Қос кесене неге зерттелмей қалды?
Қос кесене неге зерттелмей қалды?
1,108
оқылды

Әлеуметтік желідегі парақшасында Шыңғыс Бауыржанұлы: «Елімізде зерттелмеген тарихи құнды кесенелер бар. Олар: Ұлытау етегіндегі Жошы хан мен Алаша хан кесенесі. Екеуі де бір архитектуралық нысанда салынған.

Кеңес Одағы кезінде ғалымдар  кесенелерге радиокөміртекті талдау жүргізгені белгілі. Алаша хан кесенесі XIII ғасырға жатады. Жошы хан кесенесі де зерттеліп, оған кейінірек археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеуге белгілі қазақстандық ғалымдар  Қаныш Сәтпаев пен Әлкей Марғұлан да қатысқан. Барлық зерттеу деректері мен материалдары КГБ-ның  мұрағатында сақтаулы. Мені мазалайтын бір сауал: осы жылдар ішінде қос кесенеге лайықты зерттеу жұмыстары неге жүргізілмеді? Тарихи тұлға­лардың  Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін маңызы бар емес пе?» деген мәселе көтереді.  Бізді де қызықтырғаны – осы. Тарихи тұлғаларымыздың кесенесі неге зерттелмегені туралы сауалды тарихшы ғалымдарға қойдық.  Марғұланның еңбектері бар Әуелі белгілі ғалым, тарихшы Талас Омарбековке қоңырау шалдық. Ол: «Жошы ханның ма­зарына қазба жұмыстары жүр­гізілген. Ол туралы Әлкей Мар­ғұ­ланның еңбектерінде жазылған. Онда кейбір бірен-саран заттар­дың табылғаны айтылады. Жат­қан адамның моңғолға ұқсастығы, жанында найза бары жазылады. Әрине, мұны түбегейлі түрде қайта зерттеуіміз қажет. Жошы ханға да, Алаша ханға да антро­пологиялық-археологиялық зерттеулер керек екені белгілі. Себебі, онда жатқан адамның нақты кім екенін білгеніміз дұрыс. Шежіреге шолу жасасақ, Жошы жайында алып-қашпа аңыз көп. «Ақсақ құлан туралы аңыз» күйінде қайтыс болғаны туралы да деректер айтылады. Жошының қайтыс болған жылы да белгілі (1222 ж). Жошы мен әкесінің қарым-қатынасы жайлы пікірлер бар. Жалпы, кесенеде жатқан адамның Жошы болуы мүмкін деген ойдамыз. Ол ешқан­дай күдік турдырмауы керек. Ал антропологиялық зерттеу не үшін қажет? Жошының шығу тегін анық­тау туралы да біршама бол­жам бар. Мысалы, оның меркіттік тегі жайында. Жошының жолда дүниеге келгені, сол үшін есімін «Жолшы» деп қойғаны туралы да деректер бар. Қазыбек бек Тауа­сарұлының жазбасында Жо­шының меркіттік тегі мен абақ­тық тегі туралы әкесі мен бала­сының әңгімесі берілген. Алаша ханға қатысты да бірталай дерек бар. Рашид ад-Диннің «Жылна­малар жинағында» Алаша ханның шығу тегіне байланысты мәлі­меттер кездеседі. Құрбанғали Ха­ли­дидің «Тауарих хамсасында», Шәкәрім еңбектерінде, Әбілға­зының «Түрік шежіресінде» ай­тылады. «Жылнамалар жина­ғында» Адам Софиядан бастап, 10 пайғамбардың аты аталады. Нұқ пайғамбар, оның баласы Яфес пайғамбармен аяқталады. Яфестің ұлы Түрік, одан Алынша деген бала дүниеге келеді. Құр­бан­ғали Халидидің айтуынша, Алынша – Алаша хан. Яғни, біз­дің Алаша хан деп жүргеніміз – осы хан болуы әбден мүмкін. Алашадан Татар, Моңғол деген ұл туады. Одан ары қарай Оғыз хан, Қарахан, Елхан болып жалғаса береді. Жалайырлар мен моң­ғолдар кезінде Парсы жерінде Елхан мемлекетін құрады. Ал Оғыздың атымен Оғыз қағанаты құрылды. Қағанат ІХ ғасырда Сыр бойын мекен етеді. Қарахан мемлекеті бәрімізге белгілі. Сат­тұқ Боғра хан өзін Қарахан деп атады. Шежіренің өзі өмірмен, тарихпен, нақты шындықпен астасып жатыр. Шыңғыс хан өзі құр­ған мемлекетті Моңғол деп атауының өзінде үлкен мән жа­тыр. Шыңғыс хан Түрік атауын ал­ған ру-тайпалардың барлығы оңтүс­тікке қарай ауып кеткеннен кейін