Жаңа әлемдегі жастар келбеті
Жаңа әлемдегі  жастар келбеті
1,472
оқылды

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен #NurOtanPikir еркін пікірталас алаңының кезекті отырысы өтті. Онда қатысушылар «Жаңа әлемдегі жастар келбеті» тақырыбында ой қозғап, еліміздегі бүгінгі жастар саясаты, осы салаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау және бүгінгі жас буынның бағыт-бағдары жайында сөз өрбітті. Отырысты ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Қазіргі таңда Nur Otan пар­тиясы өз қызметін жаңғырту жолында бірқатар тың баста­маларды қолға алып, жүйелі жұмыс істеп келеді. Соның нә­тижесінде партия тарапынан өзекті мәселелерді талқылап, олардың оң шешілуіне ықпалын тигізетін алаңдар қолға алына бастады. Бүгінде партияның #NurOtanTrends, #NurOtanTalks және #NurOtanPikir пікірталас алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Алдыңғы екі алаңда негізінен экономикалық, саяси тақырыптар, стратегиялық бас­тамаларды жүзеге асыру жол­дары, жаңа бастамалардың тиімділігі сияқты өзекті мәселе­лер талқыланса, #NurOtanPikir клубында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, та­рихи сананы жаңғырту, сол арқылы ұлттың санасын ояту, мемлекеттік тіл мен мәдениеті­мізді одан ары дамыту, тәуелсіз­дігімізді нығайту сияқты ұлттық мәселелер жайы сөз болады.

Бүгінгі отырыста алғаш болып сөз алған Nur Otan пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміз үшін жастар мәселесінің маңызы қашанда жоғары екенін атап өтті.

– #NurOtanPikir алаңының кезекті отырысын жастарға арнауымыз кездейсоқ емес. Себебі, кез келген мемлекеттің болашағы оның жастарына бай­ланысты екені белгілі. Сон­дық­тан жастардың қалып­тасуына аса мән беруіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда еліміздің маңызды тарихи ке­зеңді бастан өткеріп жатқа­нына назар аударып, осындай сәтте жастар да жауапкершілікті сезінуі керектігін тілге тиек етті. Одан бөлек, партия Төраға­сының Бірінші орынбасары соңғы жылдары елімізде мем­лекет тарапынан жастарға айтарлықтай жағдай жасалып жатқанын да айтып өтті.

– Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялап, осы саладағы басымдықтарды айқындап берді. Оларды жүзеге асыруға біздің партия да белсене қатысады. Сондай-ақ біз пар­тия­мыздың кезекті XVIII съе­зінде қабылданған жаңа бағдар­ламамызда да жастар мәселесіне үлкен көңіл бөлдік. Алдағы уа­қытта осы бағыттағы жұмыс­тар­ды жүйелі түрде жүзеге асы­рамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, партияның жаңа бағдарламасында алдағы 10 жылда жүзеге асыратын нақты он мақсат анықталған. Олардың бірі жастарға қолдау көрсету ісіне арналып отыр. Осы бағытта партия үш басымдықты анықтады.

– Жаңа құжатта нақты он мақсатты анықтап алдық. Со­лардың бірі жастарға қолдау көрсету ісіне арналды. Біз Ел­басы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, жас буынның әлеуетін дамытып, олардың арасында патриотизмді күшейту және мемлекеттің жас­тар саясатының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру сияқ­ты бағыттарды анықтап алдық. Қазіргі таңда осы басым­дық­тарды жүзеге асыру үшін нақты жұмыстар қолға алынды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Кеңінен тарқатып айтар бол­сақ, бірінші басымдық жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған. Бұл бойынша тұрғын үй мәселесін шешу, дамыған елдердің деңгейіндегі жоғары білімнің қолжетімділігін қамта­масыз ету, жастарды жұмысқа орналастыру, білікті жас ма­мандардың ауылдық жерлерге барып жұмыс істеуіне ықпал ету, жастарға ұдайы қамқорлық көрсетіп, олармен жүйелі түрде кері байланыс орнату, өмірден өз орнын таба алмай жүрген NEET-жастардың мәселелерін шешу сияқты шаралар қарас­тырылған.

