Әр елдің әдісі басқа
Әр елдің әдісі басқа
341
оқылды
Әлемді жайлаған коронавирус бүгінге дейін 800 мыңға жуық кісіге жұқты. Кесел ең жиі кездескен бес ел – АҚШ-қа, Италияға, Қытайға, Испанияға және Германияға барлық науқастың 63 пайыз үлесі келеді. Өкінішке қарай, бұл сандар күн емес, сағат сайын өсіп отыр. Кейбір мемлекеттерде вирус неге тым тез тарап кетті? Вируспен күресте қай елдің қолданған әдісі өз тиімділігін дәлелдеді? ХХІ ғасырда Эбола, Зика, SARS, MERS, құс және шошқа тұ­ма­уы секілді вирустар әлемді бір­неше рет шошытқаны есіңізде болар. Алайда олар дәл COVID-19 коронавирусы секілді адамзатқа, жаһандық экономикаға зардабын тигізген жоқ. Олардың таралу оша­ғы белгілі аймақпен шектелді. Әр мемлекет аталған вируспен шама-шарқы келгенше өзіндік шаралар қабылдап, күресті. COVID-19 коронавирусын тоқтатудың барлық елге ортақ әдіс-амалы бар деу қиын. Бір елдер карантин енгізсе, бас­қалары халқын жаппай тестілеуден өткізіп жатыр. Сондай-ақ адам құ­қығын құрметтеп, қатаң шаралар­дан бас тартып жатқандары да бар. Оңтүстік Корея, Тайвань. Тай­вань коронавирустың таралу оша­ғы –Қытайдың іргесінде жайғасқан соң арал әп-сәтте вирус жайпаған мекенге айналады деген болжам айтылды. Алайда арал үкіметі дер кезінде қажетті қадам жасады. Мәселен, бірден Қытай, Макао, Гонконгтан келетін кісілердің санын шектеді. Бұл вирус жұқ­ты­рушылар санын азайтты. Сондай-ақ Тайваньдағы медициналық, миг­рациялық және кедендік бар­лық ақпаратты бір орталықта топ­тастыра алды. Осы арқылы дәрі­гер­лер азаматтардың туристік мар­шру­тын бақылап, ауруды кімнің жұқ­тыруы мүмкін екенін дәл анықтауға мүмкіндік алды. Жалпы, Тайвань 2002-2003 жылдары атипиялық пневмониядан қатты зардап шек­кен. Сол кезде Денсаулық сақтау ұлттық басқару орталығын құрған. Осылайша, олар келесі эпидемияға дайындалған. Ал ең бастысы кезін­де бір вирусты бастан кешіріп, аузы күйген арал жұрты осы жолы өз үкіметінің талаптарын мүлтіксіз орын­дады. Бұл қабылданған шара­лардың тиімділігін арттырды. Кеше Тай­ваньда коронавирусты жұқтыр­ған­дар саны 300-ден асты. 81 мың жан ауырған Қытайдың іргесіндегі арал үшін жаман көрсеткіш емес. Оңтүстік Кореяда 10 мыңға жуық кісі дерт жұқтырса да, Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы бұл ел вируспен тиімді күресті деп бағалап отыр. Неге? Өйткені бұл ел жылдам әрекет етіп, ме­дицинадағы және коммуникация­дағы жоғары технологияларды тиімді пайдаланды. Қытайда қаңтар айында алғашқы вирус жұқтырған адам тіркелген соң 27 қаңтар күні ел басшылығы 20 ірі кореялық медициналық компания басшы­ларын жинап, вирусты анықтайтын тестті жасап шығаруды тапсырады. 