Елбасы Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде Үкіметке бірқатар тапсырма берді.
«Биыл әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің 45 пайызы жұмсалмақ. Бірақ әлеуметтік блокта бірқатар мәселелер бар. Сондықтан мен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін Ұлттық қордан ақша бөлу туралы шешім қабылдадым», – деді партия Төрағасы. Мемлекет басшысы республикалық бюджет шығындарының едәуір бөлігі әлеуметтік салаға бағытталатынын айтты. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдауды күшейту жөнінде, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақыны көтеру тұрғысында нақты ұсыныстар жасады. «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасының әр баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын», – деді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға арналған 40 мыңнан аса жалдамалы тұрғын үй салу. Ол үшін жыл сайын қосымша 50 миллиард теңге бөлінетін болды. Өңірлерде таза ауыз су, жолдар салу, мектептер мен тұрғын үйлер салу бойынша міндеттер белгіленді. Президент өте маңызды бір мәселені атап көрсетті. Осы уақытқа дейін әлеуметтік төлемдерді алу деген азаптың азабы болып келді. Жұрт бір жапырақ анықтама алу үшін табанынан таусылып, мекемелердің табалдырығын тоздыратын. Бюрократиялық кедергілерді былай қойғанда, атаулы көмек алу үшін неше түрлі қитұрқы амалға кезігетін. Қоғамда орын алған осы бір өзекті жайтты Елбасы еске салды. «Аталған көмекті тағайындауды барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сонан соң, мұндай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау керек. Әйтпесе, соның барлығын санағанда отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді». Есігінің алдындағы алма ағашын, қорадағы тауығын «табыс көзіне» қосу дағдысы тоқтаса, жақсы болар еді. Атаулы көмекті алу үшін азаматтар арасында уақытша ажырасу әрекетіне дейін баратындар да ұшырасатын. Ендігі таңда мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы талан-таражға ұшырамай, мұқтаж отбасылар игілігіне айналса дейміз. Cонымен қатар «ақша қосылды» деген желеумен бағаның жөнсіз шарықтауына жол бермеген дұрыс. «Бюджеттің әрбір тиыны халыққа жетуі керек», – деді Мемлекет басшысы. Қоғамдық бақылау күшейтілуі тиіс. Осы ретте еліміздің жетекші партиясының иығына артылатын жүк те жетерлік. Елбасының «Мен халқымның болашақта ғана емес, бақытты болғанын бүгін көргім келеді» деген сөзі партия сьезінің ең түйінді нүктесі іспеттес.