Екінші басымдық – жас­тардың әлеуетін дамытып, жас буын арасында патриотизмді арттыру. Бұл жердегі ең басты мақсат жастар арасында дұрыс құндылықтарды дәріптеу, па­триот, санасы ашық, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жас буынын тәрбиелеу.
Үшінші басымдық – мем­лекеттік жастар саясатының тиімділігі мен нәтижелілігін арт­тыру. Бұл бағытта партиямыз жастар ісі мен отбасын дамыту саласындағы Жол картасының орындалуын бақылауға алу, жастар қоғамдық ұйымдарын өңірлік деңгейдегі жастар бастамаларын іске асыруға жұмылдыру, «Партияның жас кадрлар резервін» қалыптастыру және Jas Otan Жастар қа­на­тының рөлін арттыруды мақсат етіп отыр.

Жастар жылының ашы­луында Елбасы қазіргі таңда бәсекеге қабілетті 100 мамандық бар екенін айтып, жастарды сол мамандықтар бойынша оқытып, сапалы маман даярлау керектігін тапсырды. Бұл мәселемен арнайы министрліктер айна­лысып жатқанымен Nur Otan партиясы да өз үлесін қосып келеді. Осы мәселеге көңіл бөлген Мәулен Әшімбаев пар­тия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Жұмыспен қамту ісінде ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуға сол арқылы жастардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік беруіміз керек. Осы салада партия нақты жобаларды жүзеге асыруда. Нақты айтқанда, еліміз бойын­ша ІТ орталықтар ашып, жұ­мыссыз және мамандығын өзгерткісі келетін жастарымыз­ды қайта оқытып, бәсекеге қа­білетті маман болып қалып­та­суына қолдау көрсетіп жатыр­мыз, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен қатар іс-шара бары­сында қазақстандық жас­тардың шетелге кету мәселесі де сөз болды. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев мұндай тәжірибенің әлемде кеңінен тарағанын айтты.

– Жастардың шетелге кетуі – әлеуметтік желілерде жиі тал­қыланып жүрген өзекті мәселе­лердің бірі. Бұл мәселенің бір­неше деңгейі бар. Егер жас аза­мат шетелге білімін жетілдіріп, білікті маман болып қалыптасу үшін, жаңа кәсіп бастау үшін барып, ол ойын жүзеге асырып жатса, өзі үшін де, еліміз үшін де пайдалы. Біз бір шеңбермен шектелмеуіміз керек. Әсіресе, қасымызда Қытай сияқты, ар жағында Үндістан сияқты алпауыт нарықтар тұрған кезде соларды игеруге талпынуымыз керек. Біз осылай өз ісімізді жаңа белеске көтеруді мақсат тұтуымыз қажет. Сол себепті, ше­телге кетіп жатқандардың бәріне тосқауыл қою керек деген біржақты пікірлер дұрыс емес. Ал егер жастарымыз еліміздегі жағдайларға көңілі толмай, басқа себептермен кетіп жатса ол басқа әңгіме. Ондай кезде біз зерттеп, зерделеп, себептерін анықтап, оны болдырмаудың жолдарын қарастыруымыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа отырыста ауыл жастарына қатысты мәселе де кө­терілді. Аталған мәселе жа­йын­да Nur Otan партиясы Төра­ғасының Бірінші орынба­сары ауыл жастарының бәсекеге қабі­летті болуы үшін ауыл мек­теп­те­рінің беделін өсіріп, олар­дың білім деңгейін көтеру керегін айтты.
Ал жастарды дұрыс тәр­биелеу ісіне қатысты Мәулен Әшімбаев, ең алдымен, өскелең ұрпақ арасында дұрыс құнды­лықтар қалыптастыру керегін тілге тиек етті.

