Әдебиет туралы әңгіме
Әдебиет туралы әңгіме
567
оқылды

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада «Жас Отан» Жастар қанатының жетекшілігімен Қазақ­станның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы қорының ұйымдастыруымен өткен «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты, жас жазушы Арай Ертарғыно­вамен кездесу кеші өтті.

Жастар жылы аясында ұйым­дас­тырылған аталған кештің не­­гізгі мақсаты – дарынды да талантты жастарды көпшілікке танытып, олардың шығарма­шылығын насихаттау.

Кездесуге Өскемен қала­сын­дағы Дарынды балаларға арнал­ған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқу­шылары және қалалық «Шабыт» жас ақындар мектебінің мүше­лері, сонымен қатар кітапхана оқырмандары қатысты.

Жас жазушы Арай Ертар­ғы­нова оқырмандардың сауал­да­рына жауап беріп, әдебиетке қалай келгенін, сондай-ақ жазу­шылықтың қыр-сыры туралы да айтып өтті. Кеште «Алтын то­былғы» әдеби байқауында жүлде алған шығармасы төңірегінде де түйінді ойлар айтылды. Автор әңгіме барысында байқауда жүлде алған туындысының шығу тарихына қысқаша тоқ­талып, оны жазу барысында болған қы­зықты оқиғаларымен де бөлісті.

– Ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды сақтап, жаһандану үдерісінде бет-бейнемізді жоғалтпай келешек ұрпаққа асыл құндылықта­ры­мызды жеткізу –басты боры­шымыз. Бұл борышты орындауда қаламын қару еткен жазушы­ла­рымыздың алар орны айрықша. Өйткені кез келген жазушы туын­дыларында бірде қоғамда орын алып жатқан келеңсіз­діктерді әшкере етсе, бірде келелі оқиғаларды дүйім жұртқа үлгі ретінде ұсынады, – деді А.Ер­тарғынова.

Қаламгердің өнегесін кө­ңілдеріне тоқып, ұлағатын сіңір­ген студенттер ұлт мүддесіне қыз­мет етуге шабыттанды, әде­биеттің қоғам өміріндегі орны мен қару ретіндегі құдыретін таныды. Шығарманы талдауда, сұрақ қою кезінде ерекше көзге түскен студенттерге, автор қол­таңбасы қойылған кітаптарын табыс етті. Кездесу соңында оқыр­мандар қаламгерден қол­таң­ба алып, естелікке суретке түсіп, рухани қуат алып тарқасты.