ЖСДП Төрағасы Асхат Рахимжанов және ҚР Құрылтайы депутаттығына үміткерлер Зеренді ауылындағы Орталық аудандық аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кездесу барысында ЖСДП өкілдері денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Медицина қызметкерлері өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті қызмет барысында кездесетін өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарда талыға салынды.
Сонымен қатар дәл сол күні ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Шығыс Қазақстан облысында «КеденТрансСервис» АҚ қызметкерлерімен кездесіп, партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесу барысында еңбек ұжымын толғандырған әлеуметтік-экономикалық мәселелер талқыланып, кандидаттар тұрғындарды алаңдатқан сауалдарға жауап берді.
Жиынды ЖСДП-дан депутаттыққа кандидат Виктор Калгин ашып, кәсіпорын қызметкерлеріне адал еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Ал партияның ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған сайлауалды тұғырнамасының негізгі басымдықтарын депутаттыққа кандидат Рүстем Сарманов баяндап берді.
Оның айтуынша, ауылды дамыту – елдің ұлттық әрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі.
«Барлығымыздың түп-тамырымыз ауылмен байланысты. Өзіміз болмасақ та ата-анамыз, ата-әжеміз ауылдан шыққан. Сондықтан ЖСДП ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше мән береді. Қуатты ауыл болмаса, қуатты Қазақстан да болмайды», – деді Рүстем Сарманов.
Кездесу барысында қатысушылар ауылдық жерлерде халықтың тұрақтап қалуын қамтамасыз ету жолдары туралы саналуан сауал қойды. Кандидаттардың пікірінше, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы мен жеңілдетілген бағадағы тұрғын үй жобалары жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар жүзеге асырылуы керек. Сонда ғана жоба кешенді түрде тиімді болады.
«Егер жұмыс болмаса, адамдарды ауылда ұстап қалу қиын. Біз әрбір ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын ашуды ұсынамыз. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты табыспен қамтамасыз етіп, өңір мен республиканың бюджетіне қосымша кіріс әкеледі», – деді Виктор Калгин.
Зейнетақы жүйесі мен медициналық қызмет мәселелері көтерілді Кездесуде әлеуметтік саясат мәселелеріне де ерекше назар аударылды. ЖСДП өкілдері қазіргі зейнетақы жүйесі түбегейлі реформаны қажет ететінін атап өтті. Партия ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын төмендетуді қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ инфляция деңгейінен төмен табыс әкелетін жинақтаушы жүйені жетілдіру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар қызметкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты өз пікірлерін білдірді. Олардың айтуынша, ай сайынғы аударымдарға қарамастан, бейінді мамандардың қабылдауына жазылу ұзақ уақыт күту, жағдайды қиындатып отыр. Соның салдарынан көптеген азаматтар ақылы медициналық қызметке жүгінуге мәжбүр.
ЖСДП өкілдері сақтандыру жарналары азаматтарға медициналық көмекті уақытылы әрі қолжетімді алуға нақты мүмкіндік беруі тиіс екенін айтты.
