Икер-мэн

Икер-мэн

Футбол әлемі дүрлікті. Себеп сәрсенбідегі ЛЧ, бейсенбідегі ЛЕ емес. Икер Касильястың жағдайы. 37 жасар қақпашы енді алаңға оралмауы мүмкін. Таңғы жаттығу кезінде жүрек талмасы ұстапты. Артынша ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Қазіргі жағдайы жақсы болғанымен, карьерасына қатысты болжам жасау қиын.

Санто. Мұның бәрі – жанкүйердің Касильясқа деген ықыласы. Жылдар бойы жинаған абыройдың жемісі. «Реалда» өткен, «Портуда» жалғасқан футбол-ғұмырдың нәтижесі. Футболда шынайы аңыз атын алғандар санаулы. Рауль, Гути, Хави, Пуйоль мен Касильястың хикаялары әртүрлі. Байланыс – шексіз құрметте.

 Мінсіз мансап

Икердің карьерасы дүниеге келмей тұрып басталған деседі. Балгер анасына ұлыңа баск есімін бер, сонда ол атақты футболшы болады депті. Әкесі болжамға иланып, ұлына Икер деп ат қояды. 3 жасынан бастап допқа үйір болғаны таңданыс тудырмайды. Ұлын стадионға апару әкесінің үйреншікті әдетіне айналады. Касильястың асфальтқа құлайтынын біле тұра, допты қайтаруға ұмтылуы алаңдағы позициясын айқындайды. Баласының таланты барын сезген әкесі қамдануға кіріседі.

8 жасында «Ла Фабрикаға» қабылданады. Футбол әліппесін «Реал» академиясында үйренеді. «Реал С», «Реал В-да» тәжірибе жинап, 1999 жылдан бастап «Реалдың» негізгі құрамына қабылданады. 19 жасында Чемпиондар Лигасын жеңіп алады. Айқұлақты кубокты иеленген ең жас қақпашы атанады. Бірте-бірте балгердің жорамалы орындала бастайды. Икер «Реалмен» бірге талай трофейге қолы жетеді. Галактикос клубқа 25 жылын арнап, 725 ойынға қатысады. Дегенмен Мадридтегі хикаяның нүктесі сәтсіз қойылады.

Описание изображения

Икердің Испания ұлттық құрамасындағы дәуірі алтын кезеңмен тұспа-тұс келді. Дель Боскенің өзі 21 жасар Касильясқа сенім артты. Бапкер көңілінен шығуға барын салды. 2008 жылғы Еуропа чемпионатында жеңімпаз болды. Грециямен болған финалға қатыспады демесеңіз, барлық матчта құраманы бастап шықты. 2010 жылы Әлем чемпионы атанды. ФИФА Касильясты турнирдің үздік қақпашысы аталымымен марапаттады. Әсіресе, ӘЧ-де Касильястың сіңірген еңбегі көп. Ол ойыншылардан «Барселона» мен «Реал» арасындағы текетіресті ұлттық құрамада ұмытуды талап етті. Хави мен Пуйольді қасына алып бірігудің жоспарын жасады. Ұлттық құрамада жайлы атмосфера орнатуға талпынды. Жігерін жаныды. Нәтижесінде, Испания тарихында тұңғыш рет мундиаль жеңімпазы болды. Құрамадағы еңбегіне қарап испаниялықтар Икерді Эль Санто деп атайды. Тіпті туған жері Мостолеседе Касильяс атындағы көше бар. Испандықтардың Икерге деген ықыласы бөлек. Дегенмен Де Хеа келгесін Касильястың Испания құрамасындағы міндеті жеңілдей түсті. Бірте-бірте негізгі құрамда алаңға шығу мұң болды. Өзі де жастарға жол бергенді жөн көрді. Құрамадағы Еуро-2000-мен басталған дәуір Еуро-2016-да аяқталды.

