Әскери саланың қызығынан гөрі қиын тұсы көбірек. Сол үшін де қызметшілердің әлеуметтік жағдайына мемлекет ерекше көңіл бөледі. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында әскери қызметкерлердің әлеуетін талқыға салғанды жөн көріп отырмыз. Оларға қандай жеңілдіктер ұсынылады, өзгелерден бәсі артық деп ойлаудың қаншалықты негізі бар?
Еліміздің Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңының 8-тарауында осы сала мамандарын әлеуметтік қамсыздандыру туралы толық айтылған. Алғашқы мәселе – айлық ақы. Лауазымдық жалақы еңбек сіңірген жылдары, мемлекеттік қызметте болған уақытына байланысты есептеледі. Оған қоса ақшалай ризық, жәрдемақылар да бар. Олардың берілу тәртібі уәкілетті органдар бекіткен шамаға сәйкес орындалады.
Төмен шенді офицерлер 140-150 мың теңге көлемінде жалақы, сонымен қатар тұрғын үй төлемдерін алады. Соңғы жылдары ұшқыштар құрамының да еңбекақысы көтерілген болатын. Бұдан бөлек, 2017 жылдан бастап Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмасымен барлық әскери қызметкердің жалақысы 25 пайызға, ынталандырушы және басқа үстемақылар 30 пайызға дейін артқан. Осылайша, әскери қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді.
Көпшілікті қызықтыратын келесі мәселе – әскерилердің тұрғын үймен қамтылуы. Бір қаладан екіншісіне үнемі көшіп-қонып жүретін қауым мемлекет есебінен үймен қамтамасыз етіледі. Өйткені арнайы бұйрықпен ауысып жатқандықтан, ол жақта қызмет ету үшін барынша мүмкіндіктің жасалуы тиіс. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 13-1-тарауында тұрғынжайға мұқсат әскери қызметшілер мен олардың отбасы қызмет өткеру кезеңінде мемлекет есебінен үймен қамтылатыны көрсетілген. Дегенмен әр отбасының арманы бәлкім мақсаты – өз баспанасының болуы. Ал байырғы бабалар жолымен көшпелі ғұмыр кешіп, үйсіз жүру қолайсыз дегенді мәселе етіп те көтеріп жүрді. Сол мақсатта арнайы бағдарлама қабылданса дейтін. Бүгінде мұндай бағдарлама ашылды.
Әскерилердің баспана жағдайын жақсарту үшін былтыр, нақтырақ айтсақ, 2018 жылы жаңа модель енгізілген еді. Осылайша, былтырғы қаңтардан бастап ай сайын әскерилер екінші деңгейлі банктерден жапатармағай арнайы жеке шот ашты. Ол жерге тұрғын үй төлемдері аударылып отырады. Бір айта кетерлігі, төлем көлеміне әскери қызмет өтілі әсер етпейді.
Қолда бар деректерге сүйенсек, бүгінде екі мыңдай әскери қызметкер баспанаға ие болып, ал қырық мыңнан астамы тұрғын үй төлемдерін алған. Бағдарлама жайлы қысқаша айтып өтейік. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекалық бағдарламаларынан бұл мүлдем бөлек. Өйткені әскери қызметшілер баспана алу үшін конкурсқа қатысып, оның қорытындысын күтіп отырмайды. Себебі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «әскери өнімнің» шарттарын жеңілдетті.
2019 жылдың 2 мамырынан бастап тұрғын үй төлемін алушыларға несие бірыңғай шарттар бойынша беріледі. Яғни, займ сомасының 15 пайызын құрайтын ең төменгі бастапқы жарнасы бар салымшылар несиені жылдық 8 пайыз мөлшерлемемен ала алады. Сонымен бірге, қайдан құлақ шығарары еркінде болатын қазаншыдай, әскерилер үйді қайдан алса да, өздері біледі. Айталық, Ақтөбе облысында қызметте жүрсе де, Нұр-Сұлтан қаласының қақ ортасынан пәтер алуына мүмкіндік бар. Тұрақты тіркеуді де қажет етпейді. Қалауына қарай, жаңа үйді де, екінші сатылымдағы пәтерді де ала алады. Тұрғын үйді сатып алу кезінде займ сомасына пәтердің ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын шығындарды қосуға болады екен.
Сондай-ақ жаңа бағдарлама аясында үй алатын әскерилердің басында жеке пәтері болса да кедергі емес. Тек аталған бағдарлама бойынша бір рет қана үй алуға мүмкіндік беріледі. Бірақ бір үйде қос әскери қызметкер болса да, бір тұрғын үй алуға рұқсат етіледі деседі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Жаңартылған шарттарға сай 16 млн теңгелік алғашқы несие талдықорғандық әскери қызметкерге берілді. Ата-анасымен тұрған ол енді өз отбасымен бірге жаңа үйдегі 4 бөлмелі кең пәтерге көшті. Біздің болжамға сәйкес, осы жылы қоныс тойын жалпы 4 000 әскери қызметкер атап өтпек. Оларға несие беру мақсатында банк тарапынан 59 млрд теңге бөлінді» деген болатын.
