Демалыс кезінде мұғалімдерді мектепке шақырған директорлар жазаланды
Демалыс кезінде мұғалімдерді мектепке шақырған директорлар жазаланды
318
оқылды
Президенттің Жарлығымен елде жарияланған төтенше жағдай кезінде және көктемгі демалыс уақытында мұғалімдерді мектепке жұмысқа шақырған директорлар жауапқа тартылды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, төтенше жағдай жарияланғандықтан, демалыс кезінде мұғалімдерге де мектепке келуге тыйым салынған.  
«COVID-19 инфекциясының таралуын алдын алу шараларын күшейту мақсатында қабылданған Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, 16 наурыздан бастап еліміздегі барлық педагогтер көктемгі демалыс уақытында қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Алайда, кейбір мектеп басшылары мұғалімдерді жұмысқа шығуға міндеттеген. Бұйрықты бұзу фактілері негізінен Түркістан және Алматы облыстарында анықталды. Ұстаздарды жұмысқа шақыртқан мектеп басшыларына тәртіптік жаза қолданылды» делінген министрліктің хабарламасында.
Министрлік атап өткендей, көктемгі каникул кезінде мұғалімдер әдістемелік және алдағы оқу процесіне дайындықты қашықтан атқара алады. Бұл ретте, олардың жалақысы толық көлемде сақталады. «Яғни үйден жұмыс істеу ұстаздардың айлығына әсер етпейді» деп хабарлады министрлік.