Ұлт дәстүрін оқытуды ұсынды
Ұлт дәстүрін оқытуды ұсынды
386
оқылды

Қазақстан президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел мектепте қазақтың сәлт-дәстүрін оқытуды ұсынды. Ұлттық құндылықтарды жақтаушы кандидаттың пікірінше, жаңа пәнді енгізу өскелең ұрпақтың отансүйгіш қасиетін оятады. Оқу бағдарламасына жаңа курсты енгізу туралы ұсынысын үміткер Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлаушылармен өткен кездесуде жасады.

Оқушыларға сабақта ұмыт бола бастаған дәстүрімізбен қоса, ұлттық спорт түрлерін, тіпті атқа мінуді де үйрету қажет дейді үміткер.   Жаңа пән жас қазақстандықтарды мәдени және идеологиялық тұрғыда тәрбиелеуге үлес қосады.

«Сәдібек Түгел – халқының, туған тілінің патриоты. Оның қазақ тілі тәуелсіздігімізді нығайтуда шешуші фактор деген пікірімен толықтай келісемін. Мемлекеттік тілді білу – міндетіміз», – деді кандидатты қолдай келген ақын Бақытжан Тобаяқов.

Үміткер Сәдібек Түгел бұл кездесуге дейін Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан «Кенесары үңгіріне» барды.

«Кенесары хан – қазақ тарихында соңғы хан ғана емес, ұлт азаттығы жолында қайтпас қайсарлығы мен өршіл рухымен халық жүрегінен ойып орын алған тұлға. Мына үңгірден айнала алақандағыдай көрініп тұр. Жергілікті көнекөз қариялардан бізге жеткен әңгімелерде отарлау саясатына қарсы шыққан батыр сенімді серік­терімен осында жиналып, алдағы әскери маңызды жоспарларын айтып ақылдасқан екен. Кенесарыдай атақты, ерлігі – аңыз, өрлігі – өнеге болған ханның үңгіріне сіздерді алып келіп, алдағы маңызды кезеңнің алдында батырдың рухына бас иіп, құран бағыштасақ деп ойлап едім», – деді Сәдібек Түгел өзімен бірге жүрген сай­лауалды штабындағы сенімді өкіл­деріне.


Айдана БЕГІМ