Шаргородский кім?
Шаргородский кім?
862
оқылды

1901 жылы 7 қазанда Киев қаласында туған дирижер-композитор Леонид Шаргородскийдің Қазақстандағы шығармашылық қызметі туралы жазған авторлар көп емес. Замандастары А.Жұбанов бірнеше мақаласында арнайы тоқталып, ілтипатпен атын атап өтсе, Л.Хамиди еңбектерінен де оның есімі ара-тұра ұшырасады. Әдейі арнап жазған мақала тек Бисенғали Ғизатовтың «Академик Ахмет Жубанов», «От кюя до симфонии», «Казахский оркестр имени Курмангазы» еңбектерінде кездеседі. Әуелгі екі кітапта бір мақала түгелге жуық қайталанса, соңғы кітапта толықтырып жазған.

Қазақстанға дейін 1936 жылы Грозныйда ашылған «Шешен-Ингуш ән-би ансамблінің» жетекшісі болып жұмыс істегені туралы мәлімет те кездеседі. 
1939 жылы СССР Совнар­ком­­ның өнер ісі жөніндегі коми­тетінің жолдамасымен Қазақ­станға келіп, республи­каның симфония оркестріне бас дири­жер, кейін Жамбыл атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі және бас дирижері қыз­метінде болды. Ахмет Жұба­нов­­тың «Ән-күй сапары» кіта­бын­дағы «1938 жылы Л.Шар­городскийдің басқаруын­да Алматыда үлкен симфониялық оркестр құрылды. Ол А.Зильбер­дің сол жылы жазылған «Қайта туған Қазақстан» атты симфо­ниясын орындаудан бастап, қазақ тақырыбындағы көптеген симфониялық шығармаларды орындады. ...бұл коллектив ...бүкіл Орта Азия мен Қазақстанға белгілі көркем топ болып алды» деген сөздерден ол басқарған оркестрдің деңгейі жоғары болғаны көрінеді. 
1939 жылдан бастап опера және балет театрының оркестрі­не дирижерлік етсе, 1942 жылдың соңында қазақ оркестрінің бас дирижері қызметіне шақырыл­ған. 1944 жылы Құрманғазы атын­дағы қазақ мемлекеттік оркестрінің 10 жылдығына орай ҚазССР Жоғарғы кеңесі прези­диу­мының қаулысымен «ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын алған. 1944-1957 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық етті. Ұстаздық қызметте жүріп қазақ оркестрінде Ғабдұлман Матов, Мәлік Жаппасбаевқа, кейін Нұрғиса Тілендиев, Фуат Мансұров, Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Мәлгеждар Әубәкіров сияқты жастарды тәрбиеледі.  
1942 жылдан Алматы қала­сында тұрған. Шаргород­скийдің жетекшілігімен оркестрдің кәсіби деңгейі өсті, оркестр репертуары Бетховен, Глинка, Дворжак сияқты шетел компо­зи­торларының классикалық шығармаларымен молайды. Оркестр музыканттарының квалификациясын көтеру үшін қос композитор жеке сабақ жүргізіп, дыбыс тазалығы мен ансамбльдік ойын, орындау­шылық мүмкіндіктердің жаңа түрлерін меңгерген. Мұның бәрі оркестрдің кәсіби деңгейін ұштады, жаңаша тембрлік бояу табуына, шығармашылық өсуіне септігін тигізді. Бұл жөнінде Ахмет Жұбанов «Ұлы Отан соғы­сынан кейін... оркестр репертуа­ры енді жыл санап байыды. Бұл жөнінде оркестр жұмысына осы кезеңнен бастап атсалысқан, Қазақстанның аға композиторы­ның бірі – Сергей Шабельскийдің еңбегін атап айту керек. 
...Шаргородский оркестрде 1941 жылдан бастап, он жылдан артық уақыт қызмет істеді. Сол жылдар ішінде оркестрдің орындаушы­лық мәдениетін көтеруге ол елеулі еңбек сіңірді» деп жазады. 
