Желіге кіріп желікпе
Желіге кіріп желікпе
564
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеуді тапсырды.

Президент пікірінше, халықпен кездесулерде елмен сындарлы диалог құру көптеген проблемалық мәселелерді тиісті деңгейде шеше алатынын көрсеткен. Осы мүмкіндікті әкімдер қалай пайдалануы керек? Мемлекет басшысы Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қа­ла­ларының әкімдерімен өткен кеңес­те осындай тапсырма бер­ген болатын. «Біз үшін қарапайым ха­лықтың әлеуметтік жағдайын білу және дер кезінде әрекет ету өте маңызды. Әкімдер халықтың сұранысына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Әлеуметтік желілерде бел­сен­ді жұмыс істеу маңызы: мес­сенд­жерлерде топтар құрып, жүр­гізіліп жатқан саясатты түсін­діру, жағдайды жетілдіру және басқару. Халықпен кері байланыс бар­лық жерде орнаған жоқ, 7 әкім­­діктен барлығы төрт бай­ла­­ныс call-орталығы бар, ал мо­биль­ді халық бақылауы – 7 өңірде ғана», – деді. Әкімдер халықпен өзара іс-қи­мылдың жаңа форматына кө­ше­тін болды. Бұл – жақсы үрдіс. Ен­ді ауылдағы әкімдерден облыс әкімдеріне дейін барлық дең­гей­дегі әкімдерге әлеуметтік желіде тір­келіп, халықпен күнделікті қа­рым-қатынасқа түседі. «Дос­тық» сұрап, талай әлеуметтік же­ліні тұтынушыға қолын ұсы­нып жатқандар көп. Осы уақытқа дейін мемле­кет­тік қызметкерлер бір жақта, әлеу­меттік желідегі қара халық бір жақ­та өмір сүріп келе жатқандай еді. Үлкен кеңселерде смартфон ұс­тауға тыйым салынғаны белгілі. Кез келген мемлекеттік мекемеге кір­сеңіз, ең алдымен ұялы теле­фо­­ныңызды кіреберіс жәшікке қал­дырып кетуге тиіссіз. Әкімші­лік қызметкерлері қымбат қал­та­фондарын тастап, қарапайым телефон ұстауға көшкелі қашан?! Желіге кіру – желігу емес. Бұл – жұрттың жағдайын білу. Ел-жұрт жа­найқайын әлеуметтік желіде жариялайды. Билік институттары бір бөлек тыныстап келді. Жылы­на бір рет есеп беру кезінде ғана әкім­дер жұртшылық мұңын тың­даған болады. «Қоғамның қазіргі даму ке­зеңін­де жүргізіліп жатқан рефор­ма­лар мен іске асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мәнін нақ­ты және қолжетімді жеткізе білу – әрбір жетекшіге ажырамас талап. Кейде ең сауатты маман қа­­рапайым және қолжетімді тілде сөй­лей алмайтынын өздеріңіз кө­ріп отырсыздар», – дейді Қа­сым-Жомарт Тоқаев. Кейде апталап, кейде айлап ше­шілмейтін мәселелер әлеумет­тік желі арқылы жедел шешіле­тіні­не куәміз. Атқарушы билік ел ішін­дегі мәселелерді қорда­лат­пай, жылдам шешіп отыруы ке­рек. Кейбір желі белсенділері «кос­тюм киген кісілер достық сұ­рап жатыр» деп наразылық та­нытып та жатыр. Бұл дұрыс емес. Шама келгенше елдік мәселелерді бірігіп шешуге ұмтылғанымыз жөн. Жағдайыңа құлақ асқысы келіп тұрған жандардың бетін кері қайтарғаннан не табамыз?