Қазақ тілі ХХІ ғасырдағы ақпараттық технологиялар көшіне ілесіп, дамып келеді.
Бүгінде әлеуметтік желілерді екінің бірі пайдаланады десек, артық айтқандық емес. Елдімекендерде интернет қолжетімді. Желі пайдаланушылары хат алмасады, ой-пікірлерімен бөліседі. Ақпараттық сайттардың қатары да күн өткен сайын көбейіп, арта түсуде. Мұның бәрі, әрине, жақсы. Бірақ тіліміздің тазалығын да ұмытпауымыз керек. Өйткені бұл – ең басты талап болуы тиіс.
Ғаламтор жүйесі өмірімізге енбей тұрған кезге дейін жарық көріп жатқан кітап, баспа өнімдері редактор, корректор мамандарының қырағы көзінен өтетін. Ол тіл тазалығының сақталуына айтарлықтай әсер ететін. Әрбір сөздің өз орнында тұруы, грамматикалық, стилистикалық талаптарға сай келуі маңызды екені айтпасақ та түсінікті. Әлеуметтік желілердегі жеке жазбаларға редакторлық, корректорлық сүзгіден өтпейтіні белгілі. Бұл тікелей әр адамның сөзге деген өз талғамына байланысты. Шынтуайтына келгенде, желіні пайдаланушылардың тілді пайдалану мәдениеті де сан қилы.
Мұндайда тілге деген жауапсыздық та қылаң бермей тұрмайды. Бүгінгі мақаламызда осы мәселе төңірегінде ой қозғап көрсек.
Қазақ тілінің, яғни ана тіліміздің мәртебесін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу және жазу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту және қатесіз жазу. Технологияның өркендеген зaмaнындa әлеуметтік желілердің тіл мәдениетін дaмытудағы әсері қaзaқ тіл білімінде жaн-жaқты зерттелуі тиіс. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні әлеуметтік желілер ғаламтор тұтынушыларының ажырамас сенімді серігіне айналып үлгерді. Сан түрлі тақырыпты қозғау үшін де, әртүрлі заттарға жарнама жасау үшін де, тіпті толғандырған мәселе жөнінде көпшіліктің ойын білу мақсатында көпшілік осы желілердің көмегіне жүгінеді. Еліміздегі ең белсенді әрі кең тараған «Вконтакте», Instagram, Facebook, Twitter, WhatsApp-ты пайдаланушылардың көбейгені – соның бір дәлелі.
Белгілі тілші-ғалым Мәулен Балақаев: «Анa тілін жaқсы білу – әркімнің aзaматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсaй біліп, aйтқaн ойы мaзмұнды, нысaнaға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдaушысын бaурап aлaрдaй әсерлі болсa, aнa тілінің құдіреті сондa анық сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт» деген екен. Осы сөзге ден қойсақ, академиктің бұл пікірі, әрине, ауызша және жазбаша сөз қолданушыларға да тікелей қатысы бар.
Ғаламтор желілеріндегі грамматикалық қателіктер де көзге жиі ұшырасатын болып жүр. Сақтанбасақ, тілге деген салғырттық, немқұрайлық осындайдан басталады. Желілерде пікір алмасқан азаматтар осыдан біраз жылдар бұрын бір-бірінің қате жазуларына ескерту жасап, түзету туралы ұсыныстарын білдіретін еді. Қазір мұндайды көп кездестіре бермейсіз. Сірә, қателіктерге көз жұма қарауға бой үйретіп алғандаймыз. Ал сонда тіліміздің тазалығын, мөлдірлігін келесі ұрпақтарға қалай жеткізбекпіз? Ойланатын мәселе аз емес.