4 ақпан күні Kogene Biotech Co. компаниясының өнімін үкімет құптайды. Компания 3 күн өткен соң экспресс-тестті жаппай өндіре бастады. Бұл шаралар күніне 20 мың азаматты коронавирустан тест алуға мүмкіндік берді. Тест тап­сы­рамын дегендер ауруханаларға бар­мау үшін ел бойынша 633 арнайы орталық құрылды. Яғни, Оңтүстік Корея пандемия басталмай жатып-ақ алдын алу шараларын қабылдап үлгерді. Аталған ел 2015 жылы MERS вирусынан біраз зардап шектті. Сондықтан инфекция жұқтыр­ғандарды бақылауға алу тәжіри­бесіне ие. Бұл мақсатта камера, кре­диттік карта, GPS, смартфон – барлығы қолданылды. Сондай-ақ науқастарға арнайы нөмір беріліп, онымен байланысқа түскен адам­дарға смс жіберіледі. Смс келген азамат тесттен өтуі тиіс. Жалпы, корей қоғамы үкіметтің шараларын қолдады және бұл қолдау вируспен күресуде өз көмегін тигізді. Соның нәтижесінде Оңтүстік Кореяда коронавирустан көз жұмғандар саны 0,9 пайызды құрады, ал әлем­дегі көрсеткіш – 4,7 пайыз. Қытай. Коронавирус ең бі­рінші рет осы елдің Ухань қала­сында табылған соң ол бүкіл елге тез таралу қаупі туындады. Сон­дықтан Қытай үкіметі қаланың өзін де, қала қарайтын 50 млн халқы бар Хубей провинциясын да қатаң карантинге жапты. Қоғамдық транс­порттың жүруіне тыйым салынды. Мыңдаған зауыт, фабрика өз жұмысын тоқ­татты, себебі оның жұмысшылары үйлерінде каран­тинде отырды. Мұның салдарынан Қытай өнер­кәсібінің түрлі саласы 15-40 пайызға кеміді, бұл эконо­мика үшін үлкен соққы. Сондай-ақ Бейжіңге келген барлық жолаушы 14 күндік карантинге оқшауланды. Барлық оқу орындары жабылды, университеттерге түсу үшін тап­сырылатын емтихандар 1 айға шегерілді. Ел ішіндегі әуетасымалы 84 пайызға азайды. Қытай жаңа жылын тойлау үшін ауыл-аймаққа кеткен 291 млн қытайлықтың үш­тен бір бөлігі ғана қалаға оралып үлгерген. Әуекомпаниялары 2,35 млрд доллар шығын көріп жатыр.    width= Міне, осындай қатаң әдіс-амал­дың арқасында Қытай вирустың тарауын наурыз айында тоқтатты. Бү­гінде дертке шалдыққандар 81 мың­ның деңгейінде тұрақталды. Оның 76 мыңы толық жазылды. Көз жұмғандар саны 3300-ге жуық. Ал Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы директорының аға кеңесшісі Брюс Эйлвордтың пікірінше, қы­тайлық әдістің ерекшелігі жыл­дам­дықта болған. Үкімет ауырған­дарды, олар араласқан кісілерді лезде анық­тап, оқшаулаған. Оған қоса, қоғам вирустың қаншалықты қауіпті еке­нін түсініп, билік көрсеткен шара­лар­ды ұжым ретінде атқарып отырған. Өзге мемлекеттер. Бүгін COVID-19 коронавирусын ең көп жұқ­тырған ел – АҚШ. Науқастар саны 170 мыңға жуықтады. Әзірге көз жұмғандар да, толық жазыл­ғандар да аздау. Яғни, жағдай тұрақ­сыз. Дегенмен Вашингтон қажетті ша­раларды жыл басынан қабыл­дады. Мәселен, қаңтар айында қытай­лық­тар мен Қытайда болған шетел­дік­тердің АҚШ-қа кіруіне тыйым салынды. Кейін бұл шектеу Канада мен Еуропа елдеріне де тарады. Алайда Британ азаматтары әлі де Атлант асып, саяхаттай ала­ды. Елдегі барлық спорт шаралары, NBA секілді турнирлер тоқтатылды. 12 наурыз күні бүкіл мемлекетте төтенше жағдай жарияланды. Сон­дай-ақ президент Д.