Моңғол үстіртіндегі тай­па­ларды осы шежіреге сүйене оты­рып, Моңғол деп атаған. Яғни, тоқетері шежіренің өзі шын мә­нін­де қазақ ру-тайпаларының ата тегінен хабар береді. Барлығы қы­рықтан астам ру-тайпа. Көп­ші­лігі өздерін жеке адамдардан та­ратады. Біздің мемлекеттік құ­ры­лым да жеке адамдармен бай­ла­нысты. Ше­жі­ренің тарихи шын­дық­қа жақын­дығы сонда. Бұл ше­жіреде Алынша туралы да ай­ты­лады. «Алаш Алаш болғанда, Ал­ын­ша хан болғанда» деп бас­та­латын мәтелді ел жақсы біледі. Құрбанғали Халиди да осыны де­рек еткен. Алынша хан дегені­ңіз – Алаша хан болып шығады. Міне, сондықтан да осындай деректерді қуалай оты­рып, Алаша ханның мазарына ті­келей зерттеу жүргізу керек. Зерт­теу архео­ло­гиялық-антро­поло­гиялық түрде болғаны жөн. Сөй­тіп, зерттеу арқылы қабірдегінің кім екенін анықтай аламыз. Қазір гео-археологтар қабірдегі то­пырақты, антропологтар сүйекті зерттеу арқылы адамның қай ғасырда өмір сүргенін анықтай алады. Рашид ад-Диннен бастап, басқа да ғалымдар назар аударған тарихтың аталған бөлігін шынайы зерттеп, шындап қолға алу қажет. Қашанғы біз Жошы ханның, Алаша ханның мазарын сыртына, құрылымына, кірпішінің қала­нуына қарап бағалап отырамыз. Ішінде кім жатқанын, адамның гендік тұрғыдан қай ру-тайпаға жататынын анықтау керек. Мұ­нымен генетиктер шындап ай­налыса алады деп ойлаймын. Назар аударуымыз керек-ақ, өйткені Ұлытау – туристік орта. Елімізге келетін туристер өңірдегі атақты күмбездерді көрген кезде міндетті түрде «мұнда кім жатыр, тарихи тұлға кім, қай халықтың өкілі?» деп сұрайтыны анық. Қазіргі таңда бұған жауап беру қиын. Жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді», – дейді. Алаша хан кім? Тарихшы Ахмет Тоқтабай Алаша ханды кей зерттеушілердің Хақназар, ал кей зерттеушілердің Сұлтанмахмұт деп атайтынын айтады. «Шындығында, Алаша хан – қазақтың бұрынғы ұлттық идеясы. Ғұндар заманында Мөде деген атақты патша болған. Б.з.д. ІІІ ғасырда өмір сүрген. Мөде патшаның идеясы Қазақ ханды­ғына дейін келген. Заман өзгерген соң, атау да өзгереді. Мөде атауы Алаша хан болып өзгерген. Ұлы­тауда Қазақ хандығының іргесі қаланғанда, Алаша хан идеясы жаңғырған. Қазақ халқы ғасыр­лар бойы Алаша хан идеясымен рухтанып отырған. Кесенеде сол заманның белгілі тұлғалары жа­тыр. Әлкей Марғұланның кезінде қазба жұмыстары жүргізілді. Бірақ қабірдегі тұлғаның кім екенін анықтай алмады. Жалпы, тиянақты түрде жүргізілетін зерттеу керек-ақ. Мысалы, жаңа қазақ мемле­кетінің идеясы – бәйтерек. Ал қазақтың бәйтерекке табынуы мыңдаған жыл бұрын, яғни қола дәуірінде басталған. Алаша хан мазарын салғандағы мақсат – Мөденің идеясымен сарындас болған секілді. Мөденің үш жүзге бөлінуі жайында аңызы бар. Мөде үш жүзге енші бөліп береді. Ол заманда еншіні жылқымен бере­тін. Әр жүзге мың жылқыдан бөл­генде, төртінші енші қалып қойған. Төртінші енші жайында сұрағанда, «бұл – бөлінбес ен­ші­лерің болады» деген. Ол да жыл­қымен берілетін болған. Сонда «бір-біріңді қонақ еткенде, төртінші еншімен қарсы аласың­дар, күтесіңдер» дегені екен. Ел басына күн туғанда да осы енші көмекке келеді. 