Төрт айдың есебін түгендеді
Төрт айдың есебін түгендеді
459
оқылды

Жаһандық экономика­ның қызуы қайта-қайта көтеріліп тұрған қазіргі құбылмалы жағдайда ұлттық экономиканың тамырын басып, ахуалын ұдайы біліп отыру артық етпейді. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалы­ғы­мен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-сәуір айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды.

Жиында жыл басынан бері Қазақстан экономикасының 4%-ға өскені мәлімделді. Үкімет бас­шысы экономика өсімінің оң қарқыны сақталғанына риза екенін білдірді. Еліміздің ЖІӨ-сінің өсімі биылғы 4 айда, был­тырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, 4%-ды құрады. Экономиканы ілгері сүй­реген негізгі драйвер мен локомо­тивтер рөлін – машина жасау (жыл басынан бергі өсімі 19,8%), соның ішінде автомобиль өнеркәсібі (45,8%), жеңіл өнеркәсіп (27,4%), ме­талл кендерін өндіру (14%), мұнай өңдеу (9,1%), құрылыс сек­торы (8,4%), сауда-саттық (7,3%) және көлік саласы (4,8%) атқарған.

– Енді осы қарқынды сақтап қана қоймай, сонымен бірге, эко­номиканы одан ары дамыту бо­йын­ша шаралар қабылдау қажет! – деп жүктеді Премьер-министр.

Өңірлер арасындағы көш бас­таушылар да белгілі болды. Негізгі базалық көрсеткіштер бойынша экономика өсіміне Шығыс Қазақ­стан, Қостанай, Түркістан, Павло­дар, Атырау облыстарында қол жеткізілген. Ал Маңғыстау, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдік­теріне Асқар Мамин құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пай­далануға беру кө­лем­дерін арттыру бойынша жұ­мысты жандандыруды тапсырды.

– Қарқынның төмендеуіне жол берген өңірлердің әкімдіктері жоспарлы көрсеткіштерге шығуы қажет. Ал көш бастап тұрған өңірлер қол жеткен қарқынды бәсең­дет­пеулері керек, – деді Үкімет жетекшісі.

Бірінші вице-премьер – Қар­жы министрі Әлихан Смайылов­тың айтуынша, төрт ай қорытын­дысында республикалық бюд­жетке 2,1 триллион теңге кіріс құйылған. Бұл 2018 жылғы ұқсас кезеңнен 119,4%-ға көп. Ал рес­публикалық бюджет шығыстарына келсек, осы мерзімде ел қазына­сынан 3 трил­­­лион 647 млрд теңге әр мақсатқа арна тартыпты. Алайда соның 65 мил­лиард теңгесі игерілмей қалған.

Бас қаржыгердің айтуынша, анағұрлым көп игерілмеу сома­лары Қорғаныс министрлігіне (7,8 млрд теңге), Білім және ғылым минис­тр­лігіне (7,8 млрд теңге), ІІМ-ге (5,1 млрд теңге) тиесілі. Осы орайда Премьер А.Мамин осы салада жұ­мысты күшейтіп, бюджет қаражат­тарын уақытылы игеруге міндеттеді.

Мәселені талқылауды қоры­тындылаған ол экономиканың тұ­рақты өсімін ары қарай да қам­тамасыз етудің маңызын қадап айтты.

– Қолда бар резервтерді тиімді пайдалану қажет. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдар­лама­ларын және басқа да салалық мем­бағдар­ламалардың сапалы әрі то­лыққанды іске асырылуы қам­тама­сыз етілсін! Бұларды жүзеге асыру экономиканы дамытуға елеулі сер­пін береді, – деді Үкімет басшысы.

Жиында Министрлер кабинеті­нің мүшелері сондай-ақ элек­трон­ды сауданы өркендету мәселелерін қарады. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Цифрлы даму, қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұ­мағалиев, «Қазпошта» бас­қар­ма төрағасы С.Сәрсенов баяндады.

– Электронды коммерция – әлемдік тренд. Ол – сервистік эко­номиканың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі, – деді Асқар Мамин.