Трамп Корей соғысынан бері алғаш рет бизнесті армияға қажет заттарды өндіруге міндеттейтін заңға қол қойды. Әзірге жағдай ушығып тұр. Әсіресе, Нью-Йорк қаласында болжам бойынша үш аптадан соң қалада эпидемия өзінің шарықтау шегіне жетеді. Сол үшін бұл қалаға 1 000 жатын орны бар Comfort ке­ме-госпиталь жіберілді. Бұдан бө­лек, Нью-Йоркке жаңа ауруханалар салу үшін инженерлік әскер келді. Коронавирустан ең көп көз жұмғандар Италияда тіркелді. Бүгін 11 600-ге жуықтады. Басқа елдерге қарағанда Италияның не себепті көбірек зардап шеккеніне болжам көп. Соның бірі – қоғамда қа­риялардың үлесінің артуы. Мә­селен, егер Германияда вирус жұқ­тырғандардың орташа жасы 45 бол­са, Италияда – 63 жас. Егде кі­сілер осы жаста бірнеше созыл­малы дертке шалдыққан соң көп­шілігі коронавирусты көтере алмауда. Осы себепті Италиядағы Анестезия, реанимация және жедел терапия институты (SIAARTI) дә­рігерлерге емдеу барысында науқастардың жасын ескеріп, жас азаматтарға басымдық беруге кеңес берді. Италияда вируспен күресу мақ­сатында қазір қатаң шаралар қабыл­данған. 10 наурыз күні үкімет бас­шы­сы Джузеппе Конте бүкіл елге ка­рантин жариялады. Барлық оқу орындары, кафе, мейрамхана, музей мен театрлар жабылды. Фут­болдан А Серия турнирі мен өзге де спорт­тық шаралардың өтуіне тыйым са­лынды. Қазір көшеге тек жұмысқа, дәріха­наға, азық-түлік алуға дүкенге және итті серуендетуге шығуға бо­лады. Алайда осыншама шектеулер ви­рус­тың таралуына кедергі болмай тұр. Бұдан бөлек, Иранның да қа­былдаған шараларын атап өткен жөн болар. Тегеран мен вирустың ошағына айналған Кум провинция­сында вирустан емделіп жатқан­дар­ға арнайы санаторий ашылды. Түр­меде отырған 85 мың азамат уақыт­ша босатылды. Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы жағдайды ушық­тырмау үшін бұл елге 110 мың адамды тесттен өткізетін құрылғы, 7 мың тонна медициналық қорға­ныс материалын жіберді. Әзірге Иранда 41 мың кісі инфекция жұқ­тырып, оның 14 мыңға жуығы жа­зылды. Қайтыс болғандар саны – 2 757. Оған қоса, вирустың таралуына шектеу қою үшін алғаш рет Меккені жапқан Сауд Арабиясының, жеке онлайн-скрининг ойлап тапқан Таиландтың тәжірибесін де айта кеткен орынды болар. Сингапур де жаппай тестілеу әдісін пайдаланып, көз жұмғандар санын көбейтпей отыр. Ал Нидерланд коронавирусты жұқтырған қарттарға көмектесіп, медициналық әлеуетті (дәрігер, аппарат, дәрі) бос жұмсаудың қажеті жоқ деген шешімге келіпті. Қорыта айтқанда әр ел өзінің саяси жүйесіне, қолындағы ресур­сына, медицинасының даму деңге­йіне, қаражатына сай әрекет етіп жатыр. Кейбірі тиімді болса, басқа­лары нәтижені кейінірек көрсетер. Жалпы, пандемия цифровизация, жоғары технология, медицинадағы даму, қоғамдық тәртіп қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді.  

 width=  Нұрмұхамед БАЙҒАРА