Алматыда «Рұқсат порталы» іске қосылады
Алматыда «Рұқсат порталы» іске қосылады
Фото: Интернеттен алынды
203
оқылды
Алматыда бүгіннен бастап карантин кезінде көлікпен қатынау рұқсаты берілген қала тұрғындары мен автокөлік тізімін жасау үшін infoalmaty.kz жаңа порталы іске қосылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сапарбек Тұяқбаев хабарлады. Аталған портал тек шаһар тұрғындарына рұқсат беруді ғана емес, сонымен қатар қаланың полиция қызметкерлерінің де жұмысын жеңілдетеді. С.Тұяқбаевтың айтуынша, порталды құру кәсіпорындарды кезең-кезеңімен іске қосу қажеттілігінен және соған байланысты коронавирусты одан ары таратпау үшін қаладағы көлік қозғалысы кезінде қатаң бақылауды қамтамасыз ету үшін туындаған. Осыған дейін қалалық штабтың шешімімен карантин кезінде Алматыда өз қызметтерін жүзеге асыруға болатын экономика секторлары анықталған болатын. Бұл – қаланың тіршілік әрекетін қамтамасыз етуге қажетті салалар. Олардың ішінде сауда (азық-түлік дүкендері және дәріханалар), денсаулық сақтау, көлік және логистика, коммуналдық қызметтер, мемлекеттік басқару және құқық қорғау органдары, ішінара азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс, ЕДБ (екінші деңгейлі банктер) (20-30%), коммуникация және байланыс салалары бар. «Алайда, осы тізімді зерттеу барысында біз кейбір кәсіпкерлердің бұл мүмкіндікті теріс мақсатта пайдаланып, рұқсат берілген тұлғалардың тізіміне өздерінің қызметтеріне еш қатысы жоқ азаматтарды тіркеп қойғанын анықтадық. Сол үшін осы жұмыстың барынша ашықтығын қамтамыз етуде және адам факторының әсерін болдырмау үшін жаңа порталды жасап шығардық. Портал арқылы кәсіпорындар тек рұқсат етілген салалар бойынша өтініш бере алады. Жұмыс істеуіне рұқсат етілмеген салалар бойынша өтініштерді портал қабылдамайды. Одан бөлек, аталған кәсіпорында жұмыс істейтін қызметкерлер санынан жоғары мөлшерде өтініштер қабылданбайды. Әрбір компаниядағы жұмысшылар саны туралы мәліметтер біздің мемлекеттік органдарда бар. Сондықтан мысалға алатын болсақ, егер кәсіпорында ресми түрде 50 адам жұмыс істейтін болса, портал 50-ден астам адам көрсетілген тізімді қабылдамайды. Өтініш берер кезде өзінің ЭСҚ растау қажет болғаннан кейін компанияның бірінші басшыларының дербес жауапкершілігі қарастырылған. Бұл порталды жасау кезінде басты міндетіміз қала көшелерінде адам санын барынша азайту болатын» деді Сапарбек Тұяқбаев. Сондай-ақ ол  жалпы әлемде коронавирустың салдары осындай болады деп ешкім күтпегенін, шараларды барынша аз уақыт ішінде қабылдауға тура келгенін айтты. «Карантин мен коронавирус салдарының тез аяқталмайтынын бәрі жақсы біледі, қала экономикасын кезең-кезеңімен іске қосатын боламыз, одан арғысын уақыт көрсетеді. Сол үшін бізге байланыс жасауды және қаладағы қозғалысты азайту үшін осындай портал қажет болды. Кәсіпорын жұмысшылары мен автокөлік құралдарының тізімі портал іске қосылған сәттен бастап екі күн ішінде – 16 сәуір сағат 00.00-ге дейін жасалады. Сол уақытқа дейін осыған дейін берілген рұқсаттардың қазіргі мәліметтер базасының шеңберінде күші болады» деп атап өтті Сапарбек Тұяқбаев. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатысының директоры Нариман Әбілшайықов нақтылағандай, ЭСҚ енгізу біреуден артық адамға тізімге өтініш беруде қажет болады. Ал мәселен, үй жанындағы дүкендер үшін маңызды жайт –  тек бір адамның мәліметтерін енгізген жағдайда ЭСҚ бекітудің қажеті жоқ. «Қалада жүріп-тұру үшін рұқсаты бар-жоғын білу үшін ЖСН енгізіледі, ал егер ол жеке кәсіпкер болса, ИБН енгізеді. Бағдарлама алгоритмдер негізінде жалдамалы қызметкерлерге қалада жүруге болатын-болмайтынын өзі анықтайды. Егер мүмкін болса, әкімдіктің тізіміне сәйкес, келесідей терезе шығады – ұяшықтарды толтырып бастау, сонымен бірге электронды сандық қолтаңба қою керек» деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев «ЭСҚ екі бөлімнен тұрады. Біріншісі ұяшықтарды толтырар алдында қойылады, одан кейін қызметкерлердің мәліметтері енгізіледі, тек ЖСН, басқа ештеңе енгізудің қажеті жоқ. Содан соң автокөлікке қатысты мәліметтер енгізіледі, яғни мемлекеттік нөмір белгісі керек, автокөліктің аты да, маркасы да қажет емес. Одан кейін үш «түртіп қою» белгісі тұрады, құжаттарды толтыру ережелеріне сәйкес «келісемін» деген батырманы басу қажет. Сосын электронды сандық қолтаңбаның екінші бөлігін салып, «Келісемін» деген батырманы басу керек. Барлық қалыптасқан база штабқа түседі және одан ары қарауға жіберіледі». Максим Барышевтің сөзіне қарағанда, онлайн-платформа бір уақытта 30 мыңдай пайдаланушының жұмысын атқара алады, алдағы уақытта бірден 100 мың адамды тестілеу қарастырылып отыр. Сапарбек Тұяқбаев жалған ақпарат берілген жағдайда кәсіпорындардың алғашқы басшылары жекелей жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылуы мүмкін екендігін еске салды.