Алматылық дәрігерлер коронавирус жұқтырған азаматты қалай емдегенін айтып берді
Алматылық дәрігерлер коронавирус жұқтырған азаматты қалай емдегенін айтып берді
© tengrinews.kz
5,239
оқылды
Алматылық дәрігерлер коронавирус жұқтырған әйелді қалай емдегенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 26 наурызда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан коронавирустан айыққан әйел шығарылды. Ол Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың алғашқыларының бірі болды.
Дәрігерлердің айтуынша, әйел вирусты Еуропа елдерінде жүргенде жұқтырған.
"Ол 14 күн бұрын карантинге жатқызылды. Коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған шығар. Сараптама қорытындысы COVID-19 барын анықтады. Ол вирусқа қарсы емнің барлығын толықтай алды. Вирустың ешқандай белгілері мазалаған жоқ. Ем барысында вирус асқынған жоқ. Соңғы екі сараптама коронавирустың жоқ екенін көрсетті. Хаттама бойынша біз науқастарды сараптама нәтижесі теріс болса да кем дегенде 14 күн емдеуіміз қажет", - деді жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Отағанов. Еске салайық, мұның алдында Қазақстанда екі адамның коронавирустан жазылғаны хабарланған болатын. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 109 адамға жетті. "Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 61 адам, Алматы қаласында – 40 адам, Қарағанды қаласында - 2, Шымкент қаласында - 2 адам, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Жамбыл облысында -1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам жалпы 109 науқас тіркелді.