Созақ – ежелден мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан аудан. Кезінде мұнда үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр, қора-қора қой өріп жүрді. Кеңес үкіметі тұсында аудан, одақ бойынша мал өнімдерін өндіруден алдыңғы шептен көрініп, ауыспалы Қызыл туды әлденеше рет иеленгені есімізде. Мал шаруашылығын табысты өркендеткені үшін ауданнан 9 Социалистік Еңбек Ері шықты. Бұл аудан еңбеккерлерінің жемісті жұмыстарын паш етсе керек.
Ата-бабаларынан малсақ теріскейліктер төрт түлікті түлетудің жолдарын жақсы білді. Негізінен ауданның табиғаты тарпаң: қысы боранды-буырқасынды, жазы аптап ыстық. Түлік ыңғайымен жиі-жиі жайылым ауыстырып отыратын малшылардың қысқы қонысы қалың құм іші болатын. Сексеуілі мен жыңғылы тұтасқан Мойынқұм қыста малға пана-ықтасын, адамдарына құтты қоныс еді. Ал Бетпақдала мен Қаратау етегі көктемгі, жазғы және күзгі жайылымы. Бал бұлақтары сылқ-сылқ күліп ағып, төскейінде мыңғырған мал жайылып жататын қарт Қаратаудың базарлы шағы бүгінде көзден бұлбұл ұшты. Неге? Енді бұның жауабы жүрек сыздатады.
Бүгінде ауданда 3 493 772 гектар жайылымдық жер бар. Бұл аудандағы барлық жер көлемінің 85,1 пайызын, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 98,8 пайызын құрайды. Мойынқұмдағы 895 мың гектар, шабырдағы 502 мың гектар, тау етегі мен жазықтағы 497 мың гектар жайылымдық жер ежелден төрт түлік малға толып жатты. Жоғарыда жазғанымыздай, табиғат қатаңдығына байланысты Бетбақдала жазығы мен Қаратаудың етегінде қыста мал ұстай алмайсыз. Сондықтан шаруа біткен қыста құм ішінен пана іздейді.
Түрлі себептермен қазір малдың көбі қыстау мен жайлауға бара бермейді, ауыл шетін шиырлап жүреді. Сондықтан ауыл маңайындағы жерлер азып-тозып, табиғи өнімділігі жыл сайын төмендеп келеді. Ал ауыл тұрғындарының басты күнкөрісі – мал. Тақыр жерде мал жұтайды. Әсіресе, Созақ сынды шөл және шөлейт аймақта жайылым мәселесі жылдан-жылға қиындап бара жатқаны күн көрісін малдан айырып отырған шаруаларға қиындық туғызып келеді.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, 1998 жылдан бастап Мойынқұм және Мойынқұмды Бетпақдаламен жалғайтын шабырды, Қаратаудың баурайындағы 1 015 543 гектар жайылымдық жер орман қорына беріліп кетті. Орман қоры жерін пайдалану «Орман кодексі» және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы №1268 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік орман қоры аумағында орманды жанама пайдалану қағидаларына сәйкес реттеліп отыратыны белгілі. «Орман кодексінің» 44-бабының 2-тармақшасында орман қорын пайдалану жөнінде шектеулер бар. Осы шектеулер бойынша өсімдіктердің сирек кездесетін ресурстарын дайындауға, шөп шабуға және мал жаюға тыйым салынады. Созақ ауданында орман қоры деген жерде тал-терек, жайқалған бау өсіп тұрған жоқ. Бұл жерде тек сексеуіл, жыңғыл ғана өседі. Осы екі өсімдік өскен жер орман болып есептеледі. Десек те сексеуілді төрт түлік малдың бірде біреуі жемейді. Ал орман шаруашылығы жалғыз сексеуіл өсіп тұрған жерді де өз меншігіне алған. Міне, қараңыз, Созақ ауданының әкімдігі кезінде өз шешімімен шаруалардың қолын кескен болып отыр емес пе? Басқа барар жері жоқ малшылар қыста малын құм ішіне жаймағанда қайда жаяды?