– Жастарды тәрбиелеу, жаңа заман тұлғаларын қалыптастыру туралы айтқанда, жас буын ара­сында дұрыс құндылықтарды қалыптастыруды ескеруіміз ке­рек. Соның ішінде адамгер­ші­лік, қарапайымдылық, еңбек­қор­лық, табандылық сияқты қасиеттерге басымдық берген жөн. Мұның барлығы көздеген мақсатқа жетелейтін қадамдар. Елбасының «Рухани жаңғыру» сияқты бағ­дар­ламасының да басты мақсаты осындай құнды­лықтарды жас­тардың бойына сіңіру екені белгілі. Бұл істе, аға буынға, яғни бізге, сондай-ақ зиялы қауымға жүктелер жауап­кершіліктің жүгі ауыр. Сон­дықтан осы істе бәріміз күш бі­ріктіріп жұмыс істеуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, іс-шара бары­сында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова, белгілі ақын, Қа­зақстан Жазушылар одағының мүшесі, Shalqar радиосының директоры Қалқаман Сарин, кәсіпкер, ІТ технологиялар саласында қызмет көрсететін STEM академиясының негізін қалаушы Әбутәліп Мүтәлі, Qazaqstan ұлттық телеарнасының жүргізушісі Әйгерім Есенәлі, Nur Otan партиясы Баспасөз қызметінің басшысы Максим Споткай және Jas Otan Жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек көтерілген тақырыпқа қатысты өз ойларын айтып, пікірлерін білдірді.


Пікірлер


Жұлдыз Омарбекова.jpg
Жұлдыз Омарбекова

Жұлдыз Омарбекова, 

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі

– Соңғы жылдары жастар саясатына, олар­­­дың оқып, білім алуына көп көңіл бө­лініп жатыр. Бірақ бағдарлама, жо­балар қала жастарына ғана қолжетімді. Біз ауыл жастарының да қаладағы за­ман­дастарымен бірдей жетістіктерге жеткенін қалаймыз. Олардың оқуы, тіл меңгеруі, жаңа заманның сұранысына сай мамандық таңдауына жол көрсете алсақ, еңбегіміз нәтижелі болады.

Елбасы «Жастар жылын мерекелік іс-шара, форумдармен өте шықпасын» деп нақты тапсырмаларды іске асыру керектігін айтты. Жастарды қолдауға арналған Жол картасы 86-бөліммен тұрады. Оның ішінде, биыл 5 форум өт­кізу қарастырылған. Жастарды жинап форум өткізгенде, оларға жаңа­шылдықты үйрету өте пайдалы. Әр ай­мақтан жиналған жастар бір-бірімен тә­­жірибе алмасады. Біз жастарға жағ­дай жасасақ, олар жаңа қоғамды қа­лып­тастырады. Жаңашылдыққа бас­тай­ды. Біз жастардың баспаналы болуы­­на жағдай жасайын деп жатыр­мыз.

sarin.jpg
Қалқаман Сарин

Қалқаман Сарин,

ақын, Shalqar радиосының директоры:

 – Оқу-білім іздеу­мен қатар, шет ті­лін же­тік меңгермесе де ше­телге қара жұмыс істеуге кететін жас­тардың қарасы көп. Ауыл жаста­рына жеткілікті деңгейде көңіл бөлін­бейді. Үлкен қалаларға жұмыс іздеп шалғайдан келетін жастардың мүмкін­дігін, күш-жігерін дұрыс пайдаланып отырған жоқпыз. Мегаполистерге жұмыс іздеп келеді. Жалақы жетіс­пеу­шілігі, баспана жоқтығы қылмысқа итермелейді. Үл­кен қалаларда 3 қыл­мыстың 2-уін ауылдан келген жастар істейді екен.

Одан бөлек, шетелге сол елдің тілін білмесе де, қара жұмыс іс­теуге топ-тобымен кетіп жатқан жас­тардың проблемасын зерттеу қажет.     Қазіргі таңда әлеуметтік әлімжеттік өршіп тұр. Оның әртүрлі себептері болуы мүмкін. Бірақ бала тәрбиесі, отбасы құндылықтарын қай қоғамда да бір сәтте естен шығармауымыз керек. Әсіресе, мектеп оқушылары, студент жастар арасындағы әлеуметтік теңсіздіктердің түбінде тұрмыстық ахуал жатыр. Сондықтан жастар, жас отбасыларды қолдауды жүйелі жүргізу керек деп санаймын.


abu.jpg
Әбутәліп Мүтәлі
Әбутәліп Мүтәлі,

 кәсіпкер, STEM академиясының негізін қалаушы:

- Оқимын, білім аламын, кәсіп ашамын деген жастарға мем­лекет тарапынан жете көңіл бөлінуде. Шетелге барып оқу, шет тілін меңгеруге шектеу жоқ. Сол игіліктерді пай­даланып, туған елдің дамуына үлес қосуымыз қажет. Соңғы жылдары кәсіп ашамын деген азаматтарға құжат рәсімдеу мәселесі оңтайландырылып жатыр. Бірақ оның ішінде, жас кәсіпкерлерге әлі де айрықша қолдау қажет. Салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылса, құба-құп болар еді. 

