Еңбекқор жастарға баспана беріледі
Еңбекқор жастарға баспана беріледі
425
оқылды
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжі­лістің жалпы отыры­сын­да Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодекске түзетулер енгізетін жаңа заң жобасы бірінші оқы­лымда мақұлданды. Құ­жат­ты талқылау барысында қалаулылар құқық бұзушы­лық жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту не ізгілендіру үшін нақты бір өлшемдер белгілейтін кез жеткенін айтты. Бұл ретте Мәжіліс төрағасы ізгілендіру үдерісіне форма­лизм­сіз және науқаншылықсыз келу қажеттілігіне назар аудартты: бұл әбден байыпталған көзқарасты талап ететін салмақты жұмыс демек, оның барысында барлық оң және теріс жақтары таразыға тең тартылып, бағамдалуы тиіс. Мәселен, депутаттар бюджетті тиімсіз игеруді анықтауға арнал­ған критерийлердің нақты болу керегін айтты. – Жұмыс тобы заң жобасын әзірлеушілермен және барлық мүдделі меморгандармен бірге, екінші оқылымға дейін бюджет қаражаттарын тиімсіз пайда­ла­нуды анықтауға арналған барлық критерийлерді пысықтап шығуы қажет. Бұл осы кодекс аясында мемлекеттік бюджет қаржыларын игеру кезіндегі мемлекеттік орган­дар әкімшілік бағдарлама­ларының бірінші басшылары үшін дербес жауапкершілікті анықтауға мүмкіндік береді, – деді Н.Нығматулин. Депутаттар сондай-ақ сапасыз туристік қызмет көрсеткені үшін туроператорды лицензиясынан айыру немесе қызметін тоқтата тұруды қарастыратын қолданыс­тағы заң талабын жоятын жаңа норманың орындылығына кү­мән­данды. Осы орайда Нұрлан Зайроллаұлы Мәдениет және спорт министрлігінің бұл мәселе бойынша ұстанымының бұлың­ғыр екенін айтты. Бұдан бөлек, спорттық жа­рысты ұйымдастырушылар мен спортшыларды пара беріп, сатып алғаны үшін айыппұл көлемін 200-ден 100 АЕК-ке дейін төмен­дету, сонымен қатар осы құқық­бұзушылық үшін әкімшілік қамақ қолдануды алып тастау туралы жаңа норма да депутаттардың таңданысын туғызды. Мәжіліс басшысы палата қараған басқа бір заң жобасында жеңіс жолында спорттағы тыйым салынған әдіс­терді пайдаланғаны үшін жауап­кершілік, керісінше, қатайтылып отырғанын еске сала келе, заң жо­баларындағы мұндай кереғар­лық­тарға көңілтолмастық білдірді. – Енді «келісілген жеңістер үшін» жауапкершілікті төмендету ұсынылып отыр. Сонда дәйекті­лік, бірізділік қайда? – деген ол Мәде­ниет және спорт министр­лігін осы мәселенің байыбына ба­рып, басын ашып алуға шақырды. Қалаулылар Әкімшілік құ­қық ­бұзушылық туралы кодекстің жүйелігін бұзбау үшін оған енгізі­летін түзетулерді жеке заң түрінде қабылдауды ұсынды. Әріптес­терінің түзетулерін қолдай оты­рып, Нұрлан Нығматулин бұл кодекске жыл сайын 10-15 рет түзетулер енгізілетінін және олар көбінесе ілеспе заң жобалары тү­рінде болып келетінін жеткіз­ді. – Бір жағдайда жазаны ізгілендіреміз, ал ізінше жауап­кер­шілікті күшейтетін нормалар келеді. Кейбір баптардың санк­циялары жүйелі пысықтаусыз енгізіледі және ол құқық бұзу­шы­лықтардың қоғамдық қауіптілігі дәрежесіне сәйкес келмейді. Ал құқық қорғаушылар мен сот ор­ган­дары үшін жүйелілік және бірізділік өте маңызды, – деген Мәжіліс төрағасы әкімшілік ко­декске барлық өзгерістер мен толықтыруларды бір заңмен енгі­зу секілді жаңа тәртіптің орнауы «Үкіметке – заң жобаларын әзір­леу жұмысын сауатты әрі кешенді негізде жоспарлауға, ал депу­тат­тарға – сол заң жобалары бо­йын­ша жүйелі түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін» нықтады. Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттардың өздері бастамашы болған тұрғын үй қатынастары бойынша заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Елбасы Н.Назарбаев Nur Otan партиясының XVIIІ съе­зінде және Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде көпбалалы отбасыларды, жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту шараларын қабылдау ту­ралы тапсырма берген болатын. Заң жобасы осы міндетті жүзеге асыруға және аталған санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселе­сін шешудің заңнамалық негізін қалыптастыруға бағытталған. Біріншіден, «көпбалалы отба­сы» ұғымы «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес келтіріледі. Бұл заңнамалық актілер арасындағы қайшылықты жояды. Екіншіден, «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» ұғымы анық­талады. Бұл табысы төмен, әлеуметтік осал топтарға арнал­ған, жекешелендірілмейтін тұр­ғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға жол ашады. Үшін­шіден, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапат­талған немесе бұрын «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» атақтарын алған көпбалалы аналар мен отбасылар санаты үшін енді әкімдіктерде бөлек тұрғын үй кезегі пайда болады және оларға баспананы бірінші кезекте алу құқығы беріледі. Төртіншіден, мемлекеттiк жос­парлау жүйесiнiң шегінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және оның көлемi айқындалады. Бесіншіден, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары «жұмыс істейтін жастар» үшін қолжетімді баспана жүйесін да­мытуды қарастырады және мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі уәкілетті органға, атап айтқанда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне «Сатып алу құқы­ғынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру қағидаларын» бекіту құзыреті беріледі. Талқылауды қорытындылаған Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин бұл заң жобасының халық үшін маңызды екеніне екпін түсіре келе, әсіресе, өңірлерде баспа­на­мен қамтудың барлық мәселеле­рінің нақты пысықталуы қажет екенін атап өтті.