 


Таңданыс

2015 жыл. Бернабеу баспасөз залы. Журналистерге жалғыз жауап берген Касильяс. Икер «Реалмен» дәл осылай қоштасқысы келмеді. Ол – анық. Қоштасу Ливердің Джерардты, Барсаның Хавиді шығарып салғанындай болмайтынын іші сезген болар. Бірақ дәл мұндай суық қарым-қатынасты күтпеді. Осының бәрі «Реалдағы» Моуриньо кезеңінен басталған еді. Моуриньо «Барселона» мен «Реал» арасында суық соғыс бастағысы келді. Бұл ұлттық құрамаға төнген қатер еді. Касильяс бастаған жігіттер құрама туын жыққысы келмеді. Хави екеуі жылы қарым-қатынаста болды. Моуриньо болса Икердің әрекетін ұнатпады. Жиі ескерту жасап отырды. Ақырында Касильястың «Реалдағы» жағдайы қиындап кетті. Негізгі құрам дегенді ұмытуға жақындады. Психологиялық түрде шаршады. Жанкүйерлер де корольдік клубтың жеңілісін Касильястан көретінді шығарды. Бір сұхбатында өзі де рухани түрде шаршағанын баяндайды. Ақыры 2015 жылы «Порту» сапына ауысатынын мәлімдейді. Мадридте өткен конференцияда егіле жылайды. Мүмкін 25 жылын арнаған клубы, 25 минуттық конференцияға қатыса алмағанына налыған болар.

Жаңа сүрлеу

Биыл ЧЛ-дің ширек финалында «Энфилд» Икерге ерекше қошемет білдіреді. Өз кезегінде қақпашы ерекше ілтипатқа лайықты жауап қатады. Касильясқа құрмет көрсетпеу айып болар еді. Өйткені Чемпиондар лигасындағы екі бірдей рекорд Икерге тиесілі. ЧЛ-де 167 ойын өткізіп, соның 57-сінде қақпасына гол өткізбеген жалғыз қақпашы. Ол «Порту» мен «Ливерпуль» ойынынан кейінгі баспасөз жиынында ағынан жарылады. «Күн сайын карьерамның соңы жақындағанын сеземін. 40 жасына қарамастан Буффонның алаңда жүргеніне қарап, өзімді қамшылаймын. Мүмкіндік болса мансабымды Буффоннан кейін аяқтағым келеді. Футболдан алыстағым келмейді. Басқа іске мойын бұруға құлық жоқ. Мұнда сен сан мыңдаған адамды бақытты ете аласың. Көңіл күй сыйлайсың, жігер бересің. Өзіңе сенгеннің сенімін ақтауға тырысасың.

2000 жылғы ЧЛ-дегі жеңіс жадымда. Париждегі түнді, «Валенсияға» қарсы тартысты ойынды қалай ұмытасың?! Содан кейін, әрине, 2010 жылғы Әлем чемпионаты. Испанияның арманы орындалған күн. Футбол маған қолымдағы барды берді.

«Порту» футболды жаңа қырынан қарауға үйретті. Бүкіл өмірімді ең үздік клубта өткіздім. «Реалда» бәріне қолым жетті. Мадридте жақындарымның қасында, достарымның жанында жүрдім. Үздік клубта футболдан ләззат алдым. Ыңғайлы зонадан шығатын кезің келеді. Мендегі жағдай соған ұқсас. «Портуға» келдім. Мұнда да еурокубокке талас, чемпионатта тартыс бар. Бірақ сәл басқаша. Осы үшін болар, футболды басқа қырынан тани бастадым. Бұл маған сабақ болды».

Описание изображения

Касильяс карьерасының ары қарайғы күйі белгісіз. Ота жасатқан соң, жасыл алаңға орала алар ма екен? Дәрігерлердің айтуынша, осы жерден тоқтатқаны жөн. Икерге шешім қабылдау қиынға соғады. Өйткені жақында ғана мансабымды Буффоннан соң аяқтаймын деген еді. Адамның дегені болмайтынына тағы бір дәлел. Қандай шешім қабылдаса да, аңыз-қақпашының саулығын тілейміз. Егер үлкен футболмен қоштасып жатса, «Порту» аңызды лайықты түрде шығарып салар. Жан-жақтан жылы тілек білдіріп, әріптестері «Драгауға» ат басын бұрар. Сонда да есіне «Бернабеудегі» ойын түсіп, жадында Hala Madrid ұраны жаңғырары айқын.

 Айзат АЙДАРҚЫЗЫ