Ертаев бастаған депутаттар тұрғындармен кездесті
Ертаев бастаған депутаттар тұрғындармен кездесті
364
оқылды

Мәжіліс депутаттары Бақытжан Ертаев, Әлия Сапарова, Жанат Омарбекова Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында Шемонаиха ауданданында болып, аумақтық сайлау комиссиясы құрамымен және өңір тұрғындарымен кездесті.

Жұмыс сапары Выдриха ауылдық округінен басталды. Депутаттар зейнет жасындағы адамдарға арналған облыстық сауықтыру орталығы – «Уба» шипажайына барды.

Кездесу кезінде депутаттар шипажайдағы демалушылармен әңгімелесіп, ондағы медициналық қызметкерлердің жұмысымен танытты. Емделушілер шипажай қызметіне оң баға беріп, мұндағы жоғары сапалы медициналық қызметтің жақсы екенін айтып, басшылыққа алғыс білдірді.

Мұнан кейін депутаттар шипажайдың мәжіліс залында округ тұрғындарымен кездесіп, Мәжілісте жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы, қабылданып жатқан заң жобалары және жергілікті жерлердегі проблемалық мәселелерді де тыңдады.

Ауыл тұрғындарын медициналық орталықтағы дәрігерлердің жетіспеушілігі алаңдатып отыр. Бұл мәселеге округ әкімі Любовь Ступенько жауап берді. Ол өңірдегі бір топ жас мамандар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауылға келіп, қызметке орналасатынын жеткізді. Әңгіме барысында жас мамандарға арнайы пәтер берілетіні айтылды.  

Округ әкімі Л.Ступенько Мәжіліс депутаттарына республикалық бюджеттен ауылды абаттандыруға, көркейтуге қажетті деңгейде қаражат бөлінсе екен деген тілегін білдірді. Сонымен қатар, кездесуде ауылдағы еңбек ақысының төмендігі де сөз болды. Депутаттар тұрғындардың барлық сұрағына жауап беріп, өзекті мәселелердің алдағы уақытта шешімін табатына сендірді.

Кездесуден соң депутаттар күрделі жөндеуді қажет ететін Анатолий Иванов атындағы орта мектепті аралап, бірнеше жыл бұрын салынған жергілікті фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысты. Олар өз кезегінде Выдриха округінде атқарылып жатқан шараларға оң баға беріп, шешімін таппаған түйткілді мәселелерді бақылауға алатынын айтты.