Кәсіпкерлердің 58%-ы келісімшартты бұзып, 19%-ы қызметкерлерін қысқартқан
Кәсіпкерлердің 58%-ы келісімшартты бұзып, 19%-ы қызметкерлерін қысқартқан
© Қанат Махамбет
5,194
оқылды
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған жедел штаб кеңсесінен әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасаған палатаның құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Шыңғыс Темір төтенше жағдай кезінде палата кәсіпкерлердің мәселесін қалай шешетінін жариялады, - деп хабарлады inbusiness.kz. «Осыдан екі аптадан астам уақыт бұрын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында құрылған жедел штабқа күні бүгінге дейін бизнес субъектілерінен 11 мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірқатарына  atameken.kz сайты арқылы нақты жауап берілді», – деді ол. Шыңғыс Темірдің түсіндіруінше, кәсіпкерлер палатаның ресми ресурсы немесе Call-орталықтың 1432 қысқа нөмірі арқылы сарапшыларға сұрақ жолдай алады. «Бізге келген сұрақтардың басым бөлігі төтенше жағдай кезінде бизнес нысандарды жалға беру мен жалға алуға қатысты болды. Осы мәселе бойынша хабарласқандардың 86%-ын – микро, 12%-ын – орта, 2%-ын – ірі бизнес өкілдері құрады. Жалпы алғанда бұлардың 62%-ы – қызмет көрсету, 22%-ы – сауда, 15%-ы – өндіріс саласында жұмыс істейіні белгілі болды. Жедел штабқа хабарласқан кәсіпкерлердің 58%-ы шектеу шараларының енгізілуіне байланысты келісімде көрсетілген міндеттемелерін бұзуға мәжбүр болғандарын баяндады.  54%-ы қызметкерлерін мерзімсіз демалысқа жібергендерін немесе жұмыс  кестесіне өзгеріс енгізгендерін айтты. 19%-ы жұмысшыларын қысқартқанын мәлімеді», – деді департамент директоры. Оның сөзінше, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төтенше жағдай кезінде бизнес нысандарды жалға беру мен жалға алу мәселесін шешу үшін арнайы жұмыс тобын құрған. Жұмыс тобы мәселені медиация арқылы шешуді ұсынған. «Өздеріңіз білетіндей, жалға мемлекеттің меншігіндегі, квазимемлекеттік сектордың басқаруындағы және жекеменшіктің иелігіндегі коммерциялық нысандар беріледі. Мемлекеттің меншігіндегі нысандарды жалға беру мен алу үдерісінде мәселе оң шешілді. Себебі мемлекеттік комиссияның отырысында Президент әкімдіктерге 20 наурыздан бастап ШОБ-қа мемлекет меншігіндегі нысандарды 3 ай ақысыз беруді, яғни кәсіпкерлерді жалға алу ақысын төлеуден босатуды тапсырды. Бұл жеңілдікке ие болу үшін мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің www.gosreestr.kz сайты арқылы электронды қолтаңбамен осыған дейінгі жалға алу шартына өзгеріс енгізу үшін қосымша келісімшартқа отыру қажет. Қосымша келісімшарт кәсіпкерге жалдау ақысын 3 ай төлемеу құқығын береді», – деді Шыңғыс Темір. Департамент директорының мәлімдеуінше, жекеменшіктің иелігіндегі нысандарды жалға беру мен алу мәселесі күрделі. «Жалға берушінің коммуналдық шаруашылық қызметінің, бюджеттің, банктің және жұмысшыларының алдында нақты міндеттемесі бар. Ал жалға алушының кәсібі төтенше жағдайға байланысты шектеліп, тоқтап тұр. Табыс жоқ, бірақ жалға алу ақысын төлеу керек. Мәселені шешу үшін кәсіпкерлерге өңірлік кәсіпкерлер палатасына немесе Call-орталықтың 1432 қысқа нөміріне хабарласуы керек. Осыдан соң палата жалға берушілер мен жалға алушыларды бір алаңға жинап, мәселені келісімге келу арқылы шешуге ықпал етеді. Төтенше жағдайға байланысты жалға берушілер де үкіметтің бірқатар жеңілдігіне ие болып отыр. Медиация кезінде осы жайт назарға алынады. Дәл қазір жалға беру мен жалға алудан туындайтын мәселенің алдын алудың барлық механизмі бар. Президенттің тапсырмасы бойынша бұл іске әкімдіктер де қосылады»,– деді Шыңғыс Темір. Оның пікірінше, жалға беруші шығынға ұшырайтын жағдайда жұмыс істеуге тиісті емес. Жалға алушы да жапа шекпеуі керек. «Барлық бизнес субъктісіне тең мүмкіндік беріліп, бірдей жағдай жасалады. Біз жалға берушілерден бизнеске көмек беруді сұраймыз.  Егер жалға берушілерге банк тарапынан мәселе туындап жатса, біз банкке бірге барып, мәселені шешуге тырысамыз. Егер салық органымен мәселе туындаса, мамандарымыз көмек көрсетуге әзір. Ең төменгі еңбекақыны рәсімдеуге атсалысуға да дайынбыз!» – деп қорытты сөзін департамент директоры.