Тұрғындарды қабылдады
Тұрғындарды қабылдады
477
оқылды

Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Роман Скляр тұрғындарды қабылдады. Шараға сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері коми­тетінің төрағасы Мар­хабат Жайымбетов, Nur Otan партиясы Республика­лық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев қатысты.

Қордаланған мәселелерді ше­шу үшін билік пен бұқара арасына ашық диалог орнату мақсатында өткен кездесуде тұрғындар өзекті мәселелері бойынша тиісті ма­ман­дардан жауап алды. Олар кө­біне тұрғын үй және жер телімі, үй құжатын рәсімдеу мәселелері тө­ңі­регінде өтініш-тілегін білдірді.

Қабылдаудың алғашқы қонағы Индира Бекбатырова мен Өске­мен қаласынан келген Елена Белова да тұрғын үй құрылысына қаржы бөлу мәселесі төңірегінде мамандар кеңесіне жүгінді. Ал «Ұлттық сараптау және сертифи­каттау орталығы» АҚ президенті Еркін Дүйсембаев Техникалық реттеу және метрология комите­тінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің жүргізген аудит нәтижесімен келіспейтінін жеткізсе, Марина Жапабаева ИЛ-18 ұшағын тіркеуде туындаған мәселелер жөнінде айтты.

Елордалық тұрғын Анар Табыс нормативтік-құқықтық актілердің мерзімін қысқарту, жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту процедураларын жеңілдету, жер учаскелерін бөлу, құрылыс ты­ғыздығы және автотұрақ орында­рының саны бойынша мемле­кеттік сараптама жүргізу, пробле­малық объектілерді салуға және пайдалануға рұқсат беру мәсе­лелері бойынша туындаған сұрақтарына жауап алды.

Екібастұз қаласының тұрғыны Сәндігүл Қожанова өз кезегінде Нұр-Сұлтан – Павлодар мем­лекеттік маңызы бар автомобиль жолында инфрақұрылым объек­тілерінің жетіспеушілігін сөз етті. Ол сондай-ақ Нұр-Сұлтан қала­сында көпір салудың және оның сапасына қатысты мәселелер бойынша мамандар кеңесіне жүгінді. Ал Гүлбаршын Сәдуа­қа­сова тұрғын үйді бұзу және өтема­қы төлеу мәселелері бойынша сауал жолдады.

Азаматтар тарапынан айтыл­ған ұсыныстар мен тілектер қа­былданып, қарастыруға алынды. Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрі Роман Скляр тұрғындарды тыңдай келе, олар­дың мұқтаждықтарын заң аясында қарап, мәселелерін оңтайлы ше­шуге ықпал ететінін айтты.