Қоғамның өзге салаларында қызмет ететін мамандарға жақындап кетсеңіз, басындағы әлеуметтік мәселені айтуға құмар. Олардың жан айқайына да себеп жоқ емес. Дегенмен жеке бас проблемасын айта бермейтін бір қауым – әскери қызметшілер.
«Әскери өнімнің» өзгешеліктерін тізбектеуді жалғасақ. Бағдарлама бойынша несие сомасы еліміздің аймақтары мен отбасының құрамына тәуелді тұрғын үй төлемдерінің мөлшері бойынша есептелінеді. Яғни, отбасы құрамы неғұрлым үлкен болса, тұрғын үй де соғұрлым үлкен болады. Сондықтан әлі де өз отбасын құрмаған әскери қызметкерлер мен балалы болуды жоспарлаған отбасылардың пәтер сатып алуға асықпағандары жөн. Дәл қазіргі кезде олар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта тұрғын үй төлемдерін жинап, алдағы уақытта жылдық 3,5-5% мөлшерлемемен займ алу аса тиімдірек. Отан қорғаушылардың күні ертең зейнетке шыққанда басында баспанасы болуы үшін жасалып отырған бұл бағдарлама – әлбетте, үлкен көмек. Соның ішінде, банктегі есепшотында бұрыннан салымы бар қызметкерлерге несие тіпті төмен мөлшерлемемен беріледі.
Әскери қызметкерлерге қолдау көрсету мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қаражат бөліп, олар үшін 2025 жылға дейінгі жеке тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп шығарды. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «әскери өнім» бағдарламасына 2 500 адам қатысқан. Тағы 70 мың әскери Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот ашып, өздерінің тұрғын үй төлемдері есебінен қаражат жинақтап жатыр.
Әлеуметтік мәселе тек тұрғын үймен шектелмейді. Әскерилерге берілетін тағы бір басымдық – денсаулығын қадағалауға ден қойылады. Яғни, оларды әскери-медициналық мекемелерде мемлекет есебінен медициналық қамтамасыз ету бекітілген. Егер олар тұратын жерде әскери-медициналық мекеме болмаса, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жекеменшік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетіледі. Сондай-ақ қызмет барысында жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған әскери қызметшілер, олар құрылымында әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштердің қаражаты есебінен санаторийге жіберіледі. Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының курсанттары медициналық көрсеткіштері болған кезде мемлекет есебінен санаторлық-курорттық емделумен қамтамасыз етіледі. Мұның барлығы – мемлекеттің әскерилерге көрсетіп отырған орасан қамқорлығы.
Жалақыдан кейін зейнетақы мәселесі де жиі айтылады. Соның ішінде, елден ерте шығатын әскерилерге көпшіліктің қызығатыны бар. Мысалы, сарбаздар мен кіші сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне – қырық бес жас, майорға (үшіншi дәрежелi капитанға) дейiнгіні қоса алғанда, аға сержанттық құрамның және офицерлік құрамның әскери қызметшілеріне – қырық жеті жас, подполковниктерге – қырық сегіз жас, жоғары сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне және полковниктерге (бiрiншi дәрежелi капитандарға) – елу бес жас, генерал-майорларға (контр-адмиралдарға), генерал-лейтенанттарға (вице-адмиралдарға) – алпыс жас, генерал-полковниктерге, адмиралдарға және армия генералдарына алпыс үш жас болып белгіленеді екен.
Қоғамның өзге салаларында қызмет ететін мамандарға жақындап кетсеңіз, басындағы әлеуметтік мәселені айтуға құмар. Олардың жанайқайына да себеп жоқ емес. Дегенмен жеке бас проблемасын айта бермейтін бір қауым – әскери қызметшілер. Тіпті қандай әлеуметтік мәселе бар деп әскери мекемелерге хабарласқанымызда, жағдайдың бәрі «бес» деген жауап алдық. Мұндайға қуанбасқа шара жоқ. Әлбетте, мемлекет баса назар аударып, көңіл бөліп жатса, жақсы болмауы мүмкін де емес шығар. Мереке қарсаңында, қиын да қызық сала қызметкерлерінің ахуалын айтсақ, артық болмас дегенбіз. Баспаналы, тұғырлы, ғұмырлы болыңыздар, құрметті Отан қорғаушылар!