Үшемнің анасы үйден шыға алмай отыр
Үшемнің анасы үйден шыға алмай отыр
© Сурет ғаламтордан
296
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласы  Байқоңыр ауданында  тұратын үшемнің тағдыры туралы бірнеше рет мәселе көтердік. Осы жолы оларды блок пост жайы қинап тұр. Өйткені қалада жұмыс тоқтаған соң әкелері Софиевка ауылына мал бағуға кеткен. Ал үйде қалған көпбалалы ана үшемнің ішер асын алып келуге сыртқа шыға алмай жүр. Отағасы Зайыржан Батай нәпақа табу қамымен жүргенде елордада блок пост жабылып қалады. Қанша тырысқанымен блок постан өте алмайды. Заң бәріне ортақ. Дегенмен үйде қалған Мерей Жайсаңқызы шарасыз күйде отыр. Сыртқа шығып, екі көше жоғары орналасқан дәріханаға барып, үшемге тамақ әкелу мүмкін болмай тұр. Үйде 4 айлық сәбилерді қарап қалар ешкім жоқ. Осыдан бірнеше ай бұрын 2 жасар қызын ауылға жібергеніне іштей қуанады. Әйтпегенде жалғыз өзі 4 баланың бабын қалай таппақ? «Әкімдіктің тамақ үлестіріп, көмек қолын созып жатқанын естіп, қоңырау шалдым.  Үшемге Pampers пен тамақ әкелуін өтіндім. Олар тек өзіме керекті ішіп-жем әкеліп берді. Маған емес, балаларыма жейтін ас керек. Үшем болғасын денсаулығына қатты алаңдаймын. Онсыз да ауруханаға жиі барамыз. Кранның суы жақпайтыны тағы бар. Іштері өтіп, өздерін жайсыз сезінеді. Қайта әкелері кетерінде 10 бөтелке су әкелген. Соның екеуі қалды. Олар бітсе не істерімді білмеймін. Бәрінен бұрын Pampers пен тамақ әкеліп, жәрдемдесетін біреу табылса ғой. Не болмаса үшемді қарайтын біреу болса, өзім-ақ барып келер едім» дейді көпбалалы ана. Иә, шарасыз ананың #Бізбіргеміз дейтін халқынан сұрары осы. Зайыржан Батайдың елордада тұратын достары да көмек қолын созуға тырысқан. Алайда қала ішінде жүруге тыйым салған соң, олар да не істерін білмей жүр. Мерей Жайсаңқызы елорда әкімдігінен үшемге Pampers пен тамақ жеткізіп беруін сұрайды. Айбике Жанасыл