Қазақстан қай «күшке» жүгінгені жөн?
Қазақстан қай «күшке» жүгінгені жөн?
539
оқылды
14 сәуір күні Sohu.com сайтында «Қазақстан не­ге Қытайға оралуға тырысады?» атты мақала жа­рия­лан­ғаны үшін Қа­зақ­стан Қытайға наразылық нотасын жі­берді. Әрине, дипломаттар ел мүддесін қорғау мақ­сатында мұндай қадамдарға барады. Ол керек те. Алайда ғаламторда еліміз жайлы жазылған кері ақ­параттың бәрін бақылау мүмкін емес, табылса да, үне­мі нота жолдау да ақылға сыя қоймас. Келешекте Қа­зақстан хақында айтылған, сызылғанның бәрін «жүрекке жақын алмау үшін» қайтпек керек? Қытай тіліндегі мақаланы тауып, оған жауап қайырған дип­ло­­маттар өз міндетін атқарып-ақ жа­тыр. Алайда тағы бір көршіміз Ре­сейде  орыс тілінде біз хақында жа­­­рияланған ақпаратқа зер салсақ, шовинизмнің исі аңқып тұрған материалдар жетерлік. Бір ғана tsargrad.tv сайты Қазақстан жайлы үнемі КСРО көзімен жазатын әде­ті бар. Яғни, орыс тіліне тыйым са­лады, орыс диаспорасын тұқыр­та­ды деген жалған айып тағады. Ал Қазақстан латын әліппесіне көшу туралы шешім қабылдағанда жер-же­біріне жетіп сынады. Таққан айы­бының мәні – бұрын біздің құ­рамда болған ел уысымыздан шы­ғып барады, «орыс әлемі» де­ген кеңістіктен кететін бол­ды, Украинаның тағдырын қайта­ла­­мақ. Бір қызығы, Ресейдегі ел­­­­шілеріміз мұндай мақала, теле­бағ­­дарламаларды үнсіздікпен ба­қылап отыр. Жалпы, Қазақстан қос дер­жава­ның арасында жайғасып, алып­тардың сүйкенісінде зардап шек­пеу үшін сыртқы саясатта көп­векторлы бағытты ұстанды. Өткен 29 жылда бұл ұстаным көмегін ти­гізді. Ешкімнің сойылын соқ­пай, одақтарға қосылмады. Еу­ра­зиялық экономикалық одаққа мү­ше болмайынша. Енді билік ауы­сып, жаңа саяси кезең бас­тал­ғанда сыртқы саясатта көп­век­торлы бағыт одан әрі тиімді бо­ла ма, жоқ па, белгісіз. Бұл бір алып­тың көлеңкесінен пана іздеу қа­жет деген сөз емес. Бәлкім, көп­век­торлы саясатты жаңа деңгейге шы­ғаратын кез жеткен жоқ па? Жалпы, мемлекеттердің сырт­­қы саясатта ұстанатын бір­­­не­ше «күші» бар. Оларды АҚШ сая­сат­танушысы, Гарвард профессоры Джозеф Най «жұмсақ күш», «қа­таң күш», «ақылды күш» деп бір­не­ше түрге бөлген. Ал 2017 жыл­дан бері «өткір күш» деген де тер­мин пайда болды. Қазақстанға бұл «күштердің» қайсыбірі тура ке­летінін анықтау үшін оның әр­бірі­не жеке тоқталған дұрыс болар. «Қатаң күш» – әскери және эко­­номикалық шараларды қолдана оты­­рып, өзге мемлекеттердің іс-әрекетіне, саясатына мақсат тұт­­­қан өзгеріс енгізу әдісі. Яғ­ни, басқа елдерге соғыс ашу, эко­­номикалық санкциялар жа­рия­лап, «тәртіпке» салу. Мұны кө­­­біне осындай қадамдарға ба­ра алатын, ресурстары жет­кі­­­лік­­ті қуатты мемлекеттер қол­да­­на алады. Мәселен, XX-XXI ға­­сырда АҚШ жә­не НАТО коа­ли­циясы Балқан түбегінде, Таяу Шығыста, Африкада қарулы операциялар жүргізіп, саяси мақсатына жетті. Немесе Ресей гиб­рид соғысының нәтижесінде Қы­­рымды аннексиялады. Сондай-ақ бұл «күшке»  қатаң дипломатия ар­­қылы қандай да бір әрекетке мә­ж­­бүрлеу, қысым жасау, пара беру де жатады. «Жұмсақ күш», керісінше мақ­сатқа жылы қатынас, ортақ тү­сі­нік, тартымдылық, жеңіл дип­ло­­­матия арқылы жету амалы. Тер­­мин авторы Дж.Найдың пікі­рін­ше, елдің тілі мен мәдениеті «жұмсақ күш» ретінде қолданылуы мүм­кін. Жалпы, Еуропа елдері бұл «күш» түрін Найға дейін сан жыл­­дар бұрын қолданып келеді. Нақ­­тырақ айтсақ, шетелдерде өз тілі мен мәдениетін тарату, на­си­­хаттау орталықтары ашылған. Ең алдымен ойға оралатыны Бри­­тан кеңесі. Бұл ұйым сонау 1934 жылы негізі қаланып, қазір әлем­­нің 110 мемлекетінде кеңсесі бар. Ағылшын тілін, мәдениетін на­сихаттап, білім жобаларын іске асырады, IELTS тесттерін қа­был­дайды. Сырттай қарасаңыз, мұн­дай гуманитарлық орталықтар же­лісінің шығыны мол болуы тиіс. Ал Британ кеңесі, керісінше 2018-2019 жылдары 1,5 млрд доллар та­быс тапқан. Әлем бойынша 850 қалада бұл ұйымның IELTS тест­терін қабылдау орталықтары ашыл­ған. Яғни, Ұлыбритания Бри­тан кеңесі арқылы өз тілін, мә­дениетін, білім жүйесін танытып, сұра­нысын арттырады әрі табысты да ұмытпайды. Германия да бұл бағытта құ­р­а­лақан емес. Неміс тілі мен мә­де­ниетін насихаттау үшін Гете инс­титуты құрылған. Қазір 98 мем­лекетте 159 институт жұмыс іс­тейді. Неміс тілін ақылы түрде оқы­тады. Германия, сондай-ақ саяси ағар­тушылықпен де айналысуды жөн көреді. Осы мақсатта 1955 жылы Конрад Аденауэр қоры құрылды. Қазір 100 елде өкілдігі бар. Қор көбіне шет мемлекеттерде саяси, экономикалық, құқықтық жүйе­ні жетілдіруге көмектеседі. Студенттерге грант бөледі. Яғ­ни, неміс тілі, мәдениеті, саяси жүйе­сі осы қорлар арқылы наси­хат­талады. Қос қор да үкіметтен қар­жыландырылады. Ал Франция француз тілінің дамуын сонау 1883 жылы ойлап қойған. Сол кезде Альянс Франсез ұйымы құрылды. Негізгі мақсаты – француз тілін насихаттау, білім, мәдениет саласында әріптестікті дамыту. Қа­зір 132 мемлекетте 800 кеңсесі ашылған. 500 мың студент оқытады. Испан тілі мен мәдениетінің қолданыс аясын кеңей­­­ту үшін Сервантес институты сәл кеш­теу ашылған, 1991 жылы. 45 елде 86 өкіл­ді­гі орын тепкен. Жоғарыда айтылған ұйым­дар автономды түрде басқарылса, Сер­вантес институтын Испанияның сыртқы істер министрлігі ашқан. Яғни, үкіметке қарасты ұйым.  width=   Италия өз тілінің тағдырына сонау 1889 жылы алаңдап, Данте Алигьери қо­ғамы ұйымының негізін қалаған. Бұл ұйым да итальян тілі мен мәдениетінің кө­сегесін көгерту үшін құрылған. 60 ел­де 400-ден аса өкілдігі қызмет етіп тұр. Әрине, бұл тұста әлем халқына қы­тай тілін үйретіп, қытай мәдениетін та­ны­мал ету үшін ашылып келе жатқан Кон­фуций институттарын еске салған жөн болар. Бүгінде бұл ұйымның саны әлем бойынша 542-ге жетті. Қытай 1 000-ға жеткіземіз деген мақсат қойып отыр. Конфуций институттары көбіне жо­ғары оқу орындарында ашылады. Оның қар­жы­ландырылуы тікелей үкіметтің міндеті. Мысал ретінде келтірілген ұйымдар өз елдерінің сыртқы саясаттағы «жұм­сақ күші» саналады әрі өз тілі мен мә­­­­де­ниетінің, кейде білім жүйесінің та­ны­малдығын арттыру, өз мемлекетіне жа­ғымды имидж қалыптастыру мақсатында қыз­мет етеді. Оған қоса, бұл турист тар­туға, шетелдік студенттер санын өсіруге де қол­ғабыс. Айтпақшы, Monocle журналы 2018-2019 жылдары жүргізген сауалнама бойын­ша «жұмсақ күш» рейтингінде Фран­ция, Германия, Жапония, Канада және Швейцария көш бастап тұр екен. Жыл сайын Францияға 90 млн-ға жуық ту­рист келетіні бекер емес шығар. Джозеф Най ұсынған келесі термин – «ақылды күш». Бұл сөз болған «қатаң күш» пен «жұмсақ күштің» қосындысы. Аталған бағытта дипломатия, экономикалық ық­пал, қажет кезде ғана әскери қадамға жүгіну шаралары бар. Яғни, жағдайға байланысты қажетті ресурсты іске қосып, мақ­сатқа жету әдісі. «Ақылды күштің» мәнін АҚШ президенті Теодор Рузвельттің 1901 жылғы «Баяу сөйле және ұзын таяқ алып жүр» ұраны ашып тұрғандай. Най ақыл­ды күшті шағын елдер ұтымды пай­даланатынын атап өтеді. Мәселен, Қа­тар өз жерінде америкалық әскери ба­за салуға рұқсат беріп, «Әл-Жазира» те­леарнасын құрып, Таяу Шығыста түрлі топ­ты қаржыландырып, өз мақсатына жетіп отыр. Сондай-ақ 2017 жылы «өткір күш» тер­мині айналымға енді. Бұл басқа ел­дердегі қоғамдық пікір манипуляциясын қол­данып, ондағы саяси жүйенің шы­ты­науына ықпал ету әдісі. Терминді ұсын­ған Кристофер Уолкер мен Джессика Люд­виг­тің пікірінше, кейбір авторитарлы ел бас­шылығы демократиялық елдердегі БАҚ-ты пайдаланып, жалған ақпарат таратып, сөз бостандығын шектеп, әлемге өзі хақында жа­ғымды имидж қалыптастырады. Автор­лардың пікірінше, мұны «жұмсақ күшпен» шатастыруға болмайды. Аталған ұғымды сынағандар аз емес, алайда оны жоққа да шығаруға болмайды. Айталық, Ресей Russia Today, Sputnik сынды сайттар арқылы әлем­ге насихатын жүргізуден таяр емес. Қытай да бұл бағытта CCTV телеарнасын жиі қолданады. Түркия TRT World арнасын қол­дап тұр. Ол түсінікті де. Себебі бұған дейін жанжалдар туындағанда ғаламдық ақ­парат кеңістігінде Батыс елдері ірі ақпа­рат­тық ресурстармен дамушы елдерге ық­пал жасап отырды. Ресей, Түркия, Қытай ке­зекті жанжалда ақпараттық тұрғыда ұтыл­мау үшін әлемдік деңгейдегі өзіндік ме­диа ресустарды құрып, іске қоса баста-ды. Сонымен, «жұмсақ күш», «қатаң күш», «ақылды күш», «өткір күш» секілді ұғым­дар­ды жеке қарастырдық. Енді Қазақстан үшін мұның қайсысы қолайлы? Еліміздің Кон­ституциясы мен әскери доктринасына сай, біз бірінші болып «қатаң күшке» жүгін­бейтін мемлекетпіз. Жалпы, бұл бағыт қа­зақ ұлтының табиғатына да жат. Шоқпар алып жүгіретін біз емес. Алайда қорғаныс мақ­сатында армия толық қолданылуы мүм­кін. Оған қоса, Қазақстан «қатаң күш­ті» өзінің саяси мақсаттары үшін қол­да­на­тын әскери держава емес, өзгелерге эко­номикалық санкция салып, қысым көр­сететіндей қаржылық ресустарымыз да ша­малы. Сәйкесінше, бұл бағыт біз үшін ба­сым емес. «Жұмсақ күш» ХХІ ғасырда қажет-ақ. Ко­рей сериалдарының, әншілерінің та­ны­малдығы бұл елге үлкен қаражат әкелу­де. Тек қана танымал BTS тобы Корей эко­но­микасына 4,7 млрд доллар пайда тү­сір­ген. Ал Түркия өз сериалдарын әлем­нің 156 мемлекетіне сатып отыр. 2017 жылы 350 млн доллар табыс түссе, 2023 жылы бұл қаражат 1 млрд долларға жетуі мүмкін деген болжам бар. Мұндай мәдени өнімдер оның тұтынушыларына сол мем­лекеттер жайлы жағымды пікір қа­лып­тастырады. Оған қоса, бұл елге келетін ту­рист санын арттырады. Бұл бағыт Қа­­­зақстан үшін де маңызды, пайдалы. Бі­рақ жоғарыда келтірілген Британ кеңе­сі, Гете институты секілді жүздеген ұйым­ды әлемде ұстау үлкен шығын (мы­салы, қазақ тілі мен мәдениетін на­си­хаттайтын Абай институты). Бұдан бөлек, қазақ тілі ағылшын, испан, фран­цуз, қытай тілі секілді әлемдік тіл­дер қатарына жатпайды. Оны оқуға сұра­ныс төмен. Дегенмен әзірге бірнеше шет мемлекеттегі ірі кітапханаларда елші­лік­тің көмегімен Қазақстан бұрышы ашы­лып, онда еліміз жайлы кітаптар қойыл­ды. Жоқтан жақсы. Ал «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында қа­зақ қаламгерлерінің туындылары БҰҰ 6 тіліне аударылып, таратылды. АҚШ, Еуро­па, Азияда еліміздің өнер қай­рат­кер­лері концерт ұйымдастырады. Димаш Құдайбергеннің орны бөлек. Бұл да Қа­зақстанның қазіргі «жұмсақ күші». Алайда сыртқы саясатта оған құлай сену­ге болмас. Сын сағатта, жанжал ту­ған­д­а тіл, мәдениет, білім, туыс қаты­нас­тар көп көмегін тигізе қоймайды. Оны жерінен айырылған Грузия мен Ук­раина тәжірибесі дәлелдеп берді. Яғни, мем­лекеттің қауіпсіздігі, стратегиялық дамуы үшін саяси абырой, ықпал, эко­номикалық, көлік-логистикалық ресурс­тар, адам капиталы, гуманитарлық көмек, әсіресе армия мен заманауи әскери техни­ка да аса қажет. Тізбектелген жағдайлар Қа­зақстан үшін «ақылды күш» оңтайлы еке­нін көрсетіп тұр.  

 width=   Нұрмұхамед БАЙҒАРА