Жастардың идеясы, табысты жобасы елдің дамуына үлес қосады. Кәсіп ашамын деген жастар көбінесе, қағазбастылыққа уақыт жоғалтады. Құжат тапсыру мәселесін бюрократияға жол бермеу керек. Әрбір жастың идеясының жүзеге асқаны қоғамға пайдалы.


KARIBEK.jpg
Дәулет Кәрібек

Дәулет Кәрібек,

Jas Otan Жастар қанатының атқарушы хатшысы:

 – Жастармен жұ­мыс жүргізудің сан түрлі бағыты бар. Әл-Фараби ба­бамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Білімді, бірнеше тіл білетін жастардың әлеуетін дұрыс пайдалана алуымыз қажет. Бүгінде Jas Otan Жастар қанатының 164 мың мүшесі бар. Күш-жігері тасып тұрған жастарға дұрыс жол көрсете алсақ, ұтарымыз көп. Оларға дұрыс бағыт-бағдар, жол көрсету – біздің міндетіміз. Күні бүгінге дейін 54 мың жас «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында еңбек етіп жүр. Бес мыңдай жас маман еліміздің 17 аймағында шет тілін үйретуге атсалысып жатыр. Қоғам дамыған сайын жаңа дүниелерге сұраныстың артуы – қалыпты жағдай. Сондықтан партия зияткерлік жобаларға айрықша көңіл бөліп келеді. Мәселен, бір ғана «Нуринтех» жобасы аясында көптеген идеялар қоғамның кәде­сіне жарады. Осындай жобалар жастардың идеясын жүзеге асыруға жол салады. Мүмкіндік жасайды. Жаңа идеялар қоғамның дамуына оң ықпал етеді.

Aigerim Esenali.jpg
Әйгерім Есенәлі

Әйгерім Есенәлі,

Qazaqstan ұлттық телеарнасының жүргізушісі:

– Қазір жастарға жол көрсететін тре­нингтің түрі көп. Соның бәрі бірдей пайдалы деп айта алмаймын. Қазіргі жастар еліктейтін тұлғалардың көп болғаны жақсы, әрине. Тренинг­терге сүзгі керек. Жастар арасында «Жүз жаңа есім» сияқты үлгі бо­ларлық азаматтарды насихаттап жүрміз. Олардың жетістігі, еңбек­қорлығы өзінен кейінгі жастарға үлгі. Қазіргі жастардың пікірінің қалыптасуына әлеуметтік желі әсер етіп жатыр. Жаппай танымалды­лыққа ұмтылу үрдісі байқалады. 

Танымал болсам, тұрмысым жақ­сарады деген мақсат алға шығып кеткен. Тез баю, теледидар, әлеу­меттік желі арқылы жиі ел алдына шығу сәнге айналды. Біз осындай үгіт-насихаттың мүмкіндігін дұрыс бағытқа пайдалана алуымыз керек.

Spotkay.jpg
Максим Споткай

Максим Споткай,

Nur Otan партиясы баспасөз қызметінің басшысы:

– Партия тара­пы­нан жастар саяса­тын дамытуға арналған көптеген жоба нәтижесін беруде. Жастардың жетістігін, қоғамға енгізген жаңа­лығын дәстүрлі БАҚ-пен қатар әлеуметтік желі арқылы да жан-жақты жарнамалауымыз керек. Жастар үлгі тұтатын қаһармандар ел арасында көп. 

Бейбіт күннің батыр­ларын насихаттаудың жастар тәрбиесінде алатын орны ерекше. Қоғамдағы жастар мәселесін ше­шуге партия тарапынан жасалып жатқан жобалардың тиімділігі, әлі де болса жетілдіретін тұстары бар. Олардың еңбегін дұрыс пайдалану, оларды қолдау, ұсыныс-пікірлерін ұдайы елеп-ескереміз. Партия тара­пынан ғылымды дамытуға ерекше атсалысып жүрген жастарға үздіксіз қолдау көрсетіледі.