Рет пен рәт
Рет пен рәт
795
оқылды

Біз кейде тым асығып кетеміз: игілік атаулы тез бола қоймады деп реніште боламыз; жағдай жылдам жөнделмеді деп жүйке жұқартамыз; төзім мен сабырды серік етудің орнына дегбірсізденіп, шыдамсыздық танытамыз. Әр нәрсенің реті болады екен.

Көпбалалы аналардың тұр­ғын үй жағдайын жақсарту туралы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев арнайы тапсырма берген бола­тын. Одан кейін Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені табандап тұрып қайта тапсырды. Соның арқа­сында көпбалалы отбасыларға көмек беру тұрғысынан тиісті нор­мативтік-құқықтық ак­тілерге көптеген өзгеріс енгі­зілді. Көпбалалы аналарға үй беру мәселесі тұрғын үй қа­ты­нас­тары туралы заң шеңбе­рінде реттеледі. Бұрын баспана Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жетім балаларға бірінші кезекте берілетін еді. Енді міне, осы санатқа көпбалалы от­басылар да қосылып отыр. Бұл – үлкен қолдау.

Биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жал­дамалы тұрғын үй беру мәсе­лелерін реттеу бойынша «Нұр­лы жер» мемлекеттік бағдар­ламасына өзгерістер енгізілді. Еліміз бойынша 340 мың көпбалалы отбасы бар екен. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағ­дай бойынша кезекте 487 мың адам тұрған көрінеді. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз тобының қатарынан – 220 мың адам. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылар – 28 126 адам. Биылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 3 мың адамға өсті. Бүгінде кезекте 31 700-ден астам адам тұр.

Заңға енгізілген өзгеріс бас­панасыз жүрген аналардың жағдайын түзеуге бағытталған. Көпбалалы отбасыларға жеке кезек белгіленеді. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін 5 жыл бойы азаматтың тұрғын үйі болмауы тиіс. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 3 жыл тіркеуде болуы керек. Сондай-ақ жеке тізім де бар, оған сәйкес көпбалалы отбасыларға (4 және одан көпбалалы), «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне баспана бірінші кезекте бе­ріледі.

Тұрғын үй жалпы кезекте тұр­ған азаматтарға берілетіні белгілі. Пәлен жыл бойы кезегі алға бір саты жылжымай келе жатқан көпбалалы отбасылар үшін үміт оты жағылғандай. Алдағы 7 жылда жалпы құны 50 миллиардтан астам теңгеге 40 мыңнан астам жалға бері­летін үйлер салынады дейді үкімет. Бұл осы 28 мың кезекте тұрған азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Биыл мемлекет қаражаты есебінен 29 мыңға жуық тұрғын үй беріледі деген мәлімет бар. Бұл да – үлкен игілік. Оның ішінде 13 мыңы – жалға бері­летін үйлер, 13 мыңы – несиелік үйлер, қалған 3 мыңы – же­кеменшік компаниялардың несиелерін субсидиялау ар­қылы берілетін үйлер.

Сонымен көпбалалы ана­лардың баспана мәселесі рет-ретімен шешілуге бағыт алды. Оңтүстік өңірде «рахат» деген сөзді сәл жіңішкертіп және қысқартып «рәт» деп айта береді. Ретті нәрсенің рәті болмай қоймайды.