Ерлігі елге мұра, жас өскінге өнеге

Ерлігі елге мұра, жас өскінге өнеге

Төшкен Мұхамеджанов 1919 жылы 15 шілдеде СҚО Приишимский ауданы (қазіргі Мамлют ауданы) Бостандық ауылында дүниеге келген. 1934 жылы толық емес орта мектептің 3-класын бітіріп, жергілікті колхозда жұмыс істейді. 21 жасында әскер қатарына шақырылады. 294-атқыштар дивизиясының 470-атқыштар полкінің құрамында әскери борышын өтеп, ары қарай 1941 жылы қыркүйекте Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады.

Бір айдан соң ұрыста жараланып, Шуя қаласындағы әскери госпитальға түседі. Жазылып шыққан соң 186 ат­қыштар дивизиясының 298-атқыштар полкінің шақыртуымен ұрысқа қайта қосылады. 1942 жылдың мамырында фронттық кіші лейтенант даярлайтын екі айлық курста оқиды. Оны тамам­даған соң, полкіне оралып, атқыштар взводына басшылық жасайды. Бір жылдан соң кезекті «лейтенант» әскери шенін алып, шайқасқа қайта кіріседі.

1943 жылы екінші рет жараланады. Госпитальдан шыққан соң, 205-атқыш­тар дивизиясының 731-атқыштар пол­кіне шақырылып, атқыштар взводын басқарады. 1944 жылы шілде-тамыз айларында Выборгский, Свирско-Пет­розаводский операцияларына және Кестеньг шабуылдау операцияларына қатысады. Дәл осы ұрыстарда Т.Мұ­хамеджанов басқару қабілетін барынша көрсете білді. 1944 жылы 26 маусымда «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады.

Сұрапыл соғыс жалғасып жатты. Т.Мұхамеджанов ары қарай да ірі шай­қастарда ерлік көрсетті. Атап айтсақ, 1945 жылы 10 ақпанда Шығыс-Поме­рански стратегиялық операциясына, 1945 жылы 28 наурызда Гдын теңіз портын басып алу шайқасына қатысты. Айтылған әйгілі ұрыстарда өзінің тәжірибелі командир екенін дәлелдеп, қарамағындағы атқыштар ротасы мен оның ұрыс қимылдарын орынды, нақты әрі дәл атқаруды мойнына ала білді. 1945 жылы 3 наурызда Цехендорг ауданында болған ұрыста лейтенант Мұхамеджанов өзінің батылдығын, алғырлығын, басқарушылық қабілетін тағы бір көрсетеді. Рота командирі қатардан шығып қалғанда, лейтенант Төшкен Мұхамеджанов ротаны басқару жауапкершілігін мойнына алып, оны ептілікпен жүргізіп қана қоймай, қойылған міндеттерді толық орындаған.

Рота командирі қатардан шығып қалғанда, лейтенант Төшкен Мұхамеджанов ротаны басқару жауапкершілігін мойнына алып, оны ептілікпен жүргізіп қана қоймай, қойылған міндеттерді толық орындаған. 

Осындай сипаттамамен майдангердің тұла бойындағы қайтпас қайсарлы­ғымен ержүрек батырлығын айқын­дайтын факті баршылық. Мәселен, «Гдын қаласын алуда, тікелей Мұхамед­жановтың басқаруымен қарсыластың 70 шақты солдаты мен офицерінің көзі жойылды. Нақты айтсақ, 1945 жылы 14 наурызда қарсыластардың қорғаныс шебін бұзып өту кезінде Мұхамед­жа­новтың ротасы жойқын жарылғыш отқа тап болады. Алайда Мұхамеджанов қауіпті жайтқа қарамай, рота жауын­герлерін ерте, қарсыластың шебіне өзі бастап кіреді. Ол қолма-қол шайқаста үш фашистің көзін жояды. Ал 1945 жыл­дың 27 наурызында ұрыс кезіндегі Грабау қаласын басып алуда Мұха­меджановтың басқаруындағы рота 30 неміс солдаты мен офицерінің көзін жойды. Үш қару, үш поровоз және жүз жиырма вагон алынды. Лейтенант Т.Мұхамеджанов ұрыс кезінде рота құрамын ептілікпен басқарғаны үшін, оның батыл және қайсар ерлігі үшін «Қызыл ту» орденімен марапаттау лайықты» делінген.

Соғыс аяқталған соң Т.Мұхамед­жанов туған аулына оралып, шаңырақ көтереді. Үш ұл, екі қыз сүйеді. Ол туған жерінің ауылшаруашылық саласында жұмыс істеуден бастайды. Сол кезеңдегі тың өзгерістерге орай майдангер бө­лімше басқарушысы қызметіне таға­йындалады. Осы лауазымда оншақты жылдай қызмет атқарады. Ауыл өңірі­нің дамуына барынша үлес қосады.

1983 жылы Т.Мұхамеджанов 64 жа­сында дүниеден озды. Туған жері Бос­тандық ауылына жерленді. Биыл ата­мыздың 100 жылдығы. Бүгінде май­дан­гердің 15 немересі, 8 шөбересі өсіп ке­леді. Қатардағы жауынгерден лейте­нант дәрежесіне жеткен соғыс ардаге­рінің ерлігі – өсіп келе жатқан ұрпақ­тары үшін үлгі, зор құрмет, мақтаныш. Т.Мұхамеджановтың ізін жалғастыру­шы немерелерінің бірі – аға лейтенант Азамат Төшкенов Ұлттық ұланда қызмет істейді.

Ләззат ЖАНДАР