2000 жыл бұрын бөлінуді емес, бір болуды бастама еткен Алаша хан идеясы – Мөде шаньюи идеясының жалғасы. Сондықтан Алаша ханнан белгілі бір адамды іздеудің қажеті жоқ. Шыңғыс хан үлкен ұлына Қазақ даласын еншіге бергенде, Жошы ханның өзі қазақ болып кеткен. Түркі-қыпшақ тілінде сөйлеп, қа­зақтың жыртысын жыртқан. Шаңырақ көтеріп, іргесін бүтін­деген. Әлкей Марғұлан жүргізген зерттеуден кейін де зерттеулер жүргізілді», – дейді тарихшы. Аспан астындағы музей десе де болады Көрнекті ақын, Ұлытау ауда­ны­ның құрметті азаматы Жүрсін Ерманға да осы сауалымызды қойдық. Ақын: «Жалпы, Ұлы­тау­дың даласы – тұнған тарих. Аспан астындағы музей деуге болады. Орта ғасырлардан келе жатқан Аяққамыр, Басқамыр көне ес­керт­кіштері бар. Ұлытау – Абы­лай ханды ақ киізге салып, үш жүздің ханы етіп көтерген жер. Ұлытаудың басында Едіге мен Тоқтамыс ханның зираты жатыр. Мына жағында Теректі әулие деген бар. Ол да көне ғасырдың куәсі. Оның бетіндегі петро­г­лиф­тер – Қазақстандағы ең ескі пет­роглифтер. Жошы ханның кесенесіне келсек, бұл баяғы Жошы ханның астанасы болған Ордабазар қаласының орнында тұрған көне кесене, тұрғанына 800-900 жыл болған. Заманында бірнеше рет жөндеуден өткен. Бірақ Жошы хан күмбезінің ұшар басындағы аспан түстес көкпең­бек бояумен әрленген қыштардың құрамы табылмай-ақ қойды. Оның кірпіші де сол жердің балшығына иленіп, күйдіріліп жасалған. Кірпіш өте жеңіл, бірақ берік. Оның да құрамы табылмады ма, қалпына келтіру онша сәтті болмады. Қалай болғанда да, қамқор қолдардың арқасында ескерткіш күні бүгінге дейін сақ­талып келді. Жошы хан кесе­не­сінің алдында дәл соның көшір­месі ретінде жаңа мазар пайда болды. Сол төңіректегі қолы ұзын адамның тұрғызған мазары дейді. Тура Жошы ханның жанына мазарды қайталап салу – қазақы бейбастықтың көрінісі. Жошы хан күмбезінен ат шап­тырым жерде Йен күмбезі бар. Мұны да Жошы хан ескерткішінің көшір­месі деуге болады. Бірақ ат шап­тырым жерде тұр. Серәлі деген қожа, шебер салған екен. Күмбез ХІХ ғасырда тұрғызылған. Екі ке­сененің басына ат байлап қойып, бір нәрсесін ұмытса, бір атпен шауып барып, Жошының күм­безін көріп, екінші атпен шауып келіп, қайталайды екен. Бұл енді орнықсыз, бірақ алыста тұр. Жо­шының күмбезін алғаш зерттеген адам – Әлкей Марғұлан. Ол Алаша ханның ескерткішін де зерт­теген. Алаша хан – Сары­кеңгір Малшыбай деген ауылдың қасында. Сарысу, Кеңгір өзенінің жағасында тұр. Бұл – күрделірек құрылыс. Ішінде айналып кіріп-шығатын ішкі баспалдақтары бар. Бекініске арналған сияқты. Алаша хан күмбезі ішінде кімдер жатқаны әлі анықталмай келе жатыр. Қуаныш Рахметов дейтін зерттеуші, ғалым бар. Ол соның ішінде «Шыңғыс хан жатыр» деп зерттеумен өмірден өтті. Қаныш Сәтпаев та да сондай болжам жасаған. Анығын ешкім білмейді, белгісіз. Әлкей Марғұлан 50-жылдардың басында ашқан екен. Зерттеуге куә болған кісі­лермен сөйлескенім бар. Оның ішінен алтын бұйымдар шыққан. Зираттың ішінде улы газдар болды ма, ашқан кісілер көп ұзамай қайтыс болды деп естідік. Алаша хан кесенесінің ішінде кім жатқанын маған 1989 жылы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің сол кездегі хатшысы, үлкен тарихшы, ғалым Өзбекәлі Жәнібеков айтып беріп еді. Ол кісі: «Есіңде сақта, бұл жерде Ақназар хан жатыр» деді. Ол кім­нің дерегіне сүйеніп айтқанын, сұрай алмадым. Бірақ әлі күнге анықталған жоқ. Иманмәди Ибадулин деген бір кісі болды. Жезқазған қаласының әкімі. Соңғы жолыққанымда «Зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы маңайда Бумын қағанның да ескерткіштері бар. Осының қатысы болуы мүмкін» деп еді. Бірақ зерттеуді соңына дейін жет­кізе алмады. Құпия ашылмады. «Анау жатыр, мынау жатыр» дегенімізбен, қолда нақты де­ректер жоқ. Көпшілігі аңыз дең­гейіндегі әңгімелер. Ұлытау төңірегіндегі ескерткіштер әлі күнге