Қазір өз ісін бастаймын деген жанға жағдай да, қолдау да бар. Айнала ортаны зерттеп, зерделеп, халықтың сұранысына лайық кәсіптің көзін ашсаң, елге пайдаң тиіп қана қоймай, табысың да артып, жерлестеріңнің алғысына бөленесің.
Ескелді ауданының елдімекендерінің дені облыс орталығының маңында орналасқан. Соған сай келімді-кетімді кісі көп, тірлік қайнап жатады. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Зібила Рахымжан сауабы мол болғанмен бейнеті де жетіп артылатын, жалақысы басқа тартсаң, етекке жетпейтін мейірбике мамандығының қызығы мен шыжығын бір кісідей бастан өткерген жан. Қолы ісмер, бала-шағасының киім-кешегін үйде өзі реттеп қоятыны бар. Көрші-көлем мен туған туыстар да тапсырыс беріп тұратын. Ақыры ойлана келе киім-кешек тігетін цех ашуға бел буды. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға жасалып жатқан қадамдар да оның жоспарына қанат бітірді. «Бастау» оқыту жобасы арқылы бизнес жүргізуге машықтанып, 6 млн теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге қол жеткізді де, тігін цехын іске қосты. Қазіргі кезде мұнда төрт адам еңбек етеді. Цехта күнделікті киімдермен қатар, түрлі мерекелік костюм, мамандандырылған және ұлттық киім тігіледі.
«Бастауда» кәсіп жүргізудің қыры мен сырына біраз қанықтым. Несие алуда да қиыншылық болған жоқ. Қолыма тиген қомақты сомаға автоматтандырылған станок пен бірнеше тігін машинкасын, мата сатып алдым. Әзірге кішігірім орынды жалға алып отырмыз. Тұрақты клиенттер қатары қалыптасты. Жекеменшік компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар тарапынан да ірі тапсырыстар түсе бастады», – дейді кәсіпкер.
Тігін цехының жұмысқа кіріскеніне бір жылдан енді асқанына қарамастан, тігіншілердің шеберлігі көпшілікті тәнті етіп, цехтың ұсынатын қызметі тапсырыс берушілердің талғамынан шықты. Жұрттың көңілінен шығу оңай емес бүгінде. Заман талабына сай таңдау да жақсара түскен. Соған қарамастан сапалы жұмыс пен бірегей бағаның арқасында өзіндік тұтынушылар легі қалыптасып үлгергенін жоғарыда айттық. Бір жылда он алты мың тұрғыны бар ауылдағы мыңнан астам адам аталған цехқа тапсырыс беріп, жұмысына ризашылығын білдіріпті.
Зібила Рахымжан бүгінгі жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Анасы баулыған тігіншілік өнерін өркендете түспек. Алдағы кезде тігін цехын кеңейтіп, аяқкиім тігетін цех ашпақ. Жұмыссыз замандастарын тігіншілікке баулып, аяқкиім тігуді үйретіп, еңбекпен қамтуды ойластырып отыр.
Өткен жылы Ескелді ауданында «Бастау» жобасы бойынша 162 жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған азамат оқып шықты. Олардың ішінде 47 азамат жеңілдетілген несиеге және 100 АЕК көлеміндегі грантқа ие болды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы