Қазақстан шылымқорлық жөнінен Африка елдерін де артқа тастады. Республикада ересектер арасындағы өлімнің 24 пайызы темекі шегу салдарынан болатын көрінеді. Ресми мәліметке сәйкес, қаптаған шылым шегушілердің жұмыс үстінде темекі тартуға жүгіруі кесірінен істің дағдаруы, қызмет көрсетудің ұзауы нәтижесінде экономикаға 462,2 миллиард теңге шығын келеді.
Мамандардың байламынша, шылымқорлықтың қазақтар арасында жаппай таралуы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына тұспа-тұс келіпті. Майданда қан кешкен жауынгерлеріміз қарулар үні тыншығанда айналадағы қырғыннан бір мезетке болса да арылу үшін, ал тылдағы халқымыз жанды мүжіген қайғы-шерден, тәнді қажытқан ауыр жұмыстан бір байыз табу үшін ауызға бір тал темекі қыстырып, құныға соруға, көк бұйра түтінге елтуге үйренді.
Энциклопедияға жүгінсек, 1940 жылдардың соңы мен 1950 жылдардың басы – темекі өнеркәсібінің «алтын ғасыры» болып саналады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, яғни 1939-1945 жылдар аралығында темекі саудасы әлемде жоғары деңгейге жеткен. Темекі компаниялары солдаттарға миллиондаған қорап шылымды тегін жолдаған. Көптеген армияларда темекі тамақ ретінде солдат рационының бөлінбес бөлшегіне айналады. Кеңес әскерлері арасында және тылда негізінен, қағазға не газетке «махорка» темекісін орап, «самокрутка» тарту кең жайылған.
Темекіні ілгерілетуде Кеңес өкіметі ештеңеден тайынбады. Майдан туралы фильмдерді ынтыға тамашалаған қаншама жасөспірімдер оларда басты кейіпкерлердің бұрқырата шылым тартқанын көріп, өздері де көк түтінге бой ұрды. Соғыстан кейін жаһандық, соның ішінде кеңестік темекі өндірісі миллиондаған тұрақты сатып алушыға ие болды. Бұл ретте «Главтабак» ұйымы РСФСР Азық-түлік тауарларының өнеркәсібі министрлігіне қарады. Ол қазақ арасында шылымқорлықты таратуға ықпал ету мақсатында, жыр сүлейі Жамбыл Жабаевтың жүз жылдық мерейтойына арнап, домбыра бейнеленген «Джамбул 100» папиросын өндірістік жолға қойғаны мәлім.
Темекіқұмарлықпен күресті де алдымен дамыған елдер бастады. Америка Құрама Штаттарында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шылымқорлар саны күрт өскен. Салдарынан, онжылдықта онкологиялық аурулар саны ұлғайды. Сондықтан АҚШ Үкіметі университеттерді қоса алғанда, қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салатын заң қабылдауға мәжбүр болды. Бұл шара өзін-өзі ақтады, келесі онжылдықта өкпенің қатерлі ісігі дертіне шалдыққан америкалықтар саны елеулі түрде азайған. Осының арқасында Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт мемлекет жүздеген мың еңбекке қабілетті тұрғындарын аман сақтап қалды.
Кеңес Одағы өз республикаларындағы шылымқорлықтың жаппай таралуымен күреске көп басын қатырған емес. Бұл кеселге тосқауыл қоюға Қазақстан тек тәуелсіздігі нығайып, экономикасы төрт аяққа тең тұрғаннан кейін ғана кірісе алды.
Қазіргі кезде қазақ елінің темекі өнімдерінің нарығын екі ірі компания – «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС мен «Джей Ти Ай Қазақстан» ЖШС бақылайды. Бұлар – төрткүл дүниедегі темекі тұтынушыларын «сауынды сиырға айналдырған» Philip Morris International және Japan Tobacco International секілді қос трансұлттық компанияның бөлімшелері.
Сигарет және өзге де темекі өнімдерінің өндірісі негізінен Алматы облысында шоғырланған. 2018 жылы Қазақстанда 18 миллиард 144,2 миллион дана темекі өндірілді. Басқаша айтқанда, шылымқорлар бір жыл ішінде оның 907,2 миллион қорабын шеккен. 2017 жылғы көрсеткіш бұдан аз – 17,9 миллиард дана. Яғни, тұтыну көлемі артты.
