Баланың уақыты тиімді өтсін десеңіз...
Баланың уақыты тиімді өтсін десеңіз...
311
оқылды
Алда – IV тоқсан. Жылда­ғыдай жаңа тоқсанға энергия мен білім қоржыны керек. Әлемдегі ең атақты симфо­ниялық оркестрлер мен га­лереялар карантинде онлайн жұмыс істеп тұр. Түрлі плат­форма кино көріп, ресурсын тегін пайдалануға шақырады. Одан бөлек, баланың уақытын қалай тиімді өткізуге болады? 6 сәуірден бастап орта білім жүйесі қашықтан оқиды. Демек, мектеп жасындағы баласы бар ата-аналар арнайы режимге көшуі керек. Күні бойы онлайн сабақ оқудан бөлек, баланы шаршатып алмас үшін түрлі әдіс-тәсілді мең­герген жөн. Алдымен интернет күшімен не істеуге болатынын ұсынамыз.  

Интернетте көп сыр бар...

Қосымша білімнің, жаңаны үйренгеннің зияны жоқ. Сон­дықтан Ұлттық кітапхананың элек­тронды платформасынан көп­теген шығарма, мақала, газет пен журналды таба аласыз. Itest.kz онлайн-тренажері жұмыс істеп тұр. Платформа ҰБТ-ға, қоры­тынды аттестаттауға және ОЖСБ-ға дайындалуға көмектеседі. Жануарлар әлеміне қызығатындар «Филин» иллюстрацияланған жа­н­уарлар энциклопедиясын оқуына болады. Cousera платфор­ма­сында 3 800 онлайн-курс бар. KazTub онлайн-кино­театры­ның тегін жұмыс істеп тұрғанын білесіз бе? Қазір сайтта 100-ден аса фильм қолжетімді. Оның ішінде отандық туындылар да бар. Kaztube.balapan блогынан 20-дан астам мультсериалды тамашалай аласыз. Кинопоиск порталына кіріп, арнайы про­мокодты терсеңіз, іздеген фильм мен сериалыңызды тегін та­ма­шалайсыз. More.tv-ға промокод арқылы бір ай тегін жазылуға бо­лады. Ал Premier онлайн-кино­театры 15 наурыздан бері тегін жұмыс істеп тұр. Осындайда Youtube-ты ес­тен шығармаңыз. Қыр-сырын білсеңіз, жақсы контентке жолы­ғуыңыз мүмкін. Тіл білгенге ағыл­шын тіліндегі контенттер өте пай­далы. Әрине, жақсы контент ұсынатын орыс тіліндегі каналдар баршылық. Демек, балаңызға тү­сіндіре отырып, игеруіне көмек­тесесіз. Әрі өзіңіз де «бұрын қа­лай мұны білмегенмін?» деп та­ңыр­қауыңыз ғажап емес. Мәселен, Arzamas, «Все как у зверей», «Простая наука» каналын шолып шығыңыз. Егер бала монтаж бен дизайнға қызықса, жақсылап үйренетін сәт туды. Бұл – уақытты тиімді өткізудің амалы ғана емес, заман талабы. Youtube-тан немесе басқа платформа арқылы Adobe Photoshop пен Pinnacle Studio-ны үйрену курсынан өтіңіздер. Алғашқысы суретпен жұмыс істеуді, кейінгісі видеоны әрлеуді үйретеді. Баланың бұған ебі бар ма, тексергіңіз келсе, алдымен смартфондағы InShot, Canva сияқты қосымшада сурет пен видео өңдетіп көріңіз. Қызықса, әрі қарай алып кетуге болады. Компьютер ойыны дегенде көзге бірден босқа кететін уақыт елестеуі мүмкін. Алайда ойын арқылы ерекше әсерге бөленіп, қиял әлеміне саяхат жасауға бо­­ларын естен шығармаңыз. Мәселен, Minecraft баланың шы­ғармашылық қабілетін ашуға, «Гвинт» математиканы игеруге көмектеседі. Спорт түрлерін шың­дауға септігі тиетін ойын түрлері қаншама? Маңыздысы, баланың қызығушылығына сай ойын таңдап, жіті қадағалап отыру керек. Дұрысы, өзіңіз де бір сәт бала болып, ойнап көріңіз. Бұл балаға да, сізге де ерекше әсер ететіні сөзсіз.  

