«ҚазАгро» холдингі шаруаларды қолдау шараларын күшейтті
«ҚазАгро» холдингі шаруаларды қолдау  шараларын күшейтті
© Сурет ғаламтордан
210
оқылды
Мемлекет басшысы аграрлық саланы қаржыландыру басым бағыттардың бірі екенін айтып, тиісті міндеттер жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыздағы мәлімдемесінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 70 млрд. теңге және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қосымша 100 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Осы орайда, «ҚазАгро» Холдингінің еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы фермерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуіне үлкен мүмкіндік жасалды. Елімізде енгізілген төтенше жағдайға қарамастан кепіл шарттары жеңілдеп, несие алушылар тапсыратын құжаттар тізімі азайды. Несиенің сыйақы мөлшері төмендетіліп, шешім қабылдау мерзімі қысқартылды, Жалпы, бизнес-процестерді оңтайландыру үшін жан-жақты шаралар қабылданғанды. Маңыздысы, дер кезінде қолға алынған қаржыландыру жұмыстары көктемгі егіс науқанын уақытында бастауға мүмкіндік берді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша бюджеттік несиелеу сомасы арқылы 3 млн. гектар егіс алқабын қаржыландыру көзделген. Аталған бағдарлама нәтижесінде 2,4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер (АШТӨ) жеңілдетілген несиелерге қол жеткізеді. Бүгінгі күні көктемгі егіс науқанына бағытталған қаржының басым бөлігі шаруаларға берілді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында саланы қаржыландыруға қосымша қаражат та қарастырылған. Яғни, бөлінген 100 млрд. теңге елдегі егіс алқаптарындағы өңдеу, себу және жинау жұмыстарын жүргізуге бағытталады. «ҚазАгро» ҰБХ құрылымындағы компаниялардан несие алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Сонымен қатар, шаруалардың қаржыға қол жеткізуін жеңілдету үшін кепіл саясатының шарттары жақсартылды. Бұл өтімділік коэффициенттерінің нақты ставкаларын анықтауға мүмкіндік берді. Кез келген жылжитын және жылжымайтын мүлік кепіл ретінде қабылданады. Атап айтқанда,  жер учаскелері, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы, жабдықтар, а/ш техникасы, мал және мүліктердің басқа да түрлерін кепілдікке қоюға болады. Айта кетейік, «ҚазАгро» Холдингінің еншілес компаниялары ұстанатын кепілдік шарттарына қатысты саясаты шаруаларға тиімділігімен ерекшеленеді. Бизнес-процестерді оңтайландыру нәтижесінде несие рәсімдеу барысында талап етілетін құжаттар саны едәуір азайды. Нақты айтсақ, Заңды тұлғалар үшін құжаттар тізімі 27-ден 13 құжатқа дейін, Шаруа қожалықтары мен Жеке кәсіпкерлер үшін 16-дан 12-ге дейін қысқартылды. Оңтайландыру жұмыстары өтінімдерді қарау мерзімдерін де қысқартуға мүмкіндік берді. Бұрын құжаттар 30 күн қаралса, қазір 10 жұмыс күнінен аспайды. Елдегі төтенше жағдай режимі өтінімдерді қарау мен несие беру процесстеріне кері әсер етпейді. «ҚазАгро» мен оның еншілес ұйымдарының үздіксіз жұмыс істеуі толық қамтамасыз етілді. Мысалы, Аграрлық несие корпорациясы өз филиалдарының дербес шешім қабылдау лимиттерін (200 млн.теңгеге дейін) ұлғайтып, несиелік комитеттердің қашықтан жиын өткізу, құжаттар мен төлем құжаттарына қашықтан қол қою тәжірибесі енгізілді. Осылайша, карантин ұзартылған жағдайда компаниялар өтінімдерді қарау және шешім қабылдау жұмысын үздіксіз жалғастырады. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің несие қаржысына жылдам қол жеткізуін барынша қамтамасыз етіледі. «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ алға қойған мақсатына жетуге және өз міндеттемелерін орындауға барынша күш салады. Осы қиын-қыстау кезеңде барлық күш-жігерді елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін фермерлерді қолдауға бағыттамақ. Бірігіп білек, жұмылып жұдырық болсақ барлық қиындықты еңсереміз – Біз біргеміз!