Ақтөбедегі зауытқа барды

Ақтөбедегі зауытқа барды

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Бейбіт Мамраев, Қанат Мусин, Асылбек Смағұлов, Снежанна Имашева «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ-да болып, зауыт жұмысшыларымен кездесті.

«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ – Қазақстандағы жалғыз және хром негізіндегі жоғары сапалы хром қосындыларын өндіру және экспорттау бойынша әлемдік нарықтағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауыт 1957 жылдың шілде айында іске қосылған. Бүгінгі таңда зауыт өнімдерін алыс және жақын шетелдерге кеңінен шығарып отырған дамушы кәсіпорындардың қатарында (өнім әлемнің 40-тан астам елі, оның ішінде Үндістан, АҚШ, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Австралия және т. б. экспортталады).

«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Фаргат Арслановтың айтуынша, мұнда 2 356 адам жұмыс істейді. Былтыр завод­тан 107 465 тонна хром тұздары шығарылды. 2018 жылы өндірісті жаңғыртуға 2 млрд 385 млн теңге бөлінсе, 2019 жылға 1,5 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

– Ақтөбе облысына іссапармен келдік. Осыған дейін Ырғыз, Әйтеке би, Мәртөк, Байғанин сияқты шалғай аудан тұрғындарымен кездестік. Тоқсан сайын өзіміздің сайлаушы­ларымызбен кездесуге 10 күндік іссапарға шы­ғып тұрамыз. Негізгі мақсат – өзекті мәсе­лелерді тұғындардың аузынан естіп, шешуге атсалысу. Мәселен осыған дейін ауылдарда малды есепке алу, арнайы әлеуметтік көмек, жәрдемақы, спорт кешендерін салу және газ, ауызсу мәселесі көтерілді, – деді Бейбіт Мамраев зауыт жұмысшыларымен кездесуде.

Іссапарда көрген-білгендері мен ойға түйгендері туралы Мәжіліс депутаты Қанат Мусин де айтып өтті. Ол алты жүзден астам адам тұратын Жаныс би ауылында 100 орынға арналған үлкен мектеп салынып жатқанын жеткізді. Бұрынғы мектеп тар, заманауи талап­тарға жауап бермейтін болса, депутаттар бала­лардың енді жақсы жағдайда оқитынына қуанды. Қанат Мусин халықпен кері байла­ныс­тың өте маңызды екенін айта келе, оның заң шығару жұмысына көмектесетінін де тілге тиек етті.

– Ең өткір мәселелердің бірі – көпбалалы отбасыларға мемлекеттің көрсететін көмегі. Ел басшылығы бұл мәселеге үлкен мән береді. Жергілікті жерлерде мәселелерді анықтадық, енді қайтып оралғаннан кейін Үкіметпен осы көмекті алуға үміткер отбасының табысын анықтау жайын талқылауға ниеттеніп отыр­мыз. Өйткені табысты анықтау туралы көпте­ген шағым естідік. Мүмкін үй малының бар-жоғын ескерудің қажеті жоқ шығар, себебі, оның бол­жамды табысы ғана емес, оны ұстауға жұмса­латын шығындарды да естен шығармаған жөн. Ал зейнетақыны ескеру маңызды, – деді ол.

Кездесуде зауыт жұмысшылары пәтер алуда алғашқы жарнаны субсидиялау, зейнет­керлікке шығу жасын қысқарту, қаланы көгал­дандыру мәселелерін қозғады. Сондай-ақ осы күнгі жастар кеш отбасы құратындықтан, бас­пана алуда жастарға арналған бағдарламаға қатыса алмай жүргенін жеткізді.

 

А.ЖАСАНҰЛЫ