Бүгінде ғаламтор қолданушы жастардың қолданып жүрген сөздеріне назар аударсақ, ол былайша өріледі (жақша ішінде мағынасын қоса келтіреміз): «батан» (оқымысты), «тормозы ұстау», «зависать ету» (бөгеліп қалу), «базар жоқ» (таңғалғанда айтылатын сөз, келіскенді білдіру), «құлаққа лапша ілу», «құлақтан тебу» (өтірік айту), «маяк тастау», «скидовать ету» (қысқa қоңырау) «крышасы бар адам» (қолдау көрсететін адамы бар), «көзбен ату» (қадала қарау), «потеря болу» (қобалжу), «сущняк» (сусын), «қораға кіру» (тығырыққа тірелу), «лақтырып кетті», «отырғызып кетті», «қоянның суретін салып кетті» (алдап кетті) және т.б. Осы сарындағы жаргон сөздерді әлеуметтік желілерден де жиі кездестіреміз. Сондай-ақ бұл қатарға: «лайк басып тұр», «онлайн эфирге шық», «игнорға тығып таста», «блокқа түсіп қалмасын», «видеозвонок жаса», «қанша подписчигі бар?», «поделиться етші» және т.б. сөздерді қосуымызға болады. Осындай тілбұзар сөздер саф алтындай таза тілімізге өзінің нұқсанын келтіреді. Тіпті бұлар қазіргі жастар арасында «тұрақты сөз тіркестеріне» айналып кетті десек, артық айтпағандығымыз.
Мәселен, әлі күнге дейін әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөйлемдермен қалайша күресуге болады? Бір қарағанда мүмкін емес тәрізді. Десек те, қолдан келер амалдарды жасап көргеніміз жөн. Бұл орайда «Сауатты жазайық», «Тіл тазалығын сақтайық» деп бастама көтеріп жүрген жанашыр азаматтар жоқ емес. Осы бағыттағы шараларды көбейтуге мән беруіміз қажет. Оқушылармен, студент жастардың арасында насихат жұмыстарын өткізіп, тіл мәдениетін көтеруді насихаттап отырғанымыз дұрыс.
Сонда түрлі гаджеттерден, планшет пен смартфондардан әріптерді теріп отыруды қиынсынатын, хат жазу кезінде, жазба жазған уақытта қарапайым қателіктерді көп жіберетін желі қолданушылар да азаяр еді. Ал қазір ондайлар үшін әлеуметтік желілердегі ойды толықтырып жеткізу, сөйлемдердің шұбалаңқылығы тәрізді мәселелер қалыпты жағдайға айналғаны өкінішті.
Ауызекі сөйлеу тілінің элементтері саналатын жаргон, диалектизм, варваризмдер де жиі ұшырасады. Белгілі бір әлеуметтік немесе қызығушылығы ортақ топтардың басқаларға түсініксіз, құпия мағынада сөйлесуі сәнге айналған заманда жаргон сөздердің қолданыс аясы да кеңейіп келе жатқанын байқау қиын емес. Мысалы, мамбет (артта қалған адам), гламурно (сәнді) тәрізді сөздер, шоу-бизнес, жарнама, тауар және қызмет көрсету салаларында көптеп кездеседі. Мысалы: «Вооообще жок ко!», «Ол супермен ғой!», «Гламурно все таки, ия», «Мен саган звооондаган едим жоксин гой», «Конешно мен ренжимин саган», «Ойланшы осыган дурыстап» секілді сөздерде қандай мән-мағына бар? Біріншіден, сауатсыз, көрер көзге дөрекі, естір құлаққа түрпідей тиеді.
Тағы да бір мысал келтіре кетейік: «Бүгін боласың ба? Болам. Колбағымды акелдін бе? Ұмытыппын……кешірші ааааааааааа…..» деп жазыпты бір желі қолданушы.
Иә, расымен әлеуметтік желіде осы тектес жазбалар самсап тұр. Желі пайдаланушыларының жазбаларын оқып отырып, қазақша сауатты жаза алмайтын адамдарға шара қолданар ма еді дейсің. Бұл түптеп келгенде тілімізді мазақ ету ғой. Оған жол бермеуіміз керек. Бәлкім, заң арқылы реттеген жөн шығар. Арнайы нормалар қабылдасақ, қазақша қате, тілді бұзып жазатындар қатары азаяр еді.
Жалпы сөйлеу тілінде боп (болып), кеп (келіп), бересашы (бересалшы), кеші (келші) тәрізді дыбыстық құрамы жағынан қысқарған бірліктер де қолданылады. Бір байқағанымыз көптеген адамдар -да, -де, -та, -те шылауларының жазылу формасын білмейді. Қай жерде бірге, қай жерде бөлек жазылатынына мән беріп жатқан олар жоқ. Әйтеуір айтайын деген ойын жеткізсе болды. Фейсбук желісіндегі жазбаларды оқып отырып кейбір адамдардың сауатсыздығына қарап, іштей қынжыласың. Аталған желі қолданушылары «Менде сені жақсы көремін», «Сендеде жоқ қой ол», «Бізгеде айта салшы», «Сендерменде, оларменде бармаймын» тәрізді қарапайым сөздерді сауатты жаза да алмайды. Күндіз-түні әлеуметтік желіде отыратындар мұндай нәрсеге мән бермей ме, әлде мұның өзге себебі бар ма, әйтеуір, жазбаларына қарасаң көңілің құлазиды. Бұл тілге деген немқұрайлылық емей, немене?
Зиялы қауым өкілдерін алаңдатып отырған тағы бір мәселе – әлеуметтік желіде қазақ тілінің қ, ғ, ң, ә, і, ү, ұ, ө тәрізді төл әріптерінің сирек қолданылуы. Көпшілік адамдардың ұялы байланыс телефондарында, планшеттерінде қазақша қаріптер жоқ. Бірақ ғаламтордан ұялы телефондарға арналған арнайы бағдарламаны жазып алуға болады. Өкініштісі, көпшілігі оны жазып алуға қиынсынады. Ал компьютермен желіде отыратын адамдар көп жағдайда қазақ әріптерін орыс қаріптерінде бар таңбалармен алмастырып немесе латын қаріптеріндегі таңбалармен жазады. Мысалы, «салем», «калайсын?», «озин?», «не жаналык?», «нестеп жатсын?», «жаксы», «кайдасын?» деп жазу үйреншікті жағдайға айналғалы қашан?! Бұл салғырттық па, әлде сауатсыздық па?
Жаргондардан бөлек жастардың әрбір сөзінен орыс тілінің компоненттерін де байқауға болады. Мысалы, копировать ету – көшіру, сохранить ете сал – сақтап қой, удалить ет – өшір, комнатамдамын – бөлмемдемін. Орыс тіліне еліктеп, сөздерді қос тілде араластырып айтатындар да, жазатындар да көп арамызда. Өз туған тілінде жарытып сөйлемей, өзгенің тіліне жармасқандарға не дерсің?
Әлеуметтік желіде сөйлеу тіліне жақын құрылымдар көп қолданылады, яғни сөздің тұлғасын өзгертіп кең жазу да етек алып барады. Біріншіден, жіктік жалғауды түсіріп жазу: отырм – отырмын, ұйктайм – ұйықтаймын, билмейм – білмеймін, егер сөз жалпыға түсінікті болса, дауысты дыбыстарды түсіріп жазу: кдрп – қыдырып, мсқ – мысық, сөзді жөнсіз қысқартып қолдану: раха – рахмет, см – сәлем, сб – сау бол, қс – қалайсың, инет – интернет және т.б. Сонымен қатар, сөзді орфоэпиялық норма бойынша таңбалауда: не істеватсын (не істеп жатырсың?), барат (барады), келет (келеді), бошы (болшы) деген сөздер қолданылса, кейбір жазбалардан тыныс белгілерді мүлдем таба алмайсың. Ал енді бірі сөйлемнің басын, адамның атын үлкен әріппен жазу деген ережені мүлдем ұмытқан. Міне, осындай жағдайлардан кейін тілдік нормалар қалай сақталсын?! Ғаламтордағы тіл сауатсыздығы күнделікті өмірде де белең ала бастады. Түрлі хаттамаларды, құжаттарды толтыру кезінде сауатсыз жазу дағдыға айналды.
Кейбір мамандардың айтуынша, ғаламтордағы қарым-қатынас тіліндегі біз атап өткен қателіктердің орын алуы заңдылық екен. Ғаламтор тілі – тез әрі ауызекі тілдесуге қолайлы тіл. Оның басты ерекшелігі де осында. Чаттағы орфографиялық және пунктуациялық қателер, ауызекі тіл элементтері, сөйлемдердің қысқаруы, сөздердің орын алмасуының барлығы ғаламтор коммуникацияға тән сипат. Форум, блог, электронды хат түріндегі ақпарат жеткізу түрінде жоғарыда аталған құбылыстың орны ерекше.
Желілер қарым-қатынасында орфография ережелерінің бұзылуы белгілі бір норманың бұзылуы болып саналмайды. Немесе сұхбаттасушысына қатысты құрметтемеушілік, сыйламаушылық боп есептелмейді, – дейтіндер де бар.
Кім не десе де, сауатсыздық – қоғамдағы ең өзекті, ерекше назар аударар түйткілді мәселе. Ғаламтордағы тілбұзарлықтың алдын алу үшін не істеу керек? Бір сөзбен айтқанда, аталған түйткілді мәселелерге бас ауыртып жатқандар шамалы. Қазақ тілінің мерейін арттырып, абыройын асқақтататын жастардың сөйлеу мәнері жоғарыдағыдай болса, тіл тазалығын қалай сақтаймыз?
Әлеуметтік желілердегі сөз мәдениетін сақтау үшін елімізде ең алдымен:
1. Ақпараттық мәдениет жайында қажетті мәліметтер, жұмыстар жүргізіліп, кеңінен насихатталса;
2. Адамдар бір-біріне қарап түзеледі, сондықтан жастарға үлгі болатын қоғам белсенділері жарнамадан бөлек, сөз мәдениетіне қатысты игі істерді атқаруға атсалысса, сөз қателеріне қатысты түрлі танымдық мақалалар жарияласа;
3. Тілдің қолданылуы, оның маңызы жөнінде әлеуметтік желілерде талқыланып, тіл тазалығы, сауатты жазуға үндеген жарнамалар, жастардың патриоттық сезімін арттыратын ақпараттар мен суреттер жиі берілсе;
4. Кез келген әлеуметтік желіні пайдаланушы тұлға тіл мәселесіне бей-жай қарамай, сауатты жазуға талпынса, ықылас танытса виртуалды әлемдегі сөз мәдениеті түзелері анық.
Қорыта айтқанда, жаңа заман жастарын әлеуметтік желісіз елестету қиын-ақ, десек те Ахмет Байтұрсынов айтқандай «тіл тазалығын сақтау – бейпіл, жаргон сөздерді пайдаланбау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады». Бұл жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматты толғандыруы керек деп ойлаймын.
Асылбек ЕСЖАН, қала тұрғыны:
– Маған қазақша қаріптермен жазу ыңғайлы. Ал желідегі достарым тек қазақша қаріптермен жазады деп айта алмаймын. Көбі сауатты жазуға мән бермейді. Олардың арасында латын әріптерін қолданатындар да бар. Мен кейде сөздерді ауызекі тілде жаза саламын. Сол кезде сөйлесуші тараптың әрбір қатемді жөндеп отыратыны ұнамайды. Қазіргі заманда сауатсыз адам бола қоймас, нақтылап жазып отыруға ерінетін адамдар көп. Бастысы, әрқайсымызда телефонда қазақша қаріптердің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, сауаттылық деңгейін арттыру қазіргі жастардың қолында.
Айнагүл КЕМАЛИЕВА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Ғаламтордағы тіл сауатсыздығы туралы сөз қозғар болсақ, алдымен, тіл шұбарлығы еске түседі. Тәуелсіздік алып, ана тіліміздің мәртебесі өз қолымызға тигенімен, тілімізге орнығып қалған кейбір аралас сөздерден әлі арыла алмай келеміз. Екінші қателік – қазақ қарпін пайдалана білмеу. Қазақ әліпбиіндегі тоғыз әріп әлі күнге өз орнында жұмсалмайды. «Қ»-ның орнына «к», «ә»-нің орнына «а», «ө»-нің орнына «о», «ң»-ның орнына «н» әріптерін жазу жастардың үйреншікті дағдысына айналып кеткен. Нәтижесінде, сөздердің ақсауына жол береміз. Сондай-ақ кейбір сөздерді жөнсіз қысқартып жазу (ол да өзге тілде). Мысалы спс (рақмет), ок (жарайды, сізбен келісемін), т.с.с. сөздер жазба мәдениетімізге нұқсан келтіруде. Тағы бір үлкен мәселе – тыныс белгілерін орынсыз қолдану немесе мүлдем қолданбау – сөйлемдердің синтаксистік құрылымындағы қателіктерге жол беріп жатады. Менің ойымша, жастардың әлеуметтік желіні пайдаланудағы ескермейтін нәрсесі – ауызекі тіл мен жазба тілдің айырмашылығын ажырата алмауында. Ауызекі сөйлеу тіліндегі фонетикалық-грамматикалық қолданыстар, жазба тілде сол күйде қолданыста жүреді. Бұл жазба тіл мәдениетінің сақталмауына себепші болады.