Осы қиындықтардан шығу үшін Мойынқұм өңірінің жайылымын пайдалануға теріскейліктер орман және жануарлар әлемін қорғау мемлекеттік мекемесінен арнайы рұқсат алуға мәжбүр. Бұл рұқсат бір жылға ғана беріледі. Сол бір жылға бола ешқандай шаруа қора салып, құдық қазбайды. Қыстауға барды делік, ол жерде енді қысқы қора, малшы үшін тұрғын үй, құдық керек емес пе? Керек. Қораны салу үшін тағы да қиындық туындайды. Біріншіден, құм ішінен жайылымдық жер алу қиын. Екіншіден, мұнда қора-қопсы сала алмайсыз. Тағы да кедергі. Орман шаруашылығының талабы бойынша орман қоры ішінен құрылыс жүргізуге болмайды. Бұрынғы құм қойнауындағы қысқы қоралар иесіздіктен ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетті. Қазір көне жұрты ғана жатыр. Бүгінде құдық қаздырған шаруаға Үкімет субсидия береді дегенді естиміз. Қыстауға да құдық немесе ұңғыма керек. Мал қыс бойы қар жалап шықпайды ғой. Оның үстіне кейінгі жылдары құмға қар жұқа түседі. Сол құдықты қаздырайық десек, Мойынқұмда тұрақты мекеніміз тағы жоқ. Сонда құдықты қай жерден қаздыруымыз керек? Жайлаудан дейсіз бе? Жоқ, бұған келісе алмаймыз. Өйткені Теріскей табиғаты жағдайында мал жыл бойына кемінде бес-алты рет өріс өзгертеді. Сайрам, Төлеби, Қазығұрт, Түлкібас аудандарындағыдай малды қыста қорадан шығармай ұстай алмайсыз. Табиғаты тарпаң Теріскейде жем-шөп дайындап алудың азабын айтпай-ақ қоялық. Қонысы, қорасы, құдығы жоқ құм арасында қыста тіршілік тоқтамағанда қайтеді? Созақ ауданының барлық ауылы дерлік құм ішінде және жиегінде отыр.
Құм қойнауы жусан, изен, жантақ, ажырғы, бидайық, торғайоты, басқа да төрт түлік сүйіп жейтін шөпке аса бай. Қоңыр күзде жусанды жайылымда бағылған төрт түліктің қыстай қоңы таймайды. Бабаларымыздың осындай жайылымдық жерді тиімді пайдалану тәжірибелерін тиянақтай келе халық қалаулылары арнайы заң жазып шыққаны белгілі. 2017 жылы 20 ақпанда Мемлекет басшысы қол қойған «Жайылымдар туралы» заңда күні бүгінге дейін өздігінен реттеліп келген жайылымның мәселесін бағзы бабалар қалдырған жолмен ресми түрде нақтылануы көңілге қонады. Заңда жеке және заңды тұлғалар үшін жайылымдардың қолжетімді болуы көзделген. Осы құжаттың «Жайылымдарды беру және пайдалану тәртібі» атты 15-бабында жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілген нормалары сақталған кезде өрістерді пайдалануға болатыны нақты көрсетілген. Сонымен қатар жайылымдардың құқықтық режимі Қазақстан Республикасының жер, орман, су заңнамасына, Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аймақтар саласындағы заңнамасына сәйкес жердің қандай да бір санатына олардың тиесілігі және рұқсат етілген пайдалану тәртібі негізге ала отырып айқындалатыны көрсетілген. Ауылдық округтер мен аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып, жайылымдарды басқару мен оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту де жергілікті органдардың құзыретіне жататыны айқындалған. Солай бола тұра құм қойнауын түгелдей орман шаруашылығына өткізіп жіберу және олардың барлық иелікті қолына алуы шаруаларды қинап отыр. Құмынан басқа қыстауы жоқ созақтықтар үшін бұл жан-жақты ойластырылып барып шешілетін мәселе еді.
Облыстық мәслихаттың орман қорындағы жайылымды пайдалану туралы 2012 жылғы тәртібіне сәйкес аудандық орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі жайылым пайдаланушы агроқұрылымдардан төлемақы алып келеді. 2015 жылы осы тариф қымбаттап, 2012 жылғымен салыстырғанда 9-14 есеге өсті. Мұның өзі орман қорына жатқызылған жайылымдардағы агроқұрылымдарға бірқатар қолайсыздықтар мен қиындықтар тудыруда.
Шалғай аудандағы жайылымдық жердің 1 миллион 200 мың гектарынан астамы Бетбақдала жазығында жатыр. Осында малшылар мамыр айынан қазан айына дейін мал бағады. Осындағы су 150-300 метр тереңдіктен шығады. Мемлекеттік жеңілдікке сүйеніп құдық қаздық делік. Бірақ одан шығатын судың ішуге жарамды боларына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені ауданның осы аймағында уран өндірісі барынша дәуірлеп тұр. Уран өндірісіне байланысты Мойынқұм мен Бетбақдала жайылымдарының бірқатар бөліктеріне шектеу қойылған. Мұның өзі шаруаларға едәуір қолайсыздық тудыруда. Осы себепті аталған аймақта қыруар қаржыға құдық қаздыруға агроқұрылымдар мүдделілік таныта бермейді.
2000-2006 жылдары аралығында «Волковгеология» АҚ бұрын пайдаланып келген 103 скважина суын тексергенде су құрамында радионуклидтердің шекті нормадан асып кеткені анықталды. Сондықтан бұл ұңғымалар жабылды. Содан бері де уран өндірісі бірнеше есеге көбейді. Уран өндіру үшін мың-мыңдаған тонна улы химиялық қоспалар жерасты қабатына жіберіледі. Сөйте тұра Мойынқұм мен Бетбақдала жайылымдарындағы жерасты сулары күні бүгінге дейін тексерілген емес. 2018 жылғы 6 желтоқсанда Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ-ына, Түркістан облысы бойынша экология департаментіне, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне, Созақ аудандық әкімдігіне өздігінен ағатын ұңғымаларды жабуды, экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды анықтау үшін жерасты суларын тексеріп тұруды ұсынды. Оның қорытындысы жергілікті тұрғындарға күні бүгінге дейін жария етілген жоқ. Соған қарағанда бұл жұмыс әлі қолға алынбаған да шығар. Мойынқұм, Бетпақдала, Арқа өңірлеріндегі суаттардың құруынан жануарлар әлеміне де үлкен зиян келді. Кезінде аталған аймақтарда үйір-үйірімен өріп жүретін ақбөкен, киік, қарақұйрықты бүгінде емге таппайсыз. Қасқыр, қарсақ, қоян, мәлім, басқа да аңдар қайда кеткені белгісіз.
Тағы бір күрделі мәселе, бұл Мойынқұм мен Бетпақдалада уран өндірісінің тым көбейіп кеткені. Осындағы әр кәсіпорынның құм ішінде даңғырлап жатқан өндірістік асфальт жолдары бар. Бірақ олар осы жолмен ұдайы жүре бермейді. Мәселен, 40 тонналық жүк көліктері облыстық маңызы бар жолдармен ағылып жатады. Соның салдарынан Шолаққорған – Жуантөбе, Шолаққорған – Қаратау бағыттарындағы асфальт жол бүгінде ойдым-ойдым болып жатыр. Оны жыл сайын жөндей беруге аудандық бюджеттің шамасы келмейді. Сондықтан жерасты қазба байлықтарды қалағандарынша алып жатқан мекемелерге облыстық маңызы бар күре жолдарды жыл сайын жаңартып отыруды тапсыру керек-ақ. Міне, сонда жергілікті тұрғындар жапа шекпейді.
Бүгін-ертең Созақ ауданының тұрғындары отырған жерлерінен үдере көшіп кеткелі тұрған жоқ. Сол баяғы ата кәсібімен айналысып, атамекендерінде ұрпақ өсіруді жалғастыра бермек. Иә, мал бағу – қазақтың ата кәсібі әрі мол табыс кепілі. Сондықтан осы саланы өркендетіп, өзіндік құны арзан әрі экологиялық жағынан таза мал өнімдерін шығару үшін жайылымдар жеткілікті болуы керек. Теріскей тұрғындарының осы бір өтініші тиісті мекеме басшыларының құлағына шалынса деген тілек бар.
Батырхан ТАҢАТОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, кәсіпкер,
Созақ ауданы,
Түркістан облысы