Алматыда толассыз жаңбырдан соң тау көшті
Алматыда толассыз жаңбырдан соң тау көшті
Фото: Интернеттен алынды
414
оқылды
Медеу ауданы Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойында «Тау-күні» оқу-сауықтыру кешенінің аумағында топырақ көшті. Лай көшкінінен 7200 текше метр топырақ пен тау жынысы өзен арнасын бөгемей, Кіші Алматы каналына дейін түсті. Табиғат апатынан ешкім зардап шекпеді. «Көшкін 14-15 сәуірде жауған жаңбырдың салдарынан болды. «Қазселқорғау» РМҚК мәліметінше, көшкін қаупі әлі де сақталады. Кешен аумағында орналасқан спорт зал, бассейн және ғимараттар қирауы мүмкін», – деп хабарлайды қалалық Төтенше жағдайлар департаменті. Департамент қызметкерлері қайта көшкін болуы ықтимал учаскелерді анықтады. Сол аумақтың айналасы жолақ лентамен қоршалды. Сондай-ақ, мекеме иесіне қауіпті аймаққа адамдарды жібермеуге және ғимараттарға кіруге шектеу қою туралы хабарлама жіберілді. Жалпы, Алматы аумағында 41 қауіпті учаске бар. Былтыр Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне, қаладағы қауіпті аудандарды құжаттандыру үшін бюджеттен 35 миллион теңге бөлінді. Қазір сол жұмыстар жүргізілуде. Биылғы наурыз айынан бастап Медеу және Бостандық аудандарында жалпы көлемі 7 220 текше метр 4 көшкін тіркелді: «Юбилейный» шағын ауданындағы Сұлусай тас жолында (көлемі 15 текше метр); Курортная көшесі, 75 (көлемі 3 текше метр); Бостандық ауданындағы Мағжан Жұмабаев көшесі 21-үй (көлемі 2 текше метр); «Тау-күні» оқу-сауықтыру кешенінің аумағында (көлемі 7 200 текше метр). Мамандардың айтуынша, көшкінің басты себебі – нөсер жауын салдарынан топырақтың ылғалдануы, су құбырлары мен септиктердің жарылуынан болады.