланып, тосқауыл-бекеттерді айналып өтуге тырысушылар қатары азаймай отыр. Күні кеше осындай төрт азамат ұсталып, бес тәулікке қамауға алыныпты. Қарасай аудандық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Асхат Даниярдың хабарлауынша,  1986 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны елімізде жрияланған  төтенше жағдай талаптарын бұза отырып, карантинге жабылған Алматы қаласының аумағына Ақсай өзенінің арнасы  арқылы жасырын өтуге тырысқан. Жасы елуден асқан  Алматы облысының тұрғыны да тура осындай  әдіспен карантин жарияланған аумаққа енуге әрекеттенген.  Алматы облысының тұрғыны Іле ауданынан Алматыға енетін жолдағы №22 тосқауыл-бекеті айналып өтпек болғанда  ұсталды.  Төртінші құқық бұзушы Қырғызстан елінің азаматшасы болып шықты. Көрші елден келген жанның  ешқандай құжатары жоқ екен. Қазіргі кезде ұсталғандар ішіндегі қазақстандық  азаматтарға қатысты  ҚР Әкімшіліқ құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 476-бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алыныпты. Ал, Қырғыз Республикасының азаматшасы оған байланысты барлық мән-жай анықталғанша, қабылдау-тарату мекемесіне орналастырылған.

Болат Абаған