Пандемия азық көлемін азайта ма?
Пандемия азық көлемін азайта ма?
331
оқылды
Коронавирус жаппай та­ра­лып, әлемдік пандемияға ай­налғанда, көптеген мем­ле­кет сыртқа азық-түлік са­ту­ды шектей бастады. Қа­зақстан Үкіметі де ұн, сәбіз, қант, қарақұмық, пияз, кар­топ секілді өнімдерді экс­порттауға тыйым салды. Қазақта «Жұт жеті ағайынды, айыр ағашпен сегіз, жаман күйеу­мен тоғыз» дейтін сөз бар. Атала­ры­мыздың айыр ағашты не се­беп­ті жұтқа теңегенін ел ішіндегі кө­зіқарақты оқырман білмесе, менің хабарым жоқ. Ал жаман күйеу­дің то­ғы­­зыншы болып тір­келуі қашан да сыншыл – қайын­жұрт шығар­ған қалжың сөз болса керек. Бірақ әлемді жайпап келе жат­қан коронавирус індетіне қалжың жүр­месі белгілі. Әуелгіде ресми тараған ақпа­рат­қа сенбей, әлеуметтік желідегі алыпқашпа хабарға иек сүйеге­ні­міз­бен, вирус ішке кірді дегенді ес­тігенде шын ойланып, қам қылу­ға көштік. Алғашқы қадам жап­пай азық-түлік сатып алудан бас­талды. Осылайша, наурыз айын­да жыл иесі – тышқанның әрекетін қайталап, қа­лай­ша үйге тамақ тасып кеткенімізді білмей де қалғандаймыз. «Іздегенге сұраған» дегендей, азық бағасы да аспандап шыға келді. Себебі Қазақстанда коро­на­ви­руссыз да көктем сайын кө­көніс құны көтерілетін әдет бар. Биыл да күткенімізден жаңыл­дыр­ған жоқ. Статистика коми­те­ті­нің дерегінше, 17 наурыз бен 24 наурыз аралығында азық-түлік алдыңғы аптаға қарағанда 1,7% өскен. Мысалы, қарақұмық жар­масының құны – 2,9% көтерілсе, сиыр еті – 1,3%, картоп – 13%, сәбіз – 4,1%, макарон – 1,1% қым­­баттаған. Яғни, наурыз айы­ның алғашқы үш аптасының өзін­де тамаққа инфляция 2,4% құ­­­рады. Кейбір экономистер осы жағ­­­дайға қарап елдегі жалпы инфляция деңгейі 7%-дан асуы мүм­кін деген болжам жасап үл­герді. Бұл болжам де негізсіз емес. Өйткені жоғарыда тізіп шыққан өнім түрлері халық күнделікті тұ­тынатын, ресми тіл­мен айтқанда әлеуметтік маңы­зы бар азық-тү­лік­тер. Қазақ тағамтану академиясы бе­кіткен норма бойынша бір адам жы­лына 120 келі көкөніс жеуі қа­жет. Яғни, 18 млн тұрғынды то­лық қамтамасыз ету үшін елде 2,16 млн тонна көкөніс өндірілуі тиіс. Бұл көрсеткіш бізде бар ма? Ста­тистика дерегіне сүйенсек, ел­де көкөніспен қамтамасыз ету көлемі  120-130% деңгейінде. Біз­дегі негізгі проблема маусым­дық тұтынуды қамтамасыз ете алмау. Әсіресе, қыстың ортасынан жаз­дың басына дейінгі кезеңде қияр мен қызанақтың, тәтті бұрыш пен баклажанның бағасы ұшып тұ­рады. Жылыжайлар мен қой­ма­лар­да сақталған өнім азайған соң бағасы көтеріледі. Амалсыз шет­елдің сапасы төмен өнімін жеуге тура келеді. Десе де, жоғарыда аталған азықтың кейбірінің құны кө­терілуіне коронавирустың дақ­пырты қатты әсер етіп жатқаны да рас. «Шекара жабылады, сырт­тан тамақ келмейді, дүкенде барын алып қалыңдар» деген қауесеттен кейін жұрт жанталаса супермаркеттер мен базарлар­дағы өнімді сатып алды. Сұра­ныс, сөз жоқ, бағаны өсірді. Тіпті, күн сайын кешкісін азық-түлік ке­зегіне тұрғандар сөредегі баға­ның біртіндеп өсіп жатқанын да байқамады. Пандемия үрейінен соң ба­ғасы бірнеше есе шарықтаған өнімнің бірі – зімбір. Нұр-Сұл­тан қаласында, Көкшетауда, Ақтау мен Өскеменде және т.б. өңірлерде аталған көкөніс келісі 5 мыңнан 10 мыңға дейін жетіп жатқанын естіп жатырмыз. Зім­бірдің ағзаға пайдасы көп, емдік қасиеті мол екені бұрыннан белгілі. Әйтсе де, біреулер әлеу­меттік желіде оның корона­вирусқа қарсы иммунитетті күшейтетінін жазып, видео ро­ликтер көрсете бастасымен ба­ғасы шығандап кетті. Одан бө­лек, лимон мен сарымсақ бағасы күрт өсті. Иә, зімбір мен лимон – біздің жерде өспейтін, сырттан келетін өнім. Сондықтан оның бағасына бақылау жоқ. Оның үстіне күн сайын зімбір жеп жатпағанымыз да рас. Бізге керегі жоғарыда айтылған әлеуметтік маңызы бар азықтың құны. Жақында Ақор­дада төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның ­оты­рысын өткізген Президент Қ.То­қаев күнделікті ішіп-жемге қажетті өнімнің бағасын қада­ғалауды тапсырып, қызметіне салғырт қараған министр пен әкімдер жұмыстан босатылады деген болатын. «Басқаша тәртіп­пен жұмыс істейтін уақыт келді. Қазіргі қиын сәтті түсінбейтіндер және «ештеңе бүлдіріп алмайын» деп жеке басының қамын ойлап, ескі әдіспен әрекет етуге тыры­сатындар қызметінен босаты­лады», деп ескертті Президент.    width=

