Ішімдікке қарсы үндеу жариялады
Ішімдікке қарсы үндеу жариялады
468
оқылды

Рухани орталығымыз Түркістанда қасиетті айда мұқтаж жандар қолдаусыз қалмайды. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша өкіл имам Мұсабек Ақтамберді журналстермен болған брифингте айтты.

Сондай-ақ, облыстың бас имам қасиетті айда тек қана ішіп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды жаман әдет-қылықтардан аулақ болуды және «Түркістан рухани астанамыз деп ой салар дүниені қозғап, мұндағы әруақтарды құрмет етіп, ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмеу керектігін айтты.

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде қасиетті Рамазан айына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар Рамазан айындағы сауапты амалдарды айтты.

Жиында баршаны келіп жатқан қаситеті Ораза айымен құттықтаған бас имам ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайтынын жеткізді.

«Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы — қасиетті Рамазан — сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы — Рамазан. Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды» - деді Түркістан облысының бас имамы.

 Мұсабек Ақтамберді кәсіпкер жомарт, жанашыр азаматтарды, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге, қайырымдылық жасауға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырды.

Сонымен қатар, брифинг барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы өкілдігінің қасиетті Рамазан айына байланысты өңір халқына үндеуі жарияланды.

Мәлімдемеде Рамазан – ынтымақ пен бірлік айы болғандықтан және осы айда берілетін ауызашарлар ағайын-жұрттың арасын жақындастырып, игі іс-шаралар мен қайырымдылық акциялар халқымызды сенімі мен нәсіліне қарамай, ортақ мақсатқа үндейтіні айтылған. Бүкіл әлемнің Жаратушысы барша адамға: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйыратынын және бірлігі күшті елдің берекесі артатынын жеткізген Үндеуде:

«Қасиетті айдың құрметі үшін күнделікті тіршілігімізде болатын қайғы-қасіретке сабырлық танытып, күндізі ауыз бекіткен басқа да мұсылмандарға құрмет көрсете отырып, құдайы астар мен садақаларды, ішім-жемді ауыз ашар уақытына қалдыруға шақырамын. Түркістан рухани астанамыз деп ой салар дүниені қозғап, мұндағы әруақтарды құрмет етіп, ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін», - делінген.

Түркістан қалалық орталық «Хилует» мешітінің бас имамы Жүсіпбек Айдарбекұлы Қасымбеков, Түркістан қалалық еңбек және соғыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбаймбетов те  баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына жауап берді. Сонымен қатар, қасиетті айда тек қана ішіп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды жаман әдет-қылықтардан аулақ болуды айтты.  Өйткені, ораза - тек ішіп-жеуден тыйылу үшін ғана емес, сондай-ақ, құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшін ұсталады. Сол үшін құлшылық амалдарымызды көбейтіп, көбірек Алланы еске алып, жиірек Құран оқыған абзал екендігін жеткізді дін өкілдері.

 Ал зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз.  Бас имам зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылатынын айтты.

Тельман БЕЙСЕНОВ,

Түркістан облысы

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы өкілдігінің қасиетті Рамазан айына байланысты өңір халқына

 

ҮНДЕУІ

 

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Құрметті киелі Түркістан топырағының тұрғындары! Баршаңызды әлем мұсылмандарының сағына күткен, берекелі де, қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Рамазан айы баршамызға құтты болғай!

Рамазан – мұсылман баласына ортақ жақсылыққа жарысып, жамандықтан қайтатын Ұлы нығмет айы. Ораза – тәрбие мен сабыр, қайырымдылық, ізгілік мектебінің қайнар бұлағы.

Рамазан – қайырымды жандар үшін үлкен мүмкіндік. Оразада жасалған Жаратушы Иемізге ұнамды әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Нағыз мұсылман – өзі жақсы көргенін өзгелерде болсын деп тілегені», – деген. Әр пенде не нәрсеге қалай ниет етсе, сол мақсатына жетеді.

Мұсылман баласы әрбір ісінде Алланың разылығын алуды, әрі сауапты амалымен, тақуалығымен дәрежесінің артқанын қалайды. Кәсіпкер жомарт, жанашыр азаматтарды, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге, қайырымдылық жасауға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын.

Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал, Зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.

Қасиетті айдың құрметі үшін күнделікті тіршілігімізде болатын қайғы-қасіретке сабырлық танытып, күндізі ауыз бекіткен басқа да мұсылмандарға құрмет көрсете отырып, құдайы астар мен садақаларды, ішім-жемді ауыз ашар уақытына қалдыруға шақырамын. Түркістан рухани астанамыз деп ой салар дүниені қозғап, мұндағы әруақтарды құрмет етіп, ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін.

Рамазан – ынтымақ пен бірлік айы. Осы айда берілетін ауызашарлар ағайын-жұрттың арасын жақындастырып, игі іс-шаралар мен қайырымдылық акциялар халқымызды сенімі мен нәсіліне қарамай, ортақ мақсатқа үндейді. Бүкіл әлемнің Жаратушысы барша адамға: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған. Бірлігі күшті елдің берекесі артады. Бірлігімізге бекем болайық!

Қадірлі жамағат! Сауабы еселеніп жазылатын қасиетті айда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Әумин!