Азаматтар шылым сатып алу үшін тек отандық темекі өндірушілерге ғана өткен жыл ішінде 96,7 миллиард теңге төлеген. Сөйтіп, шығындарын 2017 жылмен салыстырғанда, 16,7%-ға ұлғайтыпты.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы бойынша сауда объектілеріндегі сату кассаларының жанында темекі өнімдерін ашық шығарып қоюға тыйым салу бөлігінде реттеушілік құралдардың реттеушілік әсерлерін талдау» нәтижелерін жария еткен Денсаулық сақтау министрлігі көңілсіз байламдарға келді.
«Темекі шегудің таралуы бойынша Қазақстанның көрсеткіші әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі – 22,4%. Соның ішінде ерлердің 42,4 пайызы, әйелдердің 4,5 пайызы темекі тартады. Бұл өзге елдердегіден жоғары: темекі шегудің таралуы Шығыс Жерорта теңізі елдерінде – 22%, АҚШ-та – 20%, Оңтүстік-Шығыс Азияда – 19%, Африкада – 15%, Скандинавия елдерінде – 10%» делінген осы талдау есебінде.
Онда Қазақстандағы темекі шегушілердің саны 2 миллион 821,9 мың адамды құрайтыны көрсетілген. Яғни, еңбекке қабілетті жастағы он адамның үшеуі – шылымқор. Оның үстіне бұл індет бойында күші бұлықсыған, нағыз тепсе темір үзетін жастағы азаматтарды жалмауда: темекі өнімдерін ең белсенді тұтынушылар – 25 – 44 жас аралығындағы қазақстандықтар екені айтылады.
Құжатта жазылғандай, инфекциялық емес аурулар, оның ішінде темекі шегуден пайда болған сырқаттар денсаулық сақтауға және әлеуметтік қолдауға жұмсалатын шығындарды күрт арттырады. Сондай-ақ еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеледі. Елде 2017 жылы денсаулық сақтауға 1,1 трлн теңге жұмсалса, оның ішінде 0,3 трлн теңгесін немесе 30%-ын Үкімет негізгі төрт инфекциялық емес ауруларды (обырды, жүрек-қантамыр ауруларын, созылмалы респираторлық ауруларды, диабетті) емдеуге шығындапты.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, темекі мен оның түтінінде 3000-нан астам химиялық қосылыстар бар. Солардың 60-ынан астамы канцерогендік саналады, яғни жасушаның генетикалық материалын зақымдайды және обыр тудыруға қабілетті. Зерттеулер деректері бойынша, өкпе обырынан қайтыс болу оқиғаларының 90%-ынан астамы және қатерлі ісіктен өлу оқиғаларының 30%-ына жуығы темекі пайдаланудан туған.
Бір күнде неғұрлым көп темекі талын шеккен сайын, сондай-ақ шылымды шайыр және никотин көп болған сайын өкпе ісігінің қаупі де соғұрлым арта түседі. Сонымен қатар темекі тарту тамақ, ауыз қуысы, тіл, ерін, көмей, аңқа, қуықасты безі, бүйрек және ұйқы безі обырларын тудырады. Темекі шегу мен обырдың бірнеше түрінің, оның ішінде асқазан-ішек жолдары, сүт безі және жатыр мойны обырлары арасында байланыс бары анықталған.
Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарында темекі жарнамасына тыйым салынған. Алайда оның насихаты бәрібір дәуірлеп тұр. Бұл өнімді өткізушілер сауда орындары қожайындарының аузын алып, темекі сөрелерінің дәл касса жанында, кезегін күткен сатып алушының тура көз алдында, ең масқарасы сол, ойыншықтар мен тәттілердің дәл қасында тұруына қол жеткізетін көрінеді. Темекі өнімдері қойылған сөре-витриналардың дизайны да керемет: жарық беру құралдарымен жабдықталған, түрлі-түсті қанық бояулармен көз жауын алады, мұнда тұтынушы назарын аудару үшін бәрі мұқият ойластырылады.
Қазақстанда темекі өнімдері барлық жерде, тіпті мектептердің қасында да сатылады. Осы орайда 2018 жылғы мамырда еліміздің ірі қалаларында – Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Ақтөбеде, Қарағандыда, Қостанайда, Шымкентте және Өскеменде мектептерден бес минуттық жерде орналасқан 325 сауда нүктесіне тәуелсіз зерттеулер жүргізілген. Оның барысында анықталғаны мамандарды айран-асыр етіпті. Өйткені олардың барлығында балаларға бағытталған тікелей жарнама әшкереленген. Басқаша айтқанда, темекі индустриясы тұтынушылардың жаңа буынын тәрбиелеуге мықтап кіріскендей.
