Смартфоныңызда «сатып алу» деген нүктені бассаңыз болды, қажетіңізді өтеуге қызмет жасайтын тұтас индустрияны іске қосасыз. Осыдан 5 жыл бұрын ғана қазақстандықтар ұшаққа билет алу үшін әуежайда не авиаагенттіктерде кезекке тұратын. Бүгінде Қазақстанда әуебилеттерінің 99 пайызы интернет арқылы сатылады.
3 миллионнан астам теміржол билетіне онлайн қол жеткізген. Бұл – 2017 жылғыдан 10,1%-ға көп.
Ұлттық экономика министрлігінің сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Айжан Бижанова ақпарат құралдарына хабарлағандай, Қазақстан жұртшылығы интернетте кітаптарды, киімді, тұрмыстық техниканы да белсенді сатып алады.
Интернет – кез келген адамның сауда-саттығы үшін шексіз нарықты ашады. Бұл – қазіргі ең қарқынды дамушы сала. Халықаралық сарапшылардың болжамдарына сәйкес, 2023 жылға қарай электронды коммерцияның әлемдік нарығы 2,8 триллион долларға дейін өседі. 2018 жылы оның көлемі 1,8 триллион долларды құрады.
Еліміздің бас экономисі Руслан Дәленов электронды коммерция дамуының негізгі трендтерін атады. Оның айтуынша, жақын болашақта біріншіден, дәстүрлі сауданы онлайн сауда ығыстырады. Екіншіден, «B2B» (бизнеске қызмет ететін бизнес түрлері) сегменті де онлайн-нарыққа белсенді түрде құлаш ұрады. Әзірге, ғаламтордағы сауданың негізгі үлесін «B2C» (сатып алушыға бағдарланған бизнес) еншілеуде.
Үшіншіден, интернет-сатып алулардың қолжетімділігі мен қолайлылығы сатып алушы үшін бәсекенің күшеюіне түрткі болмақ. Бұл IT технологиялардың өсуін және жасанды интеллекті енгізуді ынталандырады. Төртіншіден, сатып алушылардың алуан түрлі болуы интернеттегі тауарлар мен қызметтер ассортиментінің де кеңеюіне септеседі.
Электронды сауданың шексіз мүмкіндіктері дәстүрлі дүкендерді интернет жүйесіне жаппай көшуге итермелеп отыр. Мысалға, америкалықтардың біразы сауда орындарында киім-кешекті тек киіп көреді де, өздеріне ұнаған, бойларына шақ келген өнімдердің деректерін суретке түсіріп алып, ізінше оларды Amazon, Etsy, eBay және басқа да маркетплейстерден, электронды сауда алаңдарынан арзан бағаға сатып алатын болған. Бұл бірқатар сауда желілерін киімді шақтап көруді (примерка) ақылы етуге итермеледі. Әйтпесе, дәстүрлі дүкендер онлайн-дүкендердің зат сақтайтын қоймаларына айналып барады. Соңғы 2 жылда АҚШ-та 10 мыңнан астам дүкен жабылып қалды. Алдағы 5 жылда АҚШ-та сауда орталықтарының 20-25%-ның жабылуы күтілуде.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Қазақстанның экономикалық өсімінің үлкен әлеуеті электронды сауданы дамытуда жатыр. Себебі, біріншіден, оның арқасында тауар айналымы шетсіз-шексіз ұлғая береді. Өйткені дәстүрлі сауда орындарынан айырмашылығы сол, интернет дүкендер орынжай ауданымен шектелмейді, қаптатып сөрелер қою шығындарынан да азат. Әрі әлдебір тауар қуыста қалып, сатып алушылар көзінен тасада жатып, бүлініп, бұзылады деген қорқыныш та жоқ: клиент маркетплейста қалаған тауарының атауын іздеу жүйесіне енгізсе, тез тауып алады.
Екіншіден, қазақстандық тауар өндірушілер әлемнің кез келген жеріндегі кез келген нарыққа шығу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, адамдар төрткүл дүниенің кез келген түкпірінде отырып, Қазақстанда жасалған тауарларды алғыза алады. Үшіншіден, осы арқылы транзиттік әлеует іске жарап, елге табыс құйылады.
Бұл әрине, келешектегі көрініс. Ал қазіргі ахуал қандай? 2018 жылдың қорытындысы бойынша, республикада онлайн-сауда нарығының көлемі 1,5 есеге өсті және 269 миллиард теңгені құрады. Электронды сауданың елдегі жалпы сауда-саттықтағы үлесі 2,9%-ға теңелді.
Бүгінде 2,3 миллион қазақстандық ғаламторда белсенді сатып алады. 2025 жылға қарай бұл сан 15 миллионға жетеді деген болжам бар. Қазақстанда 1700-ден астам дербес интернет дүкен жұмыс істейді. Елімізде 1 миллионнан астам шағын және орта бизнестің тауарларын ұсынатын 20-ға жуық электронды сауда алаңы бар.
Бізде электронды коммерция нарығы құрылымының 68%-ын – тауарлар саудасы, 32%-ын қызмет көрсетулер құрайды. Интернет арқылы өткізілетін тауарлардың арасында құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, косметика, киім және аяқкиім үлкен сұранысқа ие. Ал көрсетілетін қызметтердің ішінде әуе және теміржол билеттерін сату, мәдени іс-шараларға билет алу, коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу танымал.
Сарапшылар ауылдың бұл саудадан тыс қалып отырғанына назар аудартады. Бұл ретте әлемде электронды сауданың айрықша қарқынды бағыттарының бірі – тамақ өнімдерін және ауыл шаруашылығы тауарларын сату болып отыр. 2023 жылға қарай дәл осы сегмент 2018 жылмен салыстырғанда, 64%-ға өсіп, оның көлемі 134,5 миллиард долларға барады. Ендеше, отандық ауыл шаруашылығының қандай табыстан және нарықтар құр қалып отырғанын бағамдауға болады.
Қазақстанда қапталған тамақ өнімдерінің электронды сауда көлемі 15,4 миллиард теңге болды және жалпы тауарлардың электронды саудасының 4 пайызы ғана соған тиесілі.
– Электронды саудада аумақтық шекаралар жоқ. Сондықтан біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін онлайн-сауда жаңа нарыққа шығуға, өзінің сатып алушысын қиядан іздеуге шексіз мүмкіндік береді. Интернет сауда ауылдық жерлердегі саудаға тың серпін беру үшін тамаша мүмкіндік ұсынады. Оның танымалдығының артуы транзитті дамыту әлеуетін де өркендетеді. Алдағы 5 жыл ішінде Қытайдан Еуропаға жіберілетін интернет-сәлемдемелер саны 6 есеге артып, 2025 жылға қарай 4 миллиард сәлемдемеге дейін жетеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдан Еуропаға 670 млн сәлемдеме тасымалданды. Оның небәрі 6 пайызы немесе 39,2 млн сәлемдемесі Қазақстан арқылы транзитпен өтті, – дейді Ұлттық экономика министрі.
Оның сендіруінше, қазіргі уақытта Қазақстанда Батыс пен Шығыс арасындағы осы алапат ағынды өз аумағы арқылы өткізуі үшін барлық инфрақұрылымдық және рәсімдік мүмкіндіктер бар көрінеді. Сондықтан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің арқасында осы транзит көлемін 2025 жылға қарай 864 миллион сәлемдемеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
– Бұл қазақстандық тасымалдаушы компаниялардың табысын былтырғы 132 млрд теңгеден алда 1 триллион 270 млрд теңгеге дейін жеткізуге жол ашады. Электронды коммерцияның өсуі сауданы және онымен байланысты салаларды өркендетуге, транзитке әсер етеді. 2025 жылға қарай бұл сала ЖІӨ-ні жыл сайын 1,1 пайызға ұлғайтып отыруы ықтимал. 2017 жылы «Цифрлы Қазақстан» мембағдарламасы бекітілді. Ол цифрлық технологиялар арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, – дейді Р.Дәленов.