өз зерттеушісін күтіп жа­тыр. Ұлытаудың ішінде Ағанақ тауында Сырғанақ тастар деген ескерткіш бар. Жотадан төмен қарай сырғанаған адамның құй­рығы тасқа айналып кеткені ту­ралы аңыз айтылады. Жанында балбал тастар бар. Оның бәрі тау­сылып бітуге айналған. Әркім та­сып әкеткен. Осындай қамқор­шысы жоқ жерде, біраз тари­хы­мыз иесіз жатыр» деп қамығады. Ұлытау – елдің ұлағаты Белгілі ақын Ғалым Жай­лы­бай: «Жошы ханды зерттеу өз ал­дына, мына оқиғаға назар са­лы­ңыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жүрсін Ерманның 60 жыл­дық мерейтойы болды. Сонда Жошы ханның мазарына бардық. Мазардан 30 метр жерде біреу әкесіне тура сондай кесене қо­йыпты. Көргенде жаның түр­ші­геді екен. Ескерткіштерді қорғау жолға қойылмаған ба? Неге ма­зарды Жошы ханмен бірдей қылады. Әрине, елдің бәрі әкесін жақсы көреді. Бірақ Жошы хандай тұлғаның жанына тағы бір күмбез көтерудің жөні жоқ еді. Біздегі дала заңы мен құндылық дейтін қасиет қайда қалды? Осы­дан барып мұнда зерттеу жүр­гізілмейді. Ұлытау – Едігеден бастап, Алаша ханға дейінгі ту­ристік кластер орналасқан мекен. Түркі дүниесі, қазақ жұрты үшін киелі орындардың санатында. Мұндай орынға кім көрінген әкесінің мазарын сала берсе, не болмақ? Келер ұрпақ алдында ұятты болып қалмаймыз ба? Ұлы­тауда Иманғали Тасмағанбетов бастаған экспедиция жүргі­зіл­генін білемін. Экспедиция нә­ти­жесінен хабарым жоқ. Ұлытау – елдің ұлағаты, ұлттың ұясы. Үл­кен қамқорлықты қажет ететін кие­лі жер. Ұлытау десе көз алды­ма, елдік, ерлік, бірлік елестейді» деген пікірді алға тартты. Түйін орнына:

«Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым – Ұлы халық!». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай дейді. «Ұлы­тау – ұлт мәдениетінің беломыртқасы». Қазақтың киелі ордасы. Ака­демик Қаныш Сәтпаев: «Орыстарға Кремль қандай қадірлі болса, Қазақ елі үшін Ұлытау да соншалықты қастерлі» деп айтуы тегін емес. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында қазақтың қасиетті орындарын түгелдеу туралы текке айтқан жоқ. «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз» деп жазғаны белгілі. «Қасиетті Қазақстан» жобасына енетін киелі мекеннің бірі – Ұлытау. Ал Ұлытаудағы екі бірдей кесененің, яғни Жошы хан мен Алаша ханның кесенесінің зерттелмей қалуы – ұрпаққа сын. Екі кесенені зерттеп-зерделеген ғалымның бірі – Әлкей Марғұлан. Оның зерттеу еңбектері КГБ-нің архивінде қалғанын Шыңғыс Бауыржанұлы өз парақшасында мысалға келтіріп отыр. Марғұланның жазбалары қалғанын тарихшылар да жоққа шығармайды. Ендеше, бар дүниені зерттеп-зерделеу соншалықты қиын іс пе? Тарихта біз білмейтін «құпиялар» өте көп. Қайсысы анық дерек, қайсысы жалған екеніне көз жеткізетін уақыт жеткен секілді. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Архив – 2025» жобасын қолға алуды тапсырды. Ендеше, осы жоба аясында Ұлытаудағы қасиетті орындарды зерттеп-зерделесек, артық болмас еді.

P.S. Ұлытаудың керемет жәдігері Жошы хан кесенесі екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Алаша хан да – киелі мекеннің қымбат қазынасы. Қымбат құндылық­тарды қадірлей білгенге не жетсін?! Кеңес кезіндегі­дей жоқтан бар жасайтын заман емес, барымызды бағалайық. Бізде бәрі бар: қымбат жәдігер де, көне орындар да, тарихи мекендер де көп. Ендігісі – сіз бен біздің қолымызда. Зерттеушілер зерделеп, тарихшылар тәпсірлесе болғаны…

Гүлзина БЕКТАС,

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