1944 жылы Абай атындағы опера және балет театрында А.Жұба­нов пен Л.Хамидидің «Абай» операсының премьера­сын, ал 1946 жылы «Жамбыл мен Айкүміс» операсы премьерасына дирижерлік етті. 1944 жылы Ташкентте өткен Орта Азия және Қазақстан музыка өнерінің он­күн­дігінде М.Төлебаевтың «Қа­зақ­стан уветюрасы» атты тұңғыш симфониялық шығарма­сының да алғашқы дирижері – Л.Шаргородский. Дирижер ретінде дәуірлеген, халық қошеметіне бөленген тұсы да осы театрда қызмет еткен кезеңі екен. 
«Леонид Матвеевич Қазақ­станға келген алғашқы күннен бастап қазақ музыкасы мен қазақ музыка коллективтерін, филар­мо­ния солистерін аса қызығу­шы­лықпен зерттей бастады. Қазақ ұлттық оркестрі, қазақ мемлекеттік капелласының даму жолына, сонымен қатар Жамал Омарова, Шара Жандарбекова, Жүсіпбек Елебеков сынды көрнекті қазақ артистерінің шы­ғар­машылық өсуіне зор ық­пал етті. Әсіресе, қазақ ұлттық ор­кестрін мейлінше жақсы көріп, аз уақыттың ішінде оркестр­ге тән ерекшеліктерді тез танып, ерекше ықыласпен бірнеше концерттік бағдарлама жасап шықты. ...Халық композиторы Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Қайран шешем» тәрізді оркестр үшін аса қиын бірнеше күйлеріне асқан шеберлікпен тамаша дирижерлік етті. Филар­мо­нияда А.Жұбановтың «Сары» және С.Көшекбаевпен бірге жазған «Сейтек» сияқты тұңғыш бірактілі музыкалы пьесаларын сахналауға белсене қатысып,  жетекшілік етті әрі алғашқы дирижері болды. Қазақ ұлттық оркестрі үшін жазылған А.Жұба­новтың «Абай» атты бірінші сюи­тасын дайындап, көпшілікке ұсынған Шаргородский еді. Л.Шаргородский жаңа құрылған қазақ ұлттық оркестрін бірінші рет терең һәм тиянақты зерттеген жалғыз кәсіби білікті дирижер. ...1942 жылдың маусым айында Фрунзе қаласында өткен Орта Азия республикаларындағы со­вет музыкасына арналған дека­дада ойналатын қазақ концерті  бағ­дарламасын әзірлеп, Штейн­берг, Зильбер, Жұбанов, Хамиди, Шабельский сияқты компози­тор­­лардың көлемді шығарма­ла­рын көрсету Шаргородскийдің үлесіне тиген. Жергілікті баспа­сөз табысты концертті атап өтті. СССР мемлекеттік музыка кол­лек­тивтері дирекциясы Л. Шар­город­скийді Құрмет грамо­тасы­мен марапаттады.
...Аспапқа бөліп жазу жөні­нен айтары өте көп еді. Леонид Матвеевич әркез Жаппас Қалам­баев, Мәлік Жаппасбаев, Ғабұл­ман Матов, Смағұл Көшек­баев тәрізді жас композиторлармен қызу әңгіме құрып, олардың ән-күйлерін оркестрге ыңғайлауға көп уақыты кетті. Қазақтың жас композиторы Мұқан Төлебаев­пен тығыз шығармашылық бай­ла­ныс орнатып, білгенін үйрету­ден жалықпаған Шар­го­род­ский, оған дирижерлік шебер­лік, пар­титура оқу және аспаптанды­ру сабағы бойынша қосымша дәріс берді» деп жазады Латиф Хамиди оның қызметі туралы.  
Леонид Шаргородскийдің жетек­шілігімен аталған филар­мо­нияда Қазақ ССР халық артис­тері Шара Жиенқұлова мен Жамал Омарованың ансамблі ұйымдастырылды. Қазақ музыка мәдениетіне қосқан зор үлесі мен орасан еңбегі үшін 1949 жылы Сталин сыйлығына ұсы­ныл­ған. 
Л.Шаргородскийдің дири­жер­лік шеберлігі туралы А.Жұба­нов өзінің «Өскен өнер» атты кітабында «Сахнадағы әншілер, шырқ айналып ұшып жүрген бишілер – төменде отырған оркестр, бәрі де көп дауысты музыкада бәрін қолға қалай бағын­дырудың не екенін Шар­город­скийдің дирижерлық таяқ­ты сілтеуінен анық түсіне­тін» деген екен. 
