Әділ сайлау – әділет нышаны
Әділ сайлау – әділет нышаны
357
оқылды

Бүгіннен бастап Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облыстық қоғамдық штабы құрылды. Облыстық қоғамдық штабты бесінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған Ұласбек Сәдібеков басқарады.

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалында өткен брифингте Ұласбек Сәдібекұлы штабтың алдағы жұмыстары мен құрамы жайында жан-жақты айтып өтті.
Облыстық қоғамдық штаб 65 адамнан тұрады. Оның құрамында танымал тұлғалар, қоғам қайрат­керлері, партия белсенділері, зиялы қауым өкілдері, облыстық филиал саяси кеңесінің мүшелері мен жастар ұйымдарының белсен­ділері бар. Сондай-ақ өткен сайлау науқанына қатысып, мол тәжірибе жинақтаған азаматтар, үкіметтік емес ұйым өкілдері де молынан қамтылды. Бүгінгі күні облыстық және аудандық, қалалық 17 штаб жасақталып, құрамына 573 адам енген.
Облыстық, аудандық, қалалық қоғамдық штабтар аппаратының құрылымы жасақталған. Штабта ұйымдастыру, саяси, қоғамдық қабылдау заңгерлік бөлімдері мен баспасөз-қызметі жұмыс істейді.
Зиялы қауым өкілдерімен, ақ­сақалдармен, әлеуметтік сала қыз­меткерлерімен, еңбек ұжымдары­мен, кәсіпкерлермен, ауылшаруа­шы­­лық саласы мамандарымен, шал­­ғай ауыл тұрғындарымен, үкі­­меттік емес ұйымдармен, құры­лыс­шылармен, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласының және өзге де санаттағы азаматтар­мен еркін форматтағы кездесулерді көбірек өткізуге көңіл бөліп отыр­мыз, – деді облыстық штаб төра­ғасы Ұласбек Сәдібеков.
Кандидаттың бағдарламасын сайлаушыларға толыққанды жет­кізуді мақсат еткен штаб мүшелері облыстық желілік кесте әзірлеп, ол бойынша сайлаушылардың басым бөлігін қамтуды жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – сайлауалды бағдарламаны халықтың жүрегіне жеткізіп, жан-жақты насихаттау. 
Nur Otan партиясы төрағасы­ның Бірінші орынбасары, Респуб­ликалық қоғамдық штаб төрағасы Мәулен Әшімбаев басқарып келетін штаб мүшелері құрамында Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары және есімдері елге танымал азаматтар бар.
Әділ сайлау – әділеттің ны­шаны. Сондықтан да, біздің мақсат – Nur Otan партиясының XIX съезі шешімдерін сайлаушыларға кеңі­нен түсіндіріп, басты жетістігіміз Тәуелсіздікті ту ете отырып, сайлау заңнамасын сақтау арқылы сай­лаудың сапалы әрі демократиялық жолмен әділ, ашық түрде өтуін қамтамасыз ету, – деді Ұласбек Сәдібекұлы.


Түркістан облысы