«Қайрат» жаңа бапкер тапты ма?
«Қайрат» жаңа бапкер тапты ма?
456
оқылды

Скрипник футболшы ретінде украиналық «Металлург», «Днепр» клубтарында ойнады

Алматылық «Қайрат» клубының басшылығы команданың осы маусымдағы сериялық сәтсіздігінен кейін жаңа бас бапкер кандидатураларын қарастыратын секілді.

Былтыр командаға белорусиялық Алексей Шпилевский бас бапкер болып тағайындалған. Клуб басшысы Қайрат Боранбаев 30 жастағы бапкерге үлкен сенім артатынын мәлімдеген. Тиісінше, ол бұл сөзін одан кейін де бірнеше рет шегелеп өтті. Бірақ Шпилевскийдің клуб басшылығы сенімін ақтайтын сыңайы байқалмайды. Алдымен Суперкубок үшін «Астанаға» жол берсе, премьер-лиганың бес турынан кейін жорғасынан жаңылды. Команда соңғы төрт ойында қатарынан жеңілді. Қазір турнир кестесінің алтыншы сатысында келе жатыр. Ал көш басындағы «Астана» бүгін павлодарлық «Ертісті» 1:0 есебімен жеңіп, алматылық клубтан 12 ұпайға ұзап кетті.

Сенімді дерек көзіне сүйенсек, алматылық клубтың көзі украиналық Виктор Скрипникке түскен сияқты. 49 жастағы орыс және неміс тілдерін меңгеруі клуб басшылығының қызығушылығын тудырған.

Скрипник футболшы ретінде украиналық «Металлург», «Днепр» клубтарында ойнады. Ал 1996-2004 жылдары германиялық «Вердердің» намысын қорғады. Аталған командамен Германия чемпионы атанып, екі мәрте ел кубогын да иеленген. Ал Украина ұлттық құрамасы сапында 24 матч өткізіп, 2 гол соқты.

Футболшылық карьерасын аяқтағаннан кейін де «Вердердің» жастар және жасөспірімдер командаларында жұмыс істеді. 2014-2016 жылдары «Вердердің» бас бапкері ретінде жұмыс істеп, клубтың Бундеслигада сақталып қалуына үлкен ықпал етті. Сол жылы немістің әйгілі Transfermarkt порталының нұсқасы бойынша маусымның үздік бапкері атағын да иеленді.

«Вердерден» кеткеннен кейін латвиялық «Ригада» жұмыс істеп, клубпен бірге ел чемпионы атанып, ел кубогын еншіледі. Латвиялық командадан ол биыл ақпан айында кетті.