Қазақ күйлерінің табиғатын терең сезінбеген дирижер оның сырлы сазы мен ұлттық ерекше­лік­терін тап басып, ашып көр­сете алмайды. Әуен ырғағымен ілесіп жүріп, оркестр жетегінде кетуі мүмкін, бірақ өзі иіріп әкет­пейді. Ондай шығарма көп­тің көңіліне жете де бермейді. 
«...Кезінде Құрманғазы атындағы оркестрдің дирижері бола жүріп, Л.Шаргородский осы күйлерді («Кішкентай», «Топан») өзінше талдап, өз түсінігі бойынша оркестрге орындатты. Оның күй екпінін баяулатып созғаны сонша, тіпті, шығарманың бүкіл мазмұны өзгеріп кетті. Бір ғажа­бы – сол күйлер осы күнге дейін баяғы қате интерпретация­мен орындалып келеді» деп А.Жұба­нов дирижердің жақсы жақ­тарымен қоса көңілі тол­май­тын тұстарын да жазып отырған. 
Шаргородскийдің әріптесі Шабельскиймен түрлі жанрда бірлесе жазған шығармаларының тізімі мынадай: симфониялық оркестр үшін қазақ әуендеріне жазылған сюита, симфониетта, қобыз бен фортепианоға арнал­ған соната, «Наш город» вальсі, қазақ оркестріне арналған «Алатау» поэмасы, «Грузин фан­та­зиясы», «Орыс әуендеріне жазылған фантазия», «Тойбас­тар» поэмасы, үрмелі оркестр үшін «Комсомол маршы», тром­бонға арналған қазақ әуен­дерінен концерт. Л.Бетховен­ның №1 симфониясы мен Маршы, М.Глинканың «Вальс-фантазия» мен «Камаринская», С.Рахма­ни­нов­тың №6 прелюдия, 
М.Мусорг­скийдің «Гопак», Глазу­нов­тың «№6 концерттік вальс», А.Дворжактың «Славян билері» мен Ж.Бизенің «Кармен» опера­сының ІV бөліміне антракт, А.Бородиннің «Орта Азияда», П.Чайковский «Черевички» операсынан запорож биі, Э.Григ­тің «Көктемде» шығарма­ларын Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі үшін арнайы өңдеген.
1944-1945 жылдары Одаққа тапсырған қағазында «Қазақ поэмасы» – симфония және қазақ оркестрі үшін; «Жамбас си­­пар», «Бурылтай», «Қуана­мын», «Қыз­дар-ай», «Илигай», «Ақ­құм», «Жаяу Мұса» әндерін ор­кестрге өңдеу; Ж.Бизенің «Кар­мен» опе­ра­сынан антракт – қазақ ор­кестрі үшін; «Аман­гелді» опера­сының үшінші кар­ти­­насын оркестрлеу; Бруси­лов­ский, Төлебаев, Ерзако­вич және әуесқой композиторлар Байбо­ла­тов, Әбіров, Жаппасбаев­тардың бірнеше әндерін өңдеу және оркестрлеу; екі оркестр үшін Жұбановтың «Москва», «Тә­жік билері», «Терме», «Қар­лы­ғаш», «Ақшол­пан» оркестрге енгізу деп жазады.  
Жұбановтың «Творчество адамдарында бола беретін бала­лық сияқты кездейсоқ бір жағ­дай­лармен Шаргородскийдің рес­публикамыздан кетіп қалуы өкінішті-ақ жағдай болды» деген сөзінен неліктен 1957 жылдан кейін ешқандай құжат бетінен Шаргородскийдің есімін көр­мей­тініміздің себебі  белгілі бол­ды. 
Әйгілі шешен композиторы Саид-Эми Димаев алғаш музыка колледжіне 1957 жылы Л.Шар­город­скийдің класына қа­был­дан­ғаны туралы айтылған. Де­мек, осы жылы Грозный қала­сындағы музыка коллед­жінде сабақ берген. 1978 жылы Грозный қаласында дүниеден өткен ҚазССР еңбек сіңірген өнер қай­рат­кері, композитор, дирижер Л.Шаргородскийдің өмірінің соңғы жиырма жылы қалай өтке­ні әзірге белгісіз. 


Мүсілім ӘМЗЕ,
дирижер