Көңіл керек балаға – көңіл керек

Ойын демекші, отбасымен бір­ге үстел үстінде отырып ой­най­тын ойын түрлері бар екенін білетін боларсыз. Міне, әкелі-балалы болып, анасы мен қызына қарсы шеп құратын кез келді. Сонда уақыттың қалай өткенін білмей қаласыз. Әрі балалар ата-анасының жанында екенін сезініп, бір сәт сергіп қалады. Мысалы, сериал мен ертегілердің рөлге құрылған ойындары бар. Бәріңізге таңсық емес һәм қызық түрін таңдап алыңыз. Сондай-ақ лего құрастырып, пазл жинауға да рұқсат. Мұнда да бала бір өзі емес, ата-анасымен бірге атсалысса, әдемі қамал тұрғызып, «Мұзды өлке» кейіпкерінің бейнесін құрастыру оңай болады. Отбасы мүшелері жиналып, теледидар тамашалағанға не жетсін, шіркін! Осындайда қы­зықты мультфильм көріп, бірге талдаған дұрыс. Биыл «Оскарға» ұсынылған туындыларды тама­шалауға таптырмас мүмкіндік. «Ойыншықтар хикаясындағы» сюжетке таңданып, «Клаус» сый­лайтын жылу мен құндылыққа мән берейік. Disney қоржынында қаншама қызықты хикая бар десеңізші? «Арыстан патшадан» бастап, «Джунгли кітабын» ақ­тарып шығуға болады. Әрине, осыншама қызық күтіп тұрғанда кітап оқуға құлық бола ма? Бірақ әңгімеге елітіп, кітап сиқырына жетелеу ата-ананың еркіндегі жұмыс. Сіз бірге оқысаңыз, бала сізден асып қайда барады? «Менің атым Қожадан» жалықса, «Том Сойердің басынан кешкендерін» оқып беріңіз. Ғажайыпқа қызығар бала болса, Джоан Роулингтің «Пәлсапа тасы» қазақша аударылғаны тағы бар. Ең жақсы ұсыныс – кинонұсқасы бар туындыны оқыңыз. Баланың қиялына ерік беріп, қалай елес­тететінін сұраңыз. Артынша киносын көрсетіңіз. Сонда бала үздік сюжет кітапта, тамаша туын­ды санасында екенін түсінеді. Арасында сурет салып, ән айтып сергіп алған жөн. Теле­ди­дарға қосылатын немесе смарт­фонға жалғайтын караокенің түрі көп. Ән таңдаудың еркін балаға қалдырыңыз. Өйткені сіз таңдаған жанр XXI ғасырдың баласына ұнамауы мүмкін. Компьютерде ойын ойнап, теледидардан фильм тама­ша­лай­мын деп денешынықтыруды ұмытпаған абзал. Балаңызбен бірге дене жаттығуларын жасап, саламатты өмір салтын ұстаңыз. Арасында көзге арналған жаттығу жасап, мойын мен омыртқаны икемге келтіріңіз. Бастысы, баламен сөйлесіп, оны тыңдаудан жалықпаңыз. Онлайн-өмірдің иіріміне кіре­мін дегенде баланың қалауы офлайнда қалып кетпесін. Ата-анасының бастан кешкен оқиғасын тыңдап, әсерлі хикая естіген кімге ұнамасын? Тіпті, сізбен әңгімелесу, ой бөлісу оған компьютер ойындарынан да қатты әсер етуі мүмкін. Балаға дейміз-ау, бұл өмірде бәріне назар аударғаны, көңіл бөлгені қажет. Көңіл – қымбат, өмір сонысымен бағалы емес пе?  

 width=     Айзат АЙДАРҚЫЗЫ