Қарағандыдағы коронавирус жұқтырған екі адам Франциядан ұшып келген
Қарағандыдағы коронавирус жұқтырған екі адам Франциядан ұшып келген
© inform.kz
174
оқылды
Қарағандыда коронавирустық инфекция (COVID-19) тағы екі адамда расталды. Олар Франциядан «Минск-Нұрсұлтан» рейсімен 18 наурызда ұшып келген. Екі әйел қонғаннан кейін бірден карантинге жатқызылған. «Пациенттерде вирустың болуы зертханалық талдаулар арқылы расталды. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев онлайн-брифинг барысында. Рейстің қалған жолаушыларынан 26 наурызда коронавирус белгілері табылмады. Медициналық персонал санитарлық қауіпсіздіктің барлық шараларын және қажетті хаттамаларды сақтауда. Бүгінгі күні карантинде 314 адам тәулік бойы бақылауда. Бұл 1А санатындағы елдерден оралған немесе шартты түрде жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар. Тағы 152 адам үй жағдайында карантиннен өтуде. Бұған дейін Қарағандыда коронавирустық инфекция жұқтырған екі адам анықталған болатын. Бүгінгі күні олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Еске сала кетейік, бұған дейін бір адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 112-ке жетті.