Бізге бәрі ыңғайсыз
Бізге бәрі ыңғайсыз
412
оқылды
Салтқа, дәстүрге адал-ақ ұлтпыз. Өзгені сыйлауға да өте құлықтымыз. Басқаның көңіліне қарағышпыз. «Тыныш болса екен, дұрыс болса екен» деп елпең қағып отырамыз. Қали Сәрсенбайдың есімін алты Алаштың баласы біледі.

Алматыдан үй алғанша талай табалдырық тоздырған, астынан сыз, үстінен мұз өткен кісі есігін мейлінше күзеткен; «Тұрғын үй – 91» бағдарламасымен пәтер алып, төрт бөлмелі даңғарадай баспана­сына қоныстанады; төрт баласы үрпиісіп бір бөлмеге қайта-қайта тығыла беріпті; «әй, анау бөл­мелерге барсаңдаршы, ойнаңдар асыр салып» десе, балалары жәу­теңдеп «қожайын ұрыспай ма?» дейтін көрінеді… Тәуелсіздіктің жиырма се­гі­зін­ші жылына ойыссақ та, бәріміз сол Қалидың балалары секілдіміз. Біреу ұрысып тастайтындай өмір сүріп жатырмыз. Бізге бәрі ыңғайсыз: қатты күле алмаймыз, дауыстап жүре алмаймыз; демімізді ішімізден ала­мыз, іштен тынамыз; ел менікі, жер менікі деп кеуде керуге ең­кейген еңсеміз мұрша бермейді; қатты сөйлеуге қорқамыз, қатулы қабақ, тұнжыраған түр, арп еткен айқай естіп қаламыз ба деп елең-алаң күй кешеміз. Бір мекемеде жалғыз радио болғанды да көргенбіз. Қазақтар қазақшаға қойса, орыстілділер орысшаға ауыстырады: терезе алдына барған болып біреуі бір ауыстырып кетеді, гүлге су құйған болып қайтадан қазақшаға бұрай­мыз; сегіз сағат жұмыс күнінде бай­ғұс радионың құлағы осылай­ша мың бұралады. Нағыз үнсіз майдан. Бұл – кеңестік кезеңдегі көрініс. Өз алдымызға ел болдық, ер­кін болдық, азатпыз деген мына заманда сол көрініс аса көп өзгере қойған жоқ. Құлдық санадан құ­тылған жоқпыз. Заман өзгерге­ні­мен, қалып өзгермеді. Бізге бәрі ыңғайсыз: мейлінше шаттана алмаймыз, шарықтата ән сала алмаймыз, қысылып, қымты­рылып отырамыз; тық-тық еткен туфли даусынан қорқамыз, тар­сылдаған дыбыстан, арсылдаған дауыстан қараптан-қарап секем аламыз, селк ете қаламыз; қанға сіңген үрей әбден үркек етіп тас­таған. Бізге бәрі ыңғайсыз: қазақ болу ыңғайсыз, азат болу ың­ғай­сыз, еркін болу ыңғайсыз, жарқын болу ыңғайсыз, жүру де ыңғайсыз, тұру да ыңғайсыз; жалпы өмір сүру ыңғайсыз… Осыны жазу да ыңғайсыз… Қашан ыңғайлы болады екен?!.