Ғаламтордағы сауданы ынталандыру үшін ел Үкіметі ұлттық заңнаманы өзгертуге барды. 2019 жылғы 2 сәуірде «Кейбір заңнамалық актілерге бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістермен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Ол электронды сауданы одан ары өркендетуге бағытталған жүйелі шаралардан тұрады.
Нақтылай кетсек, Қазақстанда заңнамалық деңгейде «электронды коммерция» ұғымы бекітілді. Өйткені «электронды коммерция» ұғымы «сауда» түсінігінен әлдеқайда кең және ол тек тауарлар сатуды ғана емес, қызметтер көрсетуді де қамтиды.
Ұлттық экономика министрлігі департамент директоры Айжан Бижанованың түсіндіруінше, пошталық құжаттар енді декларация есебінде танылады. Демек, заңды және жеке тұлғаларға экспортқа бағыттайтын тауарларын жеке декларациялаудың қажеттілігі болмайды: сәлемдемені рәсімдеп, дүниежүзіндегі кез келген елге өз тауарын пошта арқылы жолдаса, жеткілікті.
Логистикалық жеткізілім арналарын өрістету үшін осы заң «фулфилмент орталықтарының», яғни логистикалық хабтар мен сұрыптау орталықтарының жұмыс жасауын заңдастырды. Өз өнімін электронды сауда арқылы жер-жаһанға сатқысы келетін кез келген отандық кәсіпкер, тауар өндіруші мұндай орталықтарда тауарды қабылдап, сақтаудан бастап, түсетін тапсырыстарды өңдеу, сатып алынған тауарды жинақтау және қаптау, түпкі тұтынушысына жеткізу, ол үшін ақысын алу, кері қайтарылған тауарды қабылдау секілді қызметтердің бүкіл түрін пайдалана алады.
Нәтижесінде, бизнесменнің әлемнің әр бұрышындағы клиентіне тауарын жеткізудің мерзімі елеулі түрде кемиді, оның көлік шығындары азаяды. Ол жеке курьерлік пошталармен, интернет дүкендермен және электронды алаңдармен бірге логистикалық үдерістер аутсорсингін түзе алады. Сөйтіп, кәсіпкерліктің бизнес жүргізуі жеңілдейді.
Заңнама бүгінде электронды коммерция тұтынушыларының мүдделерін де дәстүрлі саудадағымен тең дәрежеде қорғайды. Мәселен, онлайн сатып алынған тауарларды 14 күн ішінде кері қайтару мүмкіндігі бекітілді.
Үкімет онлайн-сауданы ынталандыру үшін 2023 жылға дейін салық жеңілдіктерін (корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын 100%-ға төмендетуді) қарастыруда. Бұл жеңілдіктерді алу үшін бизнес нысандарынан 509 өтініш түскен екен.
Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, 2025 жылы елімізде электронды сауданың бөлшек саудадағы үлесі 24%-ға жетуге тиіс. Бірақ осы салаға ауыл қосылмай, көрсеткіш көркейе қоймайды.
–Біздің министрлік ауылды кеңжолақты интернетке қосу бойынша жобаларды жүзеге асырып жатыр, оның ішінде, байланыстың талшықты-оптикалық технологиялары мен LTE және спутниктік технологиялар қолданылады. Қажетті телекоммуникациялық инфрақұрылымды құру нәтижесінде 2022 жылы ауылдық елдімекендердің 100 пайызы кеңжолақты интернетпен қамтылады», – деп сендірді А.Жұмағалиев.
Қалай болғанда, қазақ ауылы да жаһандық желідегі ұлы базарға шығып, бағын сынайтын заман жақын қалғандай.