Зерттеуге сәйкес, аталған қалалардағы мектептерге қоңсы қонған дүкендердің 42 пайызы шылым қораптарын шамамен 1 метр биіктікте, яғни оқушы баланың міндетті түрде көзі түсетін деңгейде қоятыны мәлім болды. Сауда нүктелерінің 56 пайызы темекіні тәттілер мен ойыншықтардың жанында орналастырған. Дүкендердің 70,5 пайызы жас өскіндерді қызықтыратын түрлі хош иістендірілген қоспалары бар шылымдар сатады. Бөлшек сауда объектілерінің 92,5%-ында темекінің жаңадан шыққан түрінің қаптаған жарнамасы ілініпті.
Қазақстанда 15-24 жас аралығындағы жастардың 30%-дан астамы үнемі темекі маркетингінің әртүрлі нысандарына көңіл аударатынын айтқан. 6-9 сынып оқушыларының 57 пайызы темекі жарнамасына және сату орындарындағы жаңа шылым өнімдерінің промо-акцияларына кезіккендерін растаған.
2015 жылы Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығы жүргізген зерттеулер Қазақстанда балалардың 18,3 пайызы немесе 11-ден 17 жасқа дейінгі 290 мың 970 жас өскін темекі тартатынын көрсетті. Бұдан бөлек, балалардың 40 пайызы күн сайын пассив темекі шегуге шалдығады, яғни темекіні жілік майын жұтқандай сорып, будақ-будақ түтін шығаратын шылымқорлардың қасында жүреді. Ал дүниежүзілік ғылыми зерттеулерге жүгінсек, 20 жасқа дейінгі адамдар үшін темекі шегу анағұрлым қауіпті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамдарына сәйкес, Қазақстанда 2,8 миллион шылымқордың 1,4 миллионына темекі шегуіне байланысты мезгілсіз қайтыс болу қаупі төніп тұр. Ал егер мемлекет осы індетпен күресте батылырақ және белсендірек болмаса, бұл сан ұлғаюы мүмкін.
Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі республикамызда темекі өнімдерін сөрелерде ашықтан-ашық қоюға тыйым салу ұсынысымен шықты. Ол тиісті заң жобасы түрінде рәсімделіп отыр. Егер сол құжатты Парламент қолдаса, онда темекі атаулы сауда орындарында тек перде тұтылған жабық сөрелер ішінде сатылатын болады.
Әрине, бұл – мемлекетіміз ойлап тапқан жаңалық емес, дүниежүзінің әр атырабында өмірге жолдама алып жатқан тәжірибе. Бұл жаңашылдық әлемнің көптеген елдерінде күшіне енді. Көшбастаушылар қатарында Канада, Австралия, Исландия, Ирландия, АҚШ, Ресей, Тайланд, сонымен бірге, Непал, Тринидад және Тобаго сияқты экзотикалық елдер де бар.
Жер-жаһанда Қытайдан кейінгі темекі өнімдерін өткізудің ірі екінші нарығы болып есептелетін Ресейде сауда орындарында шылымды беті ашық сатуға бұдан біраз бұрын, 2013 жылы тыйым салған. Оларда темекі сырттағы тұтынушыға бейнесі көрінбейтіндей етіп, жабық «шымылдырықтың» ішіне салынады. Ал перде сыртында тек жабық сөреде қандай темекі тұрғаны туралы ақпарат беретін тізім ғана басылады. Бұл жерде ол тізімдегі шылым атаулары ақ фонда біркелкі қара қаріптермен терілуі міндет. Әлдебір марканы бөліп көрсету үшін оны басқа түспен бояуға, графикалық кескіндер мен суреттерді пайдалануға жол берілмейді. Мұндай тәсілді іске асыру нәтижесінде Ресейде ересек адамдар арасында темекі тұтынудың таралуы көп төмендеген: егер 2009 жылы солтүстік көрші тұрғындарының 40 пайызға жуығы шылымқор болса, ВЦИОМ зерттеуі 2018 жылы олардың үлесі 29%-ға дейін кемігенін анықтаған.
Қазақстан Үкіметі шылымқорлардың үлесін қазіргі 22,4%-дан алдағы бес жылда 19,9%-ға және одан да төмендетуді мақсат етіп отыр.
Бірақ мемлекет тек «шымылдық» құрумен шектелмейді. Темекі тартуға қарсы үгіт-насихат та күшейтілмек. Мәселен, 2018 жылдың 12 айында 813 266 адамды қамтыған шылым шегушіліктің алдын алу бойынша 50935 іс-шара өткізіліпті.
Денсаулық сақтау министрлігі осы мақсатта телеарналарда бейнероликтер айналдыра берумен тыйылмай, интернет алаңына да шығып, әлеуметтік желілерге уағыз жүргізуге көшті.