ЭКСПОРТТЫ ШЕКТЕУ МӘСЕЛЕНІ ТОЛЫҚ ШЕШЕ МЕ?

Қазақстан Үкіметі 22 наурыз­дан бастап кейбір азық-түлік өнімдерінің сыртқа сатылуына шектеу қойды. Алайда астық, ұн экспорты бойынша тыйымды ұзақ ұстау да қиын. Қазақстан – Орталық Азиядағы бауырлас ел­дерге ұн жеткізуде үлкен ма­ңызға ие мемлекет. Әрине, оң­түстігіміздегі көршілес респуб­ликалардың ішкі нарығын Қа­зақстан жалғыз қамтып отырған жоқ, Ресейден де көп сатып ала­ды. Дегенмен оларға транзит арқылы «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап тасыған» тиімді. Оның үстіне бізден астық өндірісі бойынша алда тұрған Ресей мен Украина да астық экс­портына шектеу қоюды қа­рас­тыра бастады. Бұл шешімдер астық импорттаушыларды алаң­датып отыр. Сол себепті экс­портты ұзақ шектеу біздің негізгі импорттаушы көрші елдер эко­номикасына соққы болады. Себебі ол елдердегі бізден бидай сатып алып, өзінде ұн өндіріп отырған немесе ұнын алып, түрлі нан өнімін дайындайтын зауыт­тарда жұмыс тоқтап қалуы мүм­кін. Бір сөзбен айтқанда, корона­вирустан кейін де өмір бар. Қа­зақстан мүддесі тұрғысынан қарасақ, тұрақты тұтынушының үдесінен шыға білу – нарықтың негізгі қағидасы.  

ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы әлемдік нарықта бағаның өсуіне негіз жоқ деп мәлімдеді. Ұйымның бас экономисі Maximo Torero «Алда­ғы уақытта азық-түлік тапшы­лығы байқалмайды. Бидай өн­дірісі бірқалыпты, әлемдік на­рыққа жеткізілуі тиіс қор көлемі жеткілікті», – деді 25 наурызда LeTemps басылымына берге сұхбатында. Әйтсе де, ол импорт­таушы елдердің заңсыз қор жи­нау жанталасы мен астық экс­портында көлеңкелі бизнес орын алса тәуекелдің туындай­тынын жасырмаған. Өйткені азық-түлік тапшылығы болады деген дүрлігу кейбір импорт­таушы елдердің әрекетінен де байқалуда. Мысалы, Қытай бір жылға жететін қоры бола тұра, АҚШ-тан ұн сатып алуды кү­шейткен. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, халық саны жөні­нен екі үлкен мемлекет Түркия (82 млн) мен Алжир (40 млн) де нан өнімдерін көбірек импорттай бастаған. Ал Марокко мемлекеті импортты және қор жинау про­цесін жеңілдету мақсатында бидайға салынатын кедендік салықты алып тастады. Дегенмен әзірге астық да­қылдарын экспорттайтын елдер­де өнім көлемі жөнінен қауіп жоқ. Тек нарыққа жеткізу ісінде қиыншылық тууы мүмкін. Се­бебі коронавирус пандемиясы кезінде қауіпсіздік үшін теңіз порттары, транзитті теміржол бе­кеттерінде тосқауылдар қо­йылуда. Егер азықтың көп бө­лігін импорттайтын мемлекеттер арасында өнімді әділ, заңды түрде бөлісу жөнінен келісім болмаса нағыз дағдарыстың көкесі сол болмақ.  

АЗЫҚ БАҒАСЫН ҰСТАП ТҰРА АЛАМЫЗ БА?

Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Үкімет түрлі шаралар қа­былдап, бағаға бұғалық салатын бірнеше сценарий жазылғанын айтып жатыр. Ресми ақпаратқа сенсек, төтенше жағдай өткен соң да халықты ет өнімдері және көкөніспен қамтуға қаражат бар. Жалпы, Қазақстан Үкіметі дағ­дарыспен күресу үшін 4 триллион теңгеден астам қаражат жұмсай­тыны мәлім болды. Оның 1 трлн 825 млрд теңгесі Ұлттық қордағы қаражаттан кепілдендірілген трансфер негізінде алынады. Яғни, Үкімет резервтегі ақшаның 14,7 млрд теңгесіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алады. Егер елдегі төтенше жағдай 15 сәуірден кейін де созылатын болса және өзге де қалалар карантинге жабылса, Үкіметтің шаралар жоспары да өзгеруі әбден мүмкін. Премьер-Министр Асқар Ма­мин төтенше жағдай уақы­тында барлық әкімге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қадағалап, тұрақтандыру қорла­рының жұмысын реттеуді тап­сырды. Барлық өңірдегі тұрақ­тандыру қорларында қажетті азық сақталған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мысал келтір­сек, бүгінгі күні қорда 6 273 тон­на азық-түлік бар. Оның ішінде 4 560 тонна ұн, 1 289 тонна қант, 424 тонна қарақұмық жармасы бар. Қалада көкөніс сақтайтын жеті қойма жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қ.То­қаев­тың Жарлығымен Қазақ­станда 16 наурыздан бастап бір ай бойы төтенше жағдай жа­рияланды. Яғни, 15 сәуірге дейін көптің көңілін күпті еткен ко­ронавирус індетінің беті қайта ма, әлде одан жаман батпандап ене ме, ол жағы да беймәлім. Үкімет мүшелері жариялаған ресми деректерге сүйенер бол­сақ, ішкі сұранысты өтеуге қой­мада азық жеткілікті. Әсіресе, астық жөнінен биылға жететін қор бар. Яғни, «нан болса, ән де болады» деп көңіл жұбатуға бо­лады. Бірақ қоймадағы қордың көлемі бағаны ұстап тұруға кепіл бола алмайды. Біріншіден, логистика саласында мәселе туындауы мүмкін. Корона­ви­рус­қа байланысты қозғалыс шек­теулері азық-түлікті қажет жерге дер кезінде жеткізуге қолбайлау. Осы жағдайды күн сайын емес, сағат сайын алыпсатарлар тиімді пайдаланып, қарашаның қал­тасына түсуде. Әсіресе, каран­тинге жабылып, жұмысы тоқ­таған үлкен қалалардың тұр­ғын­дары үшін ол қиынға соғады. Сол себепті қолдан жасалып отыр­ған қымбатшылыққа әкім­дер мен тиісті Үкімет мүшелері дәл қазір жауап бергені жөн.  

Бауыржан БАЗАР