Бөлінген тиын, жетпесе қиын
Бөлінген тиын, жетпесе қиын
499
оқылды

Елбасы Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде Үкіметке бірқатар тапсырма берді.

«Биыл әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің 45 пайызы жұмсалмақ. Бірақ әлеуметтік блокта бірқатар мәселелер бар. Сондықтан мен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін Ұлттық қордан ақша бөлу туралы шешім қабылдадым», – деді партия Төрағасы. Мемлекет басшысы респуб­ликалық бюджет шығындарының едәуір бөлігі әлеуметтік салаға бағытталатынын айтты. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдауды күшейту жөнінде, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақыны көтеру тұрғысында нақты ұсыныстар жасады. «Үкіметке әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған азамат­тарды, әсіресе, көпбалалы отба­сыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отыр­ған көпбалалы отбасының әр баласына берілетін жәрде­м­ақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын», – деді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жағдайы төмен көпба­лалы отбасыларға арналған 40 мыңнан аса жалдамалы тұрғын үй салу. Ол үшін жыл сайын қо­сымша 50 миллиард теңге бө­лінетін болды. Өңірлерде таза ауыз су, жолдар салу, мектептер мен тұрғын үйлер салу бойынша міндеттер белгіленді. Президент өте маңызды бір мәселені атап көрсетті. Осы уа­қытқа дейін әлеуметтік төлем­дер­ді алу деген азаптың азабы болып келді. Жұрт бір жапырақ анықтама алу үшін табанынан таусылып, мекемелердің табал­дырығын тоз­дыратын. Бюрокра­тиялық кедер­гілерді былай қой­ғанда, атаулы көмек алу үшін неше түрлі қи­тұрқы амалға ке­зігетін. Қоғамда орын алған осы бір өзекті жайтты Елбасы еске салды. «Аталған кө­мекті тағайын­дауды барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүр­месін. Сонан соң, мұндай от­басылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақы­ларды санауды алып тастау керек. Әйтпесе, соның барлығын са­нағанда отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді». Есігінің алдындағы алма аға­шын, қорадағы тауығын «табыс көзіне» қосу дағдысы тоқтаса, жақсы болар еді. Атаулы көмекті алу үшін азаматтар арасында уақытша ажырасу әрекетіне дейін баратындар да ұшырасатын. Ен­дігі таңда мемлекет қазына­сынан бөлінетін қаржы талан-таражға ұшырамай, мұқтаж от­басылар игілігіне айналса дейміз. Cонымен қатар «ақша қосылды» деген желеу­мен бағаның жөнсіз шарық­тауына жол бермеген дұрыс. «Бюджеттің әрбір тиыны ха­лық­қа жетуі керек», – деді Мем­ле­кет басшысы. Қоғамдық ба­қылау күшейтілуі тиіс. Осы ретте елі­міздің жетекші партия­сының иы­ғы­на артылатын жүк те же­терлік. Елбасының «Мен халқымның болашақта ғана емес, бақытты болғанын бүгін көргім келеді» деген сөзі партия сьезінің ең түйінді нүктесі іспеттес.