Алматыдағы жаңа режимнің жөні қалай?
Алматыдағы жаңа режимнің жөні қалай?
Фото: Интернеттен алынды
193
оқылды
Бүгіннен бастап Алматыда жаңа режим енгізілді. Қаладағы негізгі сауда және қызмет көрсету нысандары жұмысы тоқтатылды. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық жедел штабтың өкілдері қосымша шектеу шараларын қарастырып жатыр. Қоғамдық көлік жұмысының мониторингі мен талдауы жолаушылар ағынының 70%-ға төмендегенін көрсетті. Осыған байланысты төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Алматының жедел штабы қалалық автобус маршруттары мен метроның жұмыс уақытын қысқарту туралы шешім қабылдаған. Бүгіннен бастап қаладағы қоғамдық көлік сағат 06:00 мен 19:00 арасында жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, штабтың шешімімен негізгі сауда нысандары мен қызмет көрсету нысандарының жұмысы тоқтатылды. Бұл шешім тек дәріханалар мен медициналық ұйымдардың, азық-түлік дүкендері, жанар-жағармай стансаларының жұмысына шектеу қоймайды. «Коронавирусқа қатысты жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қауіптірек болды. Қауіпті жете түсінбеу – жауапсыздық және қылмыспен пара-пар. Өкініштісі сол, карантинге немқұрайды қарап, шектеу шараларын сақтамай, халықтың өмірін қауіп-қатерге тіккен жандар азаймай тұр. Жұмысын жалғастырып жатқан спорт залдары мен мейрамханалар, санитарлық нормаларды сақтамаған азық-түлік дүкендері анықталды. Мамандардың сөзіне құлақ аспай, көшеде қыдырып жүрген тұрғындар да бар. Тәртіпке бағынбағандар үшін қатаң шара қолданылады», – деді Алматы қаласы әкімі  Бақытжан Сағынтаев Instagram желісіндегі парақшасында.