Ол электронды сауданы «эко­но­микалық өсімнің қозғаушы күш­те­рінің бірі» ретінде қарастыру қажет­тігін мәлім етті. Дамыған инфра­құрылымы бар болса, электронды сауда көлемін арттыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бе­реді. Бүгінде елімізде осы және оған жапсарлас сала­ларда 33 мың адам жұмыспен қам­тылған. 2025 жылға қарай бұл көр­сеткішті 314 мың адамға жет­кізу көзделіп отыр.

2018 жылы 2,32 млн қазақ­стан­дық интернетте өнім мен қызмет са­­тып алыпты. 2025 жылға қарай он­лайн сатып алушылар саны 15 мил­­лионға жетеді деп күтіліп отыр.

Болжамдарға сәйкес, 2025 жыл­­ға қарай қазақстандық интернет алаңдардағы сауда көлемі қазіргі 153 миллиард теңгеден 2 триллион теңгеге дейін артпақ. Яғни, елі­міз­дегі бүкіл бөлшек сауданың 25%-ын құрайтын болады. Оның игілік-қызығын басқа секторлар да көреді. Мысалы, электронды коммерция аясында логистикалық компания­лар­дың транзиттен табатын кірісі 2025 жылға қарай 1 триллион 270 млрд теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін.

– «Батыс Қытай – Батыс Еу­ропа» дәлізінің инфрақұрылымы дайын екенін ескерсек, оған кон­тейнерлік тасымалдар мен логис­тиканың өсетінін қоссақ, онда автотасымалдаушылар үшін үлкен бағыт ашылады. Электронды сау­да-саттықтың экономикаға тигі­зетін мультипликативті әсері жал­пы ішкі өнімге жыл сайын қо­сымша 1,1% деңгейінде үлес қо­сады, 2025 жылға қарай Қы­тайдан Қазақстан арқылы Еуро­паға тасымалдар қарқынын тәу­лігіне 2 мыңнан 21 мыңға дейін арттырады деп болжауға мүмкіндік береді, – деді А.Мамин.

Ол электронды сауда арқылы отандық ауыл шаруашылығының және басқа да өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін шет елдерге, оның ішінде Қытай нарығына өткізу әлеуеті зор екеніне назар аудартты. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарлары мен тамақ өнімдерінің электронды сауда-саттығы жыл сайын 20%-ға өсіп отырады деп күтіліп отыр.

– Қазіргі кезде әлемде ірі сауда желілерін жабу, оларды тек элек­тронды коммерцияның қойма­лары ретінде ғана пайдалану үрдісі белең алуда. Демек, алдағы уақыт­та ло­гис­­тикалық орталықтар на­рықтың басты бағытына айналуы мүмкін, – деді Премьер-министр.

Осыған байланысты ол 2025 жыл­ға дейін еліміздің барлық ірі қалаларында көлік-логис­тикалық орталықтарды іске қосу бойынша жұмыстарды жалғас­тыруды тапсырды. Асқар Мамин бұл жұмысқа отандық және шетел­дік инвесторларды тарту, соның ішінде мемлекеттік-же­кеменшік әріптестік тетіктерін қолдану ке­регін нықтады. Бұған қоса, ол Қор­ғастағы қолданыстағы инфра­құ­рылымды да осы мақсатқа пай­да­лануға мән беру керегіне тоқталды.

Үкімет отырысында кадрлар дайындау мәселесіне жеке көңіл бөлінді. 2025 жылға қарай жаңадан 280 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады деп жоспарланып жа­тыр. Сондықтан Үкімет жетекшісі «Қазпоштаға» және логистикалық компанияларға «колледждер мен басқа да білім ордалары базасында осы бағытта мамандар дайындауды өз басқаруларына алу» мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

– Электронды сауда – эконо­миканың одан ары өсуіне серпін береді. Біз транзиттік мүмкін­дік­терімізді және көлік-логистикалық инфрақұрылымды тиімді пай­да­лана отырып әрі отандық нарық­тың әлеуетін ұлғайтып, сауданың бұл түрін тұтас экожүйе ретінде дамытуға барлық күш-жігерімізді салуымыз керек! – деп түйіндеді Асқар Мамин.

Жиын соңында Премьер-министр 2025 жылға дейінгі «Элек­тронды коммерцияны да­мы­тудың жол картасын» әзірлеу жөнінде тапсырма берді.