Қарағанды облысында әрбір этнос ана тілін үйреніп, салт-дәстүрін сақтау мүмкіндігіне ие. Сонымен бірге, ниет білдірушінің барлығына қазақ тілін оқу орталықтары қолжетімді болып табылады, «Ахуалдық қазақ тілі – «Мәміле» жобасы жүзеге асырылуда.
Қарағандыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының XXVII сессиясының қатысушыларымен кездесу өтті. Делегаттар аймақ жастарымен елордада өткен кездесуде алған әсерін бөлісті. Бас қосуда этномәдени бірлестік жетекшілері жастармен бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуда жас ұрпақтың атқарар рөлі мен қоғамды жаңғырту мәселесін талқылады.Ассамблея сессиясына қатысқан делегаттар жиыннан жаңа күш пен жігер алған. Ендігі мақсат – айтылған тапсырманы жастарға жеткізу.
– Жастармен кездесіп, жақсы әсер алдық. Біздің делегаттар сөз сөйледі. Шараға өңірдің ЖОО-ның студенттері, мұғалімдер, жас кәсіпкерлер жиналып отыр. Барлығына бүгінгі айтылған тапсырмаларды жеткізу міндет, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский кездесудің маңызына тоқталды.
– Жастар жылы – жай ғана сөз жүзінде ғана емес, істермен және қамқорлыққа бай жыл болуы тиіс. Жастарға даму үшін серпін беріп, зияткерлік және материалдық жағынан қосымша қолдау көрсетуіміз тиіс. Оларға сессияның рухын, мағынасын және сезімін жеткізуіміз керек. Осы жылы кездесу жастарға арналды деп айтуға болады. Елбасы жас ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты, – деп атап өтті.
Абай ауданының математика пәнінің мұғалімі Лариса Кравцова отбасылық құндылықтар туралы әңгімеледі. Ол ҚХА сессиясында сөз сөйлеу құрметіне ие болды.
– Бес балам бар. Олар – мен үшін үлкен қуаныш. 24 жыл мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келемін. Біздің үйіміз, біздің отбасымыз бағалайтын және сақтайтын ұлы игілігіміз екенін түсінген жөн. Өйткені отбасы – мемлекетіміздің негізі, – деп атап өтті делегат.
Достық үйінде болған кездесу бейресми форматта өтті. Жастар өздерінің жобалары мен ұмтылыстары туралы айтып берді.
– Мен осындай достық байланыстан көп жақсылық көрдім. Өзімді толғандыратын көптеген сұраққа жауап алдым. Елімізде жастарды қолдау үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біз, жастар, еліміздің болашағы үшін жауапкершілігімізді сезінуіміз керек, – деді жас ғалым Арман Кенжебеков.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы