Түркістанда әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылар үшін «Тегін қайырымдылық дүкені» жұмысын бастады. Дәлірек айтқанда, әр аптада қайырымды қалталы азаматтар тарапынан 40-50 адамға көмек көрсетілмек.
«Тегін қайырымдылық дүкені» облыстық ақсақалдар алқасы мен «Қоғамдық келісім» кеңесінің бастамасымен қолға алынып отыр. Шараға қала әкімі Ә.Өсербаев, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Сауабы мол істің тұрғындар игілігі үшін қажет екенін айтқан қала басшысы Әліпбек Өсербаев өз тарапынан қолдауға дайын екенін жеткізді.
«Дүкен аптаның тек сәрсенбі күні жұмыс істейді. Мұнда қаланың 8 шағынауданының көше комитеті төрағалары жасаған тізімдер бойынша мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешек қажетіне қарай берілетін болады. Нақтырақ айтқанда, әр аптада 40-50 адамға көмек көрсетілмек. Ол тізімге көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар енгізіледі», – деді облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов.
Қазіргі таңда дүкенде 2 тонна азық-түлік, 4 мың дана киім бар. Негізінен дүкеннің қоры қаладағы демеушілер есебінен толықтырылады. Дүкен қаламыздағы әл-Фараби көшесі №26 үй мекен-жайында орналасқан.
Түркістан қаласы