Назарбаев университеті Қазақ тілі және түркітану департаменті мен Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі Қазақстанның жоғары оқу орындары мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі оқытушыларына арналған семинар-тренинг өткізді.
Аталған шараның мақсаты – қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында қазақстандық және шетелдік мамандардың өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету, интеграциялық жолмен жаңа оқыту технологияларын меңгеру. Қазір қазақ тілін заманауи әдіспен оқыту мәселесі қолға алынып жатыр. Бұл білім алушылардың қазақ тілін еркін әрі тез меңгеруіне ықпал етеді. Мәселен, аталған семинар-тренингте тіл мамандары «Қазақ тілін оқытудың креативті жолдары: кино-коучинг, брендинг, аффирмация», «Қазақ тілін музыка арқылы оқыту», «Тілді формативті негізде дамыту үшін Google Drive пен Peergrade бағдарламаларын қолдану», «EdTech арқылы тілді оқыту құралдарын жетілдіру» атты тың тақырыптарда дәріс оқыды.
Қазақ тілі оқытушыларының өзара тәжірибе-пікір алмасып, халықаралық тәжірибелермен бөлісу мақсатында өткізілген шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.
«Бұл халықаралық семинар-тренинг болғандықтан, еліміздің жоғары оқу орындарында қазақ тілін үйрету, оқыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, тәжірибе алмасамыз. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі мамандарды шақырып, әлемде тіл оқыту бағдарламалары қалай жүргізіліп жатқанын, қандай жаңа технологиялар қолданыста екенін, қазақ тілін оқытуда қандай әдістеме керек екенін негізге ала отырып, жұмыс істейміз. Алғашында жоғары оқу орындарының оқытушыларымен ғана жұмыс істейміз деп ойлаған едік. Сұраныс көп болғандықтан, мектеп мұғалімдері де қатарымызға қосылып отыр.
Семинар-тренингте Назарбаев университетімен қоса, КИМЭП, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің мамандары дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісті. Көп жоғары оқу орындарын қарасаңыз, қазақ тілін негізгі мамандық ретінде емес, қолданыстағы ғылым тілі ретінде бағалайды. Мысалы, Назарбаев университетінде қазақ тіліне қатысты мамандық жоқ. Алайда біз барлық мамандықпен жұмыс істейтін департаментпіз. Қазақ тілін әдістемелік тұрғыда ғана емес, сонымен бірге, тіліміздің ғылыми өрісін кеңейтуге де басымдық беріп отырмыз. Осы орайда еліміздегі және шетелдік мамандармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз» – дейді Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігінің президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Эльмира Нұрланқызы.
Семинар-тренингке еліміздің әр өңірінен келген оқытушылардың алған әсері ерекше. Білім қорын молайтып, жаңа әдістерді меңгерген оқытушылар жаңа оқу жылына жаңа қарқынмен аяқ баспақ.
«Жиындардан байқайтыным, оқытушылар көбіне теорияға баса мән беріп кетеді. Әрине, ғылыммен айналысқан адамға өз саласы туралы айтқан жеңіл. Алайда ол практикалық тұрғыда қалай жүзеге асады? Адамға қандай пайдалы жағы бар? Бір жарым сағат бойы біреудің ғылыми жұмысын тыңдап отырған маған оның қандай көмегі, пайдасы тиеді? Демек, теория практикалық тұрғыда жүзеге аспаса, оның қажеті жоқ. Уақытты өлтірдіңіз деген сөз.
Біздегі тренерлердің ұнайтын тұсы – теорияны қалай практикаға айналдыру керегіне, іс жүзінде қолдануға үйрететіні. Қазір қазақ тілін креативті жолмен үйрету қолға алынып жатыр. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде сөйлесе, аспанға көтереміз. Шетелде ол таңсық нәрсе емес. Жақсы үйреніпсің, тамаша деп айтады, болды. Біз де тілімізді жан-жақты, заман талабына сай дамытуымыз керек», – дейді М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университеті Қазақ және орыс тілдері департаментінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ажар Зекенова.
Еске сала кетейік, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай, Назарбаев университетінде өткізілген «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты халықаралық симпозиум жұмысы нәтижесінде құрылған Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі мемлекеттік емес қоғамдық ұйым. Бірлестіктің мақсаты – қазақ тілі мәселелерінің ғылыми-теориялық, педагогикалық қорын нығайту және тарату, әлемдегі тілдік білім берудің үздік тәжірибелерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