«Жас Отанда» – жаңа төраға
«Жас Отанда» – жаңа төраға
559
оқылды

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен «Жас Отан» Жастар қанаты Орталық кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде ұйымның жаңа төрағасын сайлау мәселесі қаралды.

Отырысты ашқан Nur Otan пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Жас Отан» Жастар қанатын партияның негізгі тірегі деп атады.

– Қазақстанның барша жас­тарымен жұмыс істеуде, оларға Елбасы саясатын түсін­діруде, жас буынды қоғамдық іс-шара­ларға жұмыл­дырып, игі істерге бағыт­тауда «Жас Отанның» атқарар рөлі зор. Сондықтан жасотандықтарды Елбасының сенімді көмекшілері деп айтуға толық негіз бар, – деді Мәулен Сағатханұлы.

Сондай-ақ ол Тұңғыш Прези­дент бас­тамасымен биыл Жастар жылы деп жария­ланғанына назар аударып, осы бағыттағы жұ­мыс­тарды жүзеге асыруға «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді үлес қосатынына сенім білдірді.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев осы уақытқа дейін «Жас Отанның» төрағасы болып келген Данияр Сүндетбаевқа нәтижелі еңбегі үшін барша жасотандықтар аты­нан алғыс білдірді.

– Данияр Сүндетбаевтың төра­ғалығы кезінде «Жас Отан» жаңа биікке көтеріліп, бірқатар тың жобалар қолға алынды. Жас­тар қанатының жаңа, заманауи форматтағы IV съезі ұйымдас­тырылды. Сондықтан Данияр бауырымызға атқарған қызметі үшін алғыс білдіріп, алдағы істеріне сәттілік тілейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, соңғы екі жыл бойы еліміздегі жасотандықтардың басшысы болып келген Данияр Сүндетбаев шетелде білімін жал­ғастыру туралы шешім қабылдап, өз еркімен қызметінен босатылды. Соған байланысты «Жас Отан» Жастар қанатының Орталық кеңесі Данияр Сүндетбаевтың өкі­лет­тігін тоқтату туралы шешімді қол­дап дауыс берді.

– Бұл жерде «Жас Отан» Жастар қана­тының үлкен респуб­ли­калық командасы отыр. Сіз­дерге алғысымды жеткізгім ке­леді. Екі жыл ішінде көптеген жобалар­ды жүзеге асырдық. Біз ұйым­дас­тырған іс-шаралар жо­ғары дең­гейде өтті. Ауызбіршілігі жарасқан ұйымшыл отбасы бо­лып «Жас Отан» мектебін жал­ғастыра бе­рейік, – деді Данияр Манарбекұлы.

Осыған орай Nur Otan пар­тиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары «Жас Отан» Жастар қанатының төрағалығына бүгінге дейін осы ұйымның атқарушы хатшысы болып еңбек етіп келген Дәулет Кәрібектің кан­дидату­расын ұсынды. Орталық кеңес мүшелері бұл ұсынысты талқыға салып, нәти­жесінде бірауыздан қолдау білдірді. Соған сәйкес Дәулет Кәрібек «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы болып сай­ланды.

– Дәулет Кәрібек 2017 жылдан бері «Жас Отан» Жастар қанаты­ның атқарушы хат­шысы болып қызмет атқарып келеді. Қо­ғамдық жұмыстарға белсене қатысып, табан­дылы­ғы­мен танылған ол жастар саясатына қатысты көп­теген тың ұсыныс­тарымен де көзге түсті. Соның нәтижесінде «Дарын» мемлекеттік сый­лығының лауреа­ты атанып, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды. Сон­дықтан Дәулет бұл қыз­метті нәтижелі атқарады деп сенемін, – деген Мәулен Әшімбаев «Жас Отанның» жаңа төрағасына алдағы қызметінде табыс тіледі.

Өз кезегінде Дәулет Кәрібек партия бас­шылығына білдірген сенім үшін ризашы­лығын жет­кізіп, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға уәде берді.

Отырыс соңында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміздің алдында үлкен саяси науқан тұрғанына назар аударды.

– Алдымызда Президент сай­лауы тұр. Елбасының тапсыр­масымен партиямыздың бұл науқанға белсене қатысатыны белгілі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республика­сының президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Енді санаулы күндерден кейін үгіт-насихат жұмыстары басталады. Осындай ауқымды жұмыстарда жасотан­дықтардан белсенділік күтеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.


Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ,

«Жас Отан» Жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:

   H_Jetpisbaev.JPG

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ

– «Жас Отанның» жаңа төрағасын сайлауға әр өңірден ұйым мүшелері келді. Біз Қарағанды жастарының және жасотандықтардың атынан Даниярға атқарған жұмысы үшін алғыс айтамыз. Екі жыл басшылық қызметінде командамызбен көптеген жетістіктерге жеттік. Оның шетелде білімін жалғастыру туралы шешімін, біз, жасотандықтар, қолдаймыз. Сапарың оң болсын дейміз. Жаңа басшымыз Дәулет Кәрібек те «Жас Отанға» жаңа леп әкеледі деп сенеміз!

 

Асылжан БҮРКІТАЛИН,

«Жас Отан» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

    Асылжан.jpg

Асылжан БҮРКІТАЛИН

– Данияр Манарбекұлымен жұмыс істеген 2 жылдың ішінде ол өзін білікті басшы дәрежесінде көрсете білді. Жаңа жобаларды жүзеге асырдық. Жаңа форматқа көштік. Біз, жасотандықтар, Даниярға сәт-сапар тілейміз! Сенің әр қадамыңа үлкен қуанышпен, сеніммен қараймыз. Ал жаңадан басшылыққа сайланған Дәулет Жұмабайұлын төрағалық қызметімен құттықтаймыз. Оның еңбекқорлығын, білімпаздығын, көрегендігін жақсы білеміз. «Жас Отанның» жайын бес саусағындай білетін маманның төраға болуы – біз үшін үлкен мәртебе. Жаңа басшымен жаңа деңгейге көтерілетінімізге бек сенімдімін. 


Мади АХМЕТОВ,

«Жас Отан» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы:

    

Мади.jpg
Мади АХМЕТОВ

– Даниярмен ҚазҰУ-да оқып жүрген жылдары қызметтес болдық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитетін басқарды. Екі жыл ішінде Алматы қаласында «Жас Отанның» баста­масымен атқарылған жобаларды жүзеге асырдық. Алдағы уақытта біз Даниярды тек биіктерден көреміз деп ойлаймын.

Бұған дейін «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы болған Дәулет Кәрібекті жаңа қызметімен құттықтаймыз. Ұйымшыл ұжыммен жаңа жетістіктерге жетіп, әр істе табысқа кенелетінімізге сенемін. Алдымызда үлкен сынақ тұр. Бәріміз сайлауда біріге жұмыс істеуге дайынбыз. Алматы жастарының атынан, Алматыдағы жасотан­дықтар атынан жиында қабылданған шешімді қолдайтынымызды жеткізгім келеді.