Көмек берген қандай-ды...

Көмек берген қандай-ды...

Атаулы әлеуметтік көмек алған алғашқы отбасылар дән риза. Бастапқыда құжаттарына қатысты қиындықтар мен тексеріске көп шағым айтылған. Осы олқылықтан соң оңтайландыру шаралары дереу қолға алынды. Бүгінде E-halyk ақпараттық жүйесі енгізілді. Мұның көмегімен сұралатын құжаттарды реттеп, атаулы әлеуметтік көмек беру процедурасы бұрынғыға қарағанда оңайлай түсті. Мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде қазіргі таңда 160 мың отбасы көмек алды. Осылайша, барлығы толық қамтылды деген сүйінші ақпарат тарады.

Үкіметте өткен отырыста, Премьер-министрдің орынба­сары Гүлшара Әбдіқалықова ат­қарылған жұмыстар туралы айтып өткен болатын. «Мемле­кет­тік органдарға өтініш қалдырған адамдар көп болды. Соның нәти­жесінде, көптеген қиындық­тарға тап болдық. Оған қоса тұр­ғы­лықты мекенжайы бойын­ша тіркел­мегендер де атаулы әлеу­мет­тік көмек алғысы келді. Біраз түсініспеушіліктер заңды жөнді білмеудің салдарынан туындап жатты. Дегенмен қазір жаңа ақ­па­раттық жүйе енгіздік», – деді ол.

Тағы бір айта кетерлік жаңа­лық – мамыр айынан бастап жал­ға берілетін баспаналар табыстала бас­тады. Бір аптаның өзінде 249 көпбалалы отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Жалпы жоспар бойын­ша бір жылда 7 мың пәтер берілуі тиіс. Г.Әбдіқалықова өңір­лерді аралап, аз қамтылған және көпбалалы отбасылармен кезде­сіп, тілдескен болатын. Мәсе­лен, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Гүлшат Мұратқазиева бес бала тәрбиелеп отыр екен. «Еңбек» мемлекеттік бағдарла­масы арқылы несие алып, кәсібін дөң­гелетіп келеді. Қазіргі таңда 12 ірі қарадан тұратын мал шаруа­шылығын қолға алып, сүт өнім­дерін өңдеумен айналысады.

Сонымен бірге, Премьер-министрдің орынбасары Шығыс Қазақстанға сапары кезінде 14 бала бағып отыр Ольга Канды­ба­­ның отбасымен кездесті. Олар 7 жер телімінде қосалқы шаруа­шы­­­лық­пен айналысып отырған көрі­неді. Жамбылдық Анар Бексұл­танова­ның туғанынан екі қолы жоқ. Соған қарамастан, қатары­нан қалмай орта мектепті де, жоғары оқу орнын да тамам­даған. 2012 жылы той бұйымдарын жасай­тын кішігірім цех ашыпты. 2015 жылы «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» арқылы 3 миллион теңгеге несие алып, кәсібін кеңейт­­кен. Қазір қол астында 4 қыз­меткері бар.

Атаулы әлеуметтік көмек алып отыр­ған сондай отбасы­лар­мен хабарласып, жағдай сұрасқан едік. Бұл бастамаға ризашы­лық­тарын білдірді. Сондай жандар­дың бірі – Ақтөбе облысы Мұғал­жар ауданы Талдысай ауылының тұрғыны Асыл Әділбекова. Төрт баланың анасы, жасы 36-да. «Атаулы әлеуметтік көмектің бізге тиесілі екенін ауылдық әкім­дік­тен хабарласып айтты. Содан құжат тап­сырдым. Ешқандай қиын­дық болған жоқ. Бар болға­ны балалардың туу туралы куәлік­тері мен күйеуімнің жұмыс істе­мей­тіні туралы анықтама өткізуім керек екен. Өзім – мектепте кіші қызметкермін. Айлығым 40 мың теңге ғана. Мұндай жалақымен күн көру қиын. Сондықтан көмек алғанымда қатты қуандым. Үш ұл, бір қызым бар. Жалпы 83 150 теңге аламын. Осы уақытқа дейін мұн­дай көмек алмаған едік. Бері­ліп жатқаны жақсы болды. Көп­ба­лалы және аз қамтылған отба­сы­ларға қосымша көмектің көр­сетілгенін құптаймын», – дейді ол.

Шартсыз ақшалай көмек аз қам­тылған отбасыларға беріледі. Атап айтқанда, зейнеткер, бірінші не екінші топтағы мүгедек, дертке шалдыққан жан­дар ала алады. Аз қамтылған отбасы деп елімізде отбасына шаққандағы ор­таша табыс күнкөріс шегінен төмен болғанда ғана танылады. Оның көлемі – 29 698 теңге.   

Сондай-ақ Ақтөбе қаласының тұрғыны Қарлығаш Мұқашева да атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Үкіметтің көпбалалы ана­ларға көбірек көмектескені жөн дейді. Өйткені ел демо­графия­сына елеулі үлес қосып отырған жандар­дың жағдайы да жақсы жасалуы тиіс деген пікірде. Қар­лы­ғаштың жасы 37-де. Бес бала өсіріп отыр­ған ана. «Атаулы әлеу­меттік кө­мек­ті наурыз айы­нан бері алып келемін. Бір балаға – 20 700 теңге. Балаларымның алды – 16 жаста болса, кенжем бірде. Жолдасым бала күтімімен үйде отыр. Өзімнің айлық табысым 30 мың теңге. Отбасылық жағдайдың жақсаруы­на бұл көмек оң әсер етіп жатыр. Көпбалалы аналар­дың да, оларға берілетін әлеумет­тік көмектің де артқаны дұрыс», – деп түйін­деді ойын көпбалалы ана.

2019 жылы Үкімет көпбалалы отба­сыларға 83 миллиард теңге кө­лемінде атаулы әлеуметтік кө­мек көрсетуді жос­парлап отыр. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің ақпараты­на сүйен­сек, бүгінгі таңда елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар. Кө­мек­­тің мұндай түрін Қазақстан аза­маттары, оралмандар, босқын­дар және елімізде тұрақты тұрып жат­қан азаматтығы жоқ не шетел аза­маттары ала алады. Басты шар­­ты сол – орташа табысы 15 499 тең­­­геден аспауы тиіс. Қазақ­стан­да­­ғы кедейлік шегі осындай кө­лем­де.

 

Айша ЕРСҰЛТАН