Нұр-Сұлтанда такси жүргізушісі коронавируспен ауырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылды
Нұр-Сұлтанда такси жүргізушісі коронавируспен ауырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылды
Фото: Бауыржан Жуасбаев
210
оқылды
Кеше түнде Нұр-Сұлтанның екі тұрғыны Талапкер ауылының маңында орналасқан блокпост арқылы өтуге тырысқан. Олар Мальдив аралдарында (1б санатқа жатады) демалып келген, – деп хабарлайды astana.gov.kz. Нұр-Сұлтанға Қостанай облысы арқылы таксимен келген. Такси жүргізушісі елордаға жетпей екі азаматты өткізу-бақылау бекетінің қасынан тастап кеткен. Өткізу-бақылау бекетінде медицина және полиция қызметкерлері азаматтардың денсаулығын тексеріп, барлық қажетті шараларды қабылдады. Олар жедел түрде стационарға жеткізіліп, коронавирус инфекциясына сараптамадан өтті. Ал такси жүргізушісі Петропавлда ұсталды. Ол да стационарға жіберілді. Елорда әкімдігі тәртіпбұзғандар қатаң түрде жазаланатынын еске салады. Қала аумағында блокпосттар орнатылды. 22 наурыз сағат 24:00-ден бастап астанаға кіруге де, шығуға да тыйым салынды. Осы аралықта қалаға келіп-кету тәртібін бұзудың 46 фактісі тіркелді. 29 тәртіп бұзған адам 15 тәулікке қамауға алынды. Кей адамдарға айыппұл салынса, қалғаны тергеудің аяқталуын, кейбірі сот шешімін күтіп отыр.