Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» бағдарламалық құжатын жариялағанда «Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп келеді. Бұл бізге ішкі қарама-қай¬шылықтың ушығуға ұрынбай, саяси тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды фактор», – деп мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызын айрықша атап көрсеткен еді.
Кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Н.Назарбаев маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың түрлі деңгейдегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен алға жылжымайтынын сынға алған еді. Бүгінгі әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейге тәуелді екенін, ешқандай саясатсыз кәсіби басқару қажет болған кездің өзінде де шешім қабылдауды саясаттандыратынын, бұл кадрлық әлеуетті төмендететінін айтқан болатын. «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдар мен Еңбек кодексіне, тағы да басқа да біраз заңдарға өзгеріс енгізілді. Елбасы мемлекеттік қызмет мәселесін өзі жариялаған бес реформаның ең біріншісі етіп тектен-тек қойып отырған жоқ. Осыны әлі күнге дейін ұғынбаған басшы көп. Мемлекетіміздегі реформалардың іске асуы, басқару жүйесінің тұтастығы, кәсіпкерліктің дамуы, ел әлеуетінің артуы да мемлекеттік аппаратқа, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Жұмыстағы жетістік – басты көрсеткіш. Сауатты да кәсіби басқарушылық деген өте маңызды. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев әлеуметтік желідегі жазбасында «Күшімді, уақытымды бітпейтін отырыстарға, мәжілістер мен дөңгелек үстелдерге, хаттар мен баяндамаларға жұмсауды тоқтатып, жұмыстан кетіп, басқа істермен айналысайын. Бәрі қағазбен, құжатпен шұғылданады. Ал нәтиже екінші кезекте тұрады. Осы жүйені өзгертуге қанша рет талпынып көрдім, бірақ болмады. Бізде бүкіл жиналыстардың форматы есеп беру ретінде өтеді. Қаншама қызметкер соған уақытын жұмсайды. Оны ұйымдастырудың өзіне қаржы кетеді. Меніңше, бұл форматты өзгерту керек», – депті. Елімізде барлық сала бойынша бағдарлама жеткілікті, бірақ соларды жүзеге асыруға келгенде кім нақты жауап береді? Міне, бізде осы жауапкершілік мәселесі жете қарастырылмаған. Мемлекеттік қызметті кәсіби деңгейде басқару ісінде басшылық құрам өкілдеріне қажет нәрсе – өміршең идея, нақты жоспар, дұрыс шешім және жауапкершілік. Төменгі буын кәсіби орындаушылықты меңгеруі тиіс. Жауапкершіліктен жалтаратын жиналыс кімге керек? Жауапкершілік болған жағдайда ғана жұмыстың нәтижесі болады. Елбасының халықтық бес реформасының мазмұны, бағдары тап осы бағытқа – ашық және халыққа есеп беруші мемлекетті қалыптастыру, мемлекет қызметін осы жолға бейімдеуге бағытталған жоқ па?!.