Алдиярды ауруханада неге ұстап отыр?
Алдиярды ауруханада неге ұстап отыр?
340
оқылды
Алдияр (есімін өзгертіп алдық – ред.) – студент. Студенттерді қашықтан оқытуға байланысты ол 14 наурыз күні Нұр-Сұлтаннан ауылына қайтқан екен. Ауылға барғаннан кейін 14 күн бойы үйден шықпай, сақтану шараларын жасайды. Ол кезде Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған екі адам ғана тіркелген еді. Алдиярдың айтуынша, 16-шы күні қызуы көтеріледі. Қызуы 38,5-ке дейін көтеріледі. Одан басқа вирус жұқтырып алды дейтіндей ешқандай симптомдар болмаған. Аздап тамағы ауырған. Ертесі қызуы сәл басылғандай болады. Яғни 37-ге түседі. Осы температурамен бір-екі күн алаңсыз жүреді. – Осылайша қызуым қатты көтерілмеген соң, төрт күн алаңсыз жүрдім. Төртінші күні ауылдағы емханаға барып, дәрігерге көріндім. Ол кісі маған «Сен ангинаңды асқындырып алған екенсің» деді. Ол кісі ем-дом жазып берді. Төрт күн бойы дәрігер жазып берген дәрілерді ішіп жүрдім. – Дәрілердің баспаны емдеуге көмегі болмады ма? – Дәрігер маған жеті күн іш деген еді. Алайда тамағым тез басыла қоймаған соң,  уайымдай бастадым. Шынымды айтсам, вирус жұқтырып алмадым ба деген қауіп болды. Бұл уайымым туралы дәрігеріме айтып едім, «Сенің тамағың ғана ауырып тұр. Егер сақтық үшін десең, аудандық ауруханаға барып, рентгенге түсірейік» деді. Жедел-жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға алып келді. Дәл осы кезде 120 дәрігер инфекция жұқтырып алғаны туралы ақпарат тарап жатқан. Сол себепті дәрігерлер қызуы көтеріңкі адамдарды қарамайды екен. Бірден мені инфекциялық ауруханаға алып кетті. – Бұл қай жердегі инфекциялық аурухана? – Мені Көкшетаудағы инфекциялық ауруханаға әкеліп жатқызды. Бұл ауруханада жатқаныма 7 күн болды. Алғашқы күні қызуым 37 болып тұрған. Әлі өзгерген жоқ. – Инфекцияға байланысты тест тапсырдың ба? – Ауруханаға келген күні коронавирусқа байланысты тест тапсырдым. Вирус анықталған жоқ. Дәрігерлер «екінші рет тағы тексереміз» деп айтты. Екінші рет тағы тескерді. Ол да таза шықты. Бірақ менің тамағым ауырғаны әлі басылған жоқ. Тамақты шаюға деп, арнайы дәрі берді. Бірақ оның да көмегі тиіп жатқан жоқ. Олар «менің қызуым көтеріліп тұрмағанын» айтып жатыр. – Бір бөлмеде қанша адам бар? – Әр бөлмеде бір адамнан жатқызылған. Бірақ дәретхана ортақ, жуынатын бөлме ортақ. Ал басқа бөлмелерде инфекция жұқтырған науқастармен  байланысты болған адамдар бар екен. – Дәрігерлер қорғаныс киімдерімен жүре ме? – Иә, дәрігерлерде қорғаныс киімдері бар. Таңертең келеді, тексереді. – Сонда сені ауруханада не үшін ұстап отыр? Не себеп айтады? – Дәрігердің өзі мені үйге жібергісі келеді. «Бірақ біз сені шығара алмаймыз. Заңдылық бойынша 14 күн осында жатуың керек. Одан кейін 14 күн үйде карантинде боласың» дейді. – Мұның бәрі сақтық үшін жасалып отырған шығар. – Ауруханаға келгелі өкпемді тексеріп, қызуымды жиі өлшеп отырады. Барлығы «дұрыс» дейді. Ал менің тамағымды тексерту үшін инфекциялық ауруханаға емес, терапевтке барып, қаралғым келеді. Менің уайымым – осы. Егер мұнда жата берсем, жұқпалы дертті жұқтырып аламын ба деп